«Келіннің бетін кім ашcа, сол ыстық» дегенді қалай түсінесіз?

 «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген мақалды қалай түсінесіз деген газет сұрағына жауап ретінде жазылған пікір.

Кім ыстық?

Бұл сұрақтың жауабын келін мен оның бетін ашқан адамның жан-жағынан іздемеу керек. Қазақ сөзді бекер айтпайды. Мағына «ауылдың алты аузының» астарында жатыр. Дұрыс тарқата білсеңіз, ойыңыз жібектей өріледі. Соны ұқсаң тереңнен маржан тергендей боласыз. Үйлену тойлары осыдан бір ай ғана бұрын өткен келіннен бетін кім ашқанын сұраңызшы. Түрін есіне түсіре алмайды, аты-жөнін де білмейді. Сонда соның «ыстықтығы» қайда кетті?

Сыр өңірінде Майлықожа деген ақын өткен. Ақынның кез-келген термесін тыңдасаң тербетіп жібереді. «Майлықожаның теремелері» ақынның өшпес мұрасы. Жақында Астанада Президент Мәдени Орталығында Майлықожаның 175 жылдығы аталып өтілді. Майлықожаға бір шонжар бай келіннің бетін ашып бер деп қолқа салады. Келісіңкіремей барып көнеді. Жортпас рудың, Үкілі келіннің аты.

Үкілі келді Жортпастан

Үсті-басын шоқ басқан.

Төрт қатынның үстіне

Бесінші боп, қарағым

Қалай келдің қорықпастан? – деген екен.

Осы беташардан соң Үкіліге орақ тілді Майлықожа «ыстық» көрінеді дегенге кім сенеді?

«Қыз жат жұрттық» дейтін қазақ «Қызды қияға» деп жалғастырады да «Қызым саған айтамын, келінім сен тыңда» деп түйіндейді.. Қарапайым қазақи ауылда өскендердің есінде болар. Осы мақалдарды ауылдың көне көз қариялары жиі айтып, қыз біткеннің санасына еге беруге шебер еді. Сондағы мақсаттарының ғажабын қарасаңызшы! Осы үш мақалдың да өзекті тақырыбы біреу-ақ. Қыздың негізгі миссиясы, көтерер жүгі «жатты жақын ету». Келін болып түскендегі бетін ашқан асабаның аптап «ыстығы» емес деп ұғу керек.

Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының басында, менің кіндік қаным тамған туған ауылдан, біз 130 шақырым жердегі, Сыр бойына көштік. Менің 80 жастағы анам осы күнге дейін «төркіншіл». Жылына кем дегенде 2-3 рет барып қайтады. Сәті түссе бірге барамыз. Қыз болып бой жетіп өскен ауылмен, келін болып түскен ауылдың арасы 3-4-ақ шақырым. Көз жетерлік жер. Барған сайын белін орамалмен байлап алып, жаяу- жалпы, жермен жексен болып кеткен жұрт орнын аралайды. Үйіндіге айналып, жусан басып кеткен үйлердің орнын тауып алып, көзі жасаурап, мұрны шып-шып терлеп талай-талай оқиғаларға қанық етеді. Сол кездегі ауыл тынысы, алыс-жақын туыстардың қарым-қатынасының ерекшеліктері, олардың мінез-құлықтары, келін мен ененің бір шаңырақтың астында тірлік кешуінің қыр-сыры, абысын-ажын мен қайын аға, қайын аталардың қас-қабағының ықпалы мен әсері туралы жыр етіп айтып береді. Тұнып тұрған эссе!!!

Өткен күзде келіншегім Нұргүл екеуіміз ауылға барғанда, бізді анам өзіне «ыстық» жаққа алып барып тағы аралатты. Мақта алқабының ортасындағы соқпақпен келе жатырмыз. «Мына өсіп тұрған қамыстар әрдайым көзіме өте ыстық көрінеді – деді анам біз қарап қойып. Көкең(мен әкемді көке деймін) мені алып қашуға келгенде, түн жамылып, осы қамыстардың ішінде үш жігіт болып, бой тасалап тұрып еді. Алпыс жыл өтседе, қамыстарды көрген сайын, кешегім бүгінгідей көз алдыма келеді. О-о-о, ол да бір заман еді ғой» – деп, басындағы орамалын түзеп алып, дөң басындағы менің кіндік қаным тамған Ата жұрттың орнына бет алдық. Байқаймын, тегістеліп кеткен, ауыл орнына жақындаған сайын, анамның демалысы жиілеп, ентігіп келе жатқандай. Жүрек толқуы ерікке көнбей, бетіндегі әжімдерге дейін белгі бере бастады. «Мынау Сәңки қайнағының(шын аты Сүлеймен болатын, келіндері осылай атап кеткен) үйлерінің орны. Екі әйелі болатын. Үлкенінің аты Тәжіхан, кішісінің аты Патан еді. Патан сенің кіндік шешең болған – деп мейірлене маған қарады. Көкең жас кезінде ауылға түскен келіндердің бетін өзі ашатын. Екі жеңгесін жаңа түскен келінге былай деп таныстырып еді.

Бәйбіше-тоқал атанған,

Қалмаймыз деп қатардан,

Келісіп алады кезегін,

Бір сағат бұрын жатардан-

деп тойға жиналғандарды қыран-топан күлкіге батырып еді. Сәңки қайнаға Тәшкент жақтан тәжіктер әкеліп, үлкен әйеліне мына үйді арнайы салғызып еді, жарықтық. Жүдә кең, момын еді. Бетіне шыбын қонса, үркітпей шыдап отыра беретін. Ал мына үйдің орны ерекше орын, жаным. Бұл үйде сенің Дәу атаң (атам Омарбектің әкесі Жәдігер) тұрды. Тоқсанға келседе денсаулығы өте мықты еді. Атқа өзі мініп, өзі түсетін еді, атам жарықтық». Даусы дірілдеп, қамыға тіл қатып, ауыл шетіндегі зиратқа қарап «аталарыңды бір аунаттық-ау, балам» -деді. Мен дүниеге келген үйдің орнына таяп қалдық. Кенет анам, қалың өскен жантақ пен жусандардың арасына тоқтап, «мына жерге көкең күздің күні бір арба жүгері әкеліп төкті –деп, іле-шала әңгімесін жалғастырды. Саған аяғым ауыр болатын. Сол жүгерілерді аршып отыр едім. Екі қолын артына қайыра ұстап Дәу атам келіп, маған жүгеріні қалай аршу керек екенін ерінбей көрсетті де, «қабықтары шашылып қалмасын, келін, сиырларға азық болады» -деп, менің қасыма жинап кетіп еді, жырықтық. Шөберемді көрсем дейтін еді. Құдай оған жазбады. Дәу атаның қырқын беріп жатқанда, сен дүниеге келдің ғой, жаным» – деп мейірлене менің басымнан сипады. Жанары жасқа толып, Нұргүл келіні екеуі менің алдыма түсіп, томпаңдап кетіп барады. 60 жыл, сол бір детальды, айна-қатесіз, анам есінде қалай ғана сақтаған десеңізші! Мен керемет әсер алып, жан-жағыма қарадым. Атамның іздерінің қызуы бойыма тарағандай болып, күйбең тірлікпен күн кешкен кішігірім ауылдың, тату-тәтті абысындардың абыр-сабыры құлағыма жеткендей болды.

Ыстық дегеннен шығады. Бір-екі жылдан соң Семейлік болғаныма 50 жылдай болып қалды. Әскери борышымды, студенттік шағымды, еңбекке араласып, қызмет сатыларымен биіктеу кезеңдері осы ерке Ертіс бойында өтті. Демек, Семей менің «дер кезеңім мен дер шағымның» қартаймайтын қайнаған ортасы. Куәсі керек десеңіз! Ескі Семейді мен қатты сағынамын. Осыдан қырық жыл бұрын Семейдің әр көшесінен, үлкенді-кішілі ғимараттарынан жылы леп есіп тұратын. Қарапайым қала тұрғындарының жүріс-тұрысында мәдениеттілік басым болатын. Автобустар аз кездегі аялдамадағы адамдар бір үйдің балаларындай, иық тиістіріп тұра беретін. Ол кезде адам баласының ар-намысын таптап, өр-көкірек қазақ баласын еңкейтетін, «Газель» дейтін көргенсіз көлік болған емес. (Темір тұлпарлар көбейген сайын адамдардың тасбауыр, қатігез болатынын білмеппіз-ау!).

Осы жылдары қаладағы талай-талай ғимараттар бұзылып кетті. Сенесіз бе, солардың орны да маған ыстық! Қазіргі «Турист» қонақ үйінің қасындағы футбол алаңының орнында, бөренеден салынған кішкентай үйге орналасқан қалалық 15-ші кітапхана болатын. Бөлмелері ықшам ғана, оймақтай еді. Іші пешпен жылитын. Тар бөлмелердің ауасының кеңдігін айтсаңызшы! Іздеген кітабың табылатын. Кең пейілді, жайдары әженің алдында отырған баладай болып, кітапханадан шыққымыз келмей, жабылғанша сабаққа дайындалатын едік.

Өткен ғасырдың 70-шы жылдары қазіргі Абай атындағы және Интернационал көшелерінің(ол кезде ол көшелер Совет және Жданов атында еді) қиылысында «Октябрь» атты, көненің көзін көрген кинотеатр бар еді. Өрімдей жас солдат кезімізде киноға талай бардық. Сонда көрермендер бізге қызыға қарап, кино басталғанша жағдайымызды сұрап, кино біткен соң жақсы-жақсы тілектер айтып, тарасатынбыз.

