Кешігіп жеткен құрмет
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ақтөбе өңірінен 35 Батыр шықты деп жүрміз. Ал 36-ыншы Батыр Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанымен, «Алтын Жұлдызды» кеудесіне таға алмай, жоғары награда келеді деп күтумен өмірден өткен екен. Әкесінің Батыр екенін балалары жуырда ғана білді.
Әлеукеш Көбеков балаларына соғыс аяқталар кездегі бір батырлығы үшін ең жоғарғы атаққа ұсынылғанын, бірақ алып үлгере алмағанын айтатын да, қайтып қозғамайтын. Бірақ өмір бойы сол награданы артымнан келер деп күтумен 1974 жылы өмірден өткен екен. Арада осынша уақыт өте келе оның қызы Сәлима Қорғанбаева наградталғандар тізімінен әкесінің аты-жөнін тапты. Наградаға ұсынған полк командирі подполковник Бахалдин сол кездегі жоғарғы қолбасшы атына жіберген жазбасында былай деп жазыпты:
«...в боях в районе д. Лапичи Минской области 30 июня 1944 года батарея заняла без пехоты плацдарм на левом берегу р. Свислочь. В тяжелую минуту для орудия он поднес боеприпасы и немедленно заменил убитого наводчика, открыл огонь по танкам противника, подбив при этом два танка.
А когда орудие вышло из строя от снаряда противника, он с оставшимся в живых одним орудийным номером из личного оружия и гранатами отразил несколько контратак немцев, наседавших на орудие. Из своего автомата и гранатами он лично уничтожил 17 гитлеровцев.
Товарищ Кубеков достоин высшей Правительственной награды – присвоения звания «ГЕРОЯ СОВЕТСКОГО СОЮЗА».
Командир 280-гвардейской истр. прот. арт. полка.
Гвардии полковник Железников. 10 июля 1944 года.
– Әкем «сол ұрыстан кейін қасымдағы орысқа Батыр атағын, маған «Қызыл ту» орденін берген еді. Бірақ командирім Батыр атағына сені де ұсындым, артыңнан барады деді» деп анда-санда айтып отыратын. Кеңес үкіметі кезінде сол Батыр атанған орыс Орынборданба, Челябинскіден бе «Победа» деген көлігімен әкемді іздеп те келген екен. Өкінішке қарай аты-жөнін де білмейміз,– дейді батырдың қызы Сәлима Қорғанбаева.
Әлеукеш Қорғанбекұлы Көбеков 1923 жылы дүниеге келген. 1942 жылы Ырғыз аудандық соғыс комиссариаты арқылы әскер қатарына алынып, Беларусь майданындағы ұрысқа қатысқан. Гвардия ефрейторы Әлеукеш Қорғанбекұлы туралы әскери жазбаларда мынадай жолдар бар: «Тов. Кубеков, работая старшим телефонистом батареи, в боях на западном берегу р. Одер и на улице Берлина проявил смелость, находчивость и отвагу. 15.04.1945 г. тов. Кубеков под огнем противника устранил 10 порывов телефонной линии. Это обеспечило батареи выполнение поставленной боевой задачи. В уличных боях за Берлин работал в расчете, который уничтожил 15 гитлеровцев. 23.04.45 огнем из карабина уничтожил двух автоматчиков противника. Достойн награждения ордена «Красная Звезда», – деп жазылған.
Бірақ Әлеукеш аға көзі тірісінде «Мен мынадай батырлық жасадым!» деп ерлігін айтып, кеуде кермеген екен. Қарапайым болғаны сондай, мереке кезінде «Берлинді алғаны үшін» медалін ғана тағып шығады екен. «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендері мен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін қорапта сақтапты.
Әлеукеш аға ұзақ жыл Сарыат, Құмқұдық, Тұмабұлақ ауылдарының селолық кеңесінің төрағасы болып еңбек етті. Тоғыз баланың әкесі атанды. Тың көтерушілер келгенде есепші, кадр бөлімінің меңгерушісі сияқты қызметтерді атқарған. 51-ге қараған шағында дүниеден өтті.
Сәлима ҚОРҒАНБАЕВА, Батырдың қызы:
– Біздер жас болдық. Көп нәрсеге мән бермедік. Десе де, әкемнің артымнан награда келу керек деген сөзі көкейімнен кетпей жүрді. Өз әкесі туралы мәлімет тапқан бір туысқанымыздың баласынан Podvignaroda.ru сайты жайлы біліп, наградталған қағазын таптық. Өшкенім жанып, өлгенім тірілгендей болды. Бұл балаларының ғана қуанышы емес, дүйім жұрттың қуанышы ғой. Енді Қорғаныс министрлігіне барып, сол награданың тапсырылуы жолында әрекет жасамақпын.Берілмей, архивте қалған награданы балаларының алуына көмектесер деп ойлаймын.