Келін неге келемежге айналды?
Қоғам қайраткері, ғалым Ғарифолла Есімнің: «Бәріміз келіннің «аяғымен» дүниеге ендік. Сонда келін деген кім? Келін деген келген кісі. Қазақ солай бола тұра келінді қонақ демейді. Керісінше, қыз баланы қонақ деу дәстүрі қалыптасқан. Келін қонақ емес, ол – отбасыңызға енген бақ, береке. Келін – дүниеге ұрпақ әкелуші, демек, ол – отбасының ырысы мен өрісі. Бұл деген керемет мағына. «Қыз өссе – елдің көркі» деген мәтел осындай мәнге орай айтылса керек. Келін тастай батып, судай сіңу ниетінде бөгде үйдің есігін ашқалы отыр, онысы ерлік» деп жазатыны бар.
Келін кім? Ол – ана. Ол – әже. Ол – отбасының ұйытқысы. Ендеше, келін ұғымын неге төмендетіп алдық? Бұл әңгіменің арқауы неде жатыр?
Әлқисса…
Әселдің «Келіні»
Белгілі әнші, актриса Әсел Сәдуақасова осылай дейді. 23 ақпаннан бастап еліміздің кинотеатрларында көрсетіле бастайтын фильмін актриса «Келін де адам» деп атапты. Комедия жанрында түсірілген фильмнің мәні – келін мен ененің арасында жатса керек.
«Бұл фильмнің «Сабина келінмен» еш байланысы жоқ. Бұл – қарапайым отбасылық оқиғадан құралған. Комедияның режиссері – Асқар Ұзабаев. Әрбір адам ұлтына, жасына, әлеуметтік дәрежесіне қарамастан, өзін осы фильмнен табатынына шүбә жоқ. Әзірге, көрген адамдардың комедия туралы пікірі өте жоғары. Жалпы, көпшілік қалай баға беретінін уақыт көрсетеді. Достарымыз, кино сыншылардың пікіріне қарағанда, бағытымыз дұрыс секілді», – дейді фильмнің продюсері Әсел Сәдуақасова.
Үш бөлмелі пәтерде тұратын әке мен ана, бала мен келін және кішкентай қыз. Әңгіме келін мен ененің арасындағы текетірестен басталады. Тіпті шаңырақ ортасына түсуге шақ қалады. Сол сәтте отбасын не құтқарады? Екеуінің орны ауысып, келін ененің образына, ене келіннің кейпіне айналады. Тән ауысқанымен, жан бөлек. Осылайша, ене мен келін арасындағы қарым-қатынасты жеңіл әзілге, арзан күлкіге айналдыру арқылы көрермен жинағысы келеді. Дұрыс-ақ делік. Бірақ ол екеуінің арасы қашан келемежге айналып еді?
Бәрі де Сабинадан басталған
Рас, Нұртас Адамбайдың «Сабина келіні» айналдырған бес күннің ішінде 112 млн теңге жинады. Бар-жоғы 300 мың долларға түсірілген фильм неге осыншама табыс тапты? Сол кездері фильм туралы жағымды пікірлер өте көп айтылды. Мәселен, кино сыншысы Олег Борецкийдің өзі кино саласындағы ең қиын жанр – комедияны түсірудің оңай еместігін, бұл жанрға кез келгеннің бара бермейтінін айтады. Сыншының пікірінше, кинокомедияға әдеби немесе театрлық күлкі қажет емес, ерекше әзіл қажет. Мұндай комедиялардың бәрі сәтті шыға бермейді. Мәселен, қазақ киносының ардагері саналатын Дәмір Манабайдың екі жыл бұрын түсірілген «Лотерея» комедиясы күлкі тудыра қойған жоқ. Нұртас Адамбайдың фильмінде көп нәрсенің, яғни, әзіл де, кейіпкер де, патриоттық мораль да бар екенін айтады.
Мәдениеттанушы Әсия Бағдәулетқызы Нұртас Адамбайдың «Келініне» өзгеше баға беруге тырысады. «Шарттылық деп нені айтамыз? Мысалы, «Сабинадағы» есектерге парковка жасау. Немесе Жан Ізбасардың аңқаулықтан боянып шығатыны. Шарттылық па? Шарттылық. Қазіргі ауылдан машинаны емес, есекті таба алмайсың. Ал опа-далаптың әйелдің бұйымы екенін еңбектеген бала да біледі. Бұл қазіргі ауылдың көріністері емес, «Сабина – 2»-ге еніп кеткен ауыл туралы стереотип қана. Немесе Жәнібектің ақ боз атқа мініп келуін алыңыз… Сабина үшін ақ боз атқа міну, ол Ричард Гир болмаса, ешқандай ауыл баласының ойына келмес еді. Бас құдағидың сынағын алыңыз (Сабина бірінші бөлімде оларды қонақ қылып, ризашылығын алған болатын. Екіншісінде, оларға қайтадан келіп, аяқасты сынақ ұйымдастырғаны қисынсыз). Кейде осылай, күлкі, күлкі үшін деп асыра сілтеп жіберетін тұстары бар. Бұл телевизияда кешірілