Кеншілердің жалақысы туралы жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылады – Тамара Дүйсенова
Үкімет отырысынан кейін ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қарағандыда ереуілге шыққан кеншілердің жалақасы туралы жалған ақпарат таратқан азаматтар жауапкершілікке тартылатынын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Үкімет отырысынан шыққан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрін журналистер бірден сұрақтың астына алды. Сауалдардың басым бөлігі өткен аптада Қарағанды облысындағы кеншілердің ереуіліне байланысты болды.
«Тамара Қасымқызы, сіз өткен аптада Қарағандыдағы кеншілердің жалақысы туралы ақпарат бердіңіз. Сол мәліметке сәйкес, олардың жалақысы 280-320 теңге болған. Сол жақтағы кеншілер министр бұл ақпаратты қайдан алды деп таң қалды. Сізге бұл ақпаратты кім берді? Біз соны білгіміз келеді. Егер бұл ақпарат жалған болса, кімдер жауапкершілікке тартылады?», - деді БАҚ өкілдері.
Министр журналистердің сұрағына толық жауап беруге тырысты.
«Біз сіздерге өкілетті орган немесе кәсіпорын беретін ресми ақпаратты береміз. Сондықтан мен сіздерге берген мәлімет ресми ақпарат болатын. Ол мәлімет Қарағанды облысындағы бас еңбек инспекторынан алынды. Әрбір бас еңбек инспекторы ақпарат таратпас бұрын тікелей кәсіпорындармен жұмыс істейді. Алайда қазіргі таңда аталған оқиға бойынша қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Тексеріс қорытындысына сәйкес жалған ақпарат таратқан кінәлі азаматтар жауапкершілікке тартылады. Қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысын сіздерге уақыты келгенде хабарлаймыз», - деді Тамара Дүйсенова