Осы заманда жаңаға жан бітірмей жатып, бұрынғыны бұзуға неге құмар екен? Бар кінәсі шіркеуге шымылдық болып шырғалаңға түсіп, ел аман жұрт тынышта жер бетінен ғайып болған Абай атындағы көшедегі педагогиқалық институттың 5 қабатты жатақханасының орны да маған ыстық. Себебі, ол менің жастық шағымның, «Қайран жиырма бесімнің» белгісі еді. Менің ғана емес, мұғалім болсам деп, арман ертіп келіп, сол жатақхананы өз үйінде көріп, уайым-қайғысыз білім алған мыңдаған жас түлектердің жадында мәңгі қалған қара шаңырақ еді! Қазір одан белгі де қалған жоқ!

Қаншама ғимараттар бұзылып жатыр. Соларға көзің түскенде, сенің ғана өткен өміріңнің шуақты күндерін ғана емес, қала тарихының алтын әріппен жазылған парақтарын аяусыз шимайлап жатқандай болады екен. Мысалы, Шәкәрім атындағы даңғылда терезелерінің орны үңірейіп, бұзылып, ірге тасы ған қалған Совет өкіметі кезіндегі әскери корпус штабының ғимараты тұр. Корпус деген өте үлкен әскери құрама. Сондай азуына дейін қаруланған әскери құраманың Семей өңіріне шоғырлануының сыры бар. Себебі, ол уақытта Қытаймен арадағы қарым-қатынас оңбай, ушығып тұрған еді. Совет Одағына Қытай жақтан төнген қауіптің ең ұрымтал және ең қысқа жолы осы Семей облысын басып өтетін «коридор» болатын. Сондықтан, осал жерді корпустың күшімен құрсаулап ұстап тұрды. Бұл тек қана әскери саланың тарихы ғана емес. Семейдің кешегісі ғой. Сондай кешегінің өзегіңді өртейтін тағы бір еңіреген ескерткіші – қаңырап тұрған Семей зооветеринарлық институттың ғимараты. Оның өртке оранып, осы жағдайға тап болғанына аттай 30 жыл болады. Бұл оқу орны тек қана Семейдің ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы еді. Ауыл-шаруашылығының гүлденуіне, өркендеуіне зор үлес қосқан білім ордасы болатын. Жиырмасыншы ғасырдың 80-шы жылдары осы институтты қылыштың жүзіндей жарқылдаған жас ректор З.К.Тоқаев басқарып, болашақ мамандарға тиянақты білім беріп, ауылдың мыңдаған жігіттері мен қыздарының бағын ашып еді. Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы Ж.Үшкемпіров осы институтта білім алған. Студент кезімізде, кейін комсомол қызметінде жүріп, осы институт қабырғасында талай конференциялар мен слеттерге қатысып едік. Ары-бері қасынан өткенде, әрине, жаның ауырады. Бірақ кешегісі есіңе түсіп, жастық шағың көз алдыңа келіп, еңсең көтеріліп қалады. Себебі, жанарыңды жадырататын ыстық ескерткіштер…

Отставкаға шығатын уақыт жақындағанда, елге барып әкеме органнан жақында зейнеткерлікке шығатынымды хабардар етіп, «туған елге біржолата оралсам, қалай болады? –деп сұрадым. Әкем, жарықтық, жауабын бірден кесіп айтты. Бұл сұрақтың жауабын менен бұрын дайындап қойған-ау, бәлкім. «Келіннің бетін кім ашса-сол ыстық» – деген балам, деді әкем, орындыққа арқасын батыра сүйеп. Келсең саған ешкім кет демейді. Ағайын-туыс құптар еді. Бірақ, өзің қиналасың. Тамыр-танысың, жора-жолдасың бәрі Семейде. Беделің де сонда өсті, абырой да сонда жиналды. Ұл-қызың сонда ер жетті. Сана-сезімің, көз-қарасың, мінез-құлқың, өмірге көз қарасың, сол құтты топырақта қалыптасты. Өміріңнің отыз жылы сонда өтті. Келе қалған жағдайда, көп болса жарты жыл ғана шыдайсың. Содан соң аңсайсың, сарғайып сағынасың. Қайтадан көшіп кетуің әбден мүмкін. Бұл саған ауыр болады, бізге де жеңіл тимейді. Сондықтан, сол ыстық болып қалған, жылы орыннан қозғалма. Менің айтқаныма тоқтасаң, жауабым осы, балам» – деп еді, асқар тау әкем.

Әли-Хан Омарбеков,

отставкадағы полиция полковнигі.

Семей

 

zheruiyq.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста