Алматыдағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған республикалық мектеп-интернат – қазақ тілі мен әдебиеті пәнін тұтас тереңдете оқытатын еліміздегі жалғыз білім мекемесі. Қазақ мәдениеті үшін орны ерекше мектептің құрылғанына 55 жыл толды. Осы айтулы мерейтойға орай, білім шаңырағында қазақтың бас ақыны, ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды.
Бұл білім мекемесі алғашында малшы қауымның балаларына арналған мектеп-интернаты болып ашылған болатын. Кейін Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеулер институтының эксперименттік базасы ретінде жұмыс істеп, 1989 жылы жаңа оқу жылынан бастап қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты ретінде жұмысын жалғастырды. 2006 жылы ұлтымыздың рухани мақтанышы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы – данышпан Абайдың туғанына 160 жыл толуына орай, Үкіметтің қаулысымен бұл мектепке Абай есімі беріліп, «Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты» мемлекеттік мекемесі атанды. Бұл киелі қара шаңырақтан талай дарын: елге танылған ғалымдар мен ақын-жазушылар, белгілі саясаткерлер мен күміс көмей әншілер, қаламы ұшқыр журналистер тәрбиеленіп, түлеп ұшты. Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев, қазақтың батыр ұлы, генерал, кезінде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған, бүгінде осы комитетке қарасты академияның басшысы болып отырған Әділ Шаяхметов, мемлекет қайраткері, Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев, Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Дархан Қыдырәлиев, кәусар жырымен халық жүрегінен ойып тұрып орын алған атақты композитор Кеңес Дүйсекеев, әнімен баршаны тамсандырған Бейбіт Қорған, Тоқтар Серіков, Тамара Асар, Ақбота Керімбековалар осы киелі мектептен білім алып сусындаған. Сонымен қатар бұл – бір топ журналистің ұшқан ұясы. Атап айтқанда, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, кеден қызметінің полковнигі Бекен Нұрахметов, «Алаш айнасы» газеті Астана бюросының жетекшісі Айбын Шағалақов, айтыскер ақын Серік Қалиев, «Хабар» арнасының басшысы Айдос Үкібай, Нұрлан Оқаұлы, Гүлмира Әбіқай, Данияр Меңілбеков, Қанат Құдайбергенов, Думан Тастекеев, Нұрділдә Ораз, Азамат Есалы, Мейрамгүл Мәдәлілер – осы мектептің түлектері.
Орынша ҚАРАБАЛИНА, педагог, ардагер ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі:
– Біріншіден, біздің мектептен түлеп ұшқан балалар зиялы қауымның санын көбейтті, сапасын арттырды. Олар өз білімімен, өз күш-қайратымен жоғары көтерілді. Біз оларға білім беріп қана қоймай, еңбекқорлыққа, ынтымаққа, бауырмалдыққа тәрбиеледік. Ой-пікірін ашық жеткізуді, еркін сөйлеуді, қоғамдық шараларды жауапкершілікпен атқаруды үйреттік. Адалдыққа, елжандылыққа, адамгершілікке, игілікті істерге, шыдамдылыққа баулыдық. Балалардың ой-өрісін кеңейту үшін өнер қайраткерлерін, ғалымдарды, ақын-жазушыларды мектепке шақырып, кездесулер ұйымдастыратынбыз. Қазақстанның Халық жазушысы, марқұм Әзілхан Нұршайықов оқушылармен кездескен кезде: «Мен мұнда көлікпен келіп, енді ұшақпен кетіп бара жатқандай күй кешіп отырмын. Өйткені балалардың шығармашылығы, ой-өрісі мені қанаттандырып, аспанға ұшырды», – дегені бар. Қазір біздің оқушыларымыз, ең бастысы, Адам болды. Өз талап-жігерлерімен биікке көтерілді. Бүгінде біздің түлектер билік органдарында, Парламентте, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, әкімдікте, бизнес саласында, өнерде, бүкіл телеарна мен газет-журналдарда жүр. Оның үстіне, бізбен әлі күнге дейін хабарласып, хал-жағдайымызды сұрап тұрады. Бұдан артық не керек?! Мен шәкірттерім үшін мақтанамын. Бұл дүниеде ұстаз үшін шәкіртінің биікте жүргенінен және өзіне ұстаз ретінде құрметпен қарағанынан артық мәртебе жоқ деп есептеймін. Қазір де бұл мектеп өз биігінен төмендеген жоқ. Небір болашақ дарындар тәрбиеленіп жатыр. Ең бастысы, бұл мектепте Абайша ойлайтын, Абайша толғанатын жасөспірімдер білім алуда. Амандық болса, келешекте олар да еліміздің мақтанышына айналатыны сөзсіз.
Мектептің 55 жылдық мерейтойына мұнда 1957 жылдан осы уақытқа дейін білім алған түлектердің көбі жиналып, мәре-сәре болысты. Мектепте ұлы ақын ескерткішінің бой көтеруіне Әділ Шаяхметов тікелей қаржылық қолдау көрсеткен екен. Өзге түлектер де білім нәрімен сусындаған алтын ұя мектептеріне мүмкіндігінше көмек көрсетуде.
Қанат ҚҰДАЙБЕРГЕН, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ қызметкері, «Түлектер» қоғамдық қорының директоры, мектептің 1996 жылғы түлегі:
– Бұл – ерекше мектеп. Сонау орыстандыру саясаты кезінде Алматыда қалған санаулы қазақ мектептерінің бірі болған және Тәуелсіздік алғанда қазақ тілін тереңдетіп оқытқан, талай дарындар мен қоғам қайраткерлерін, журналистерді тәрбиелеп шығарған үлкен білім ордасы болып табылады. Мектептің 55 жылдық мерейтойы қарсаңында осы оқу орнына жан-жақты қолдау көрсету мақсатында «Түлектер» деген қоғамдық қор құрып отырмыз. Бұл қордың негізгі мақсаты – мектепке түлектер атынан қолдау көрсету, осында оқып жатқан жағдайы нашар оқушыларға көмек беріп, жалпы, балалардың қалааралық, республикалық, халықаралық олимпиадаларға қатысуына мүмкіншілік жасау, мектептің материалдық-техникалық базасын жақсарту.
Мекебай БҰЗАУБЕК, Алматы қаласы Түрксіб аудандық білім бөлімінің бастығы, мектептің 1967 жылғы түлегі:
– Әр адамның ата-ана, жора-жолдас және ұстаз алдындағы өзінің қарызы мен парызы болады. Мұны әркім әрқалай түсінеді. Мен әрдайым өзіме әке орнына – әке, шеше орнына шеше болған ұстаздарымның еңбегін ерекше бағалаймын және сол үшін басымды иемін. Білім негізін үйреткен мұғалімдеріме барша шәкірттер атынан алғыс-рақметімді айтамын. Ал балаларға тілейтінім: тек бақыт, зор денсаулық, білім шыңына талмай шыға беруіне тілектеспін!
Мектеп директоры Мұхтар Ботабайұлының айтуынша, қазір білім алып жатқан балалардың дені жыл сайынғы өтетін республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Ұлағатты ұстаздардың тәрбиесі, еңбектерінің нәтижесі 2008 жылы бұл білім ордасын «Жыл мектебі» атандырды.
Мұхтар ИБРАИМОВ, Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған орта мектеп-интернаттың директоры:
– Абай мектебінде Абай ескерткішінің ашылуы – біз үшін үлкен қуаныш. Осының барлығын бұрынғы мектеп бітірген түлектер ұйымдастырып отыр. Бұл келешек өскіндерге үлкен тәрбиелік мәні зор іс деп есептеймін. Алдағы уақытта біз осы жылдар аралығында мектепте кімдер дәріс берді, кімдер түлеп ұшты, олар қандай қызметтерде еңбек етіп келеді – осының барлығын кітап етіп шығаратын боламыз. Бұл мектепте талай мықтылар сабақ берген. Білім ордасында қаншама мыңдаған шәкірттің шырағын жағып, өмір жолында айтарлықтай із қалдырған, есімі республикаға белгілі қаламгер, ұстаз Орынша Қарабалина дәріс берген. Осында 77 жасқа толғанша талмай еңбек етті. Қазір мектепте ол кісінің орны ойсырап тұр. Дегенмен мұнда қандай да бір іс-шара өтетін болса, ол кісіні міндетті түрде шақырып, шәкірттерімен жүздестіріп қаламыз. Себебі ол кісінің көргені де, айтары да көп. Білікті педагог, тұнып тұрған энциклопедия десек те болады. Сондықтан біз осындай кісілермен мақтанамыз.
Шара Студенттер сарайында өткен «Түлектер тартуы» атты шығармашылық кешке ұласты. Білім мекемесінен түлеп ұшқан эстрада әншілері мен мектеп оқушылары көрермендерді ән мен биге бөледі. Ақындар айтысы ұйымдастырылды. Мектеп оқушыларының Абай өлеңдерін жатқа оқуы қуантады. Бұл мектептен келешекте әлі талай Абай мен Мұхтарлардың шығатынын сезгендей болдық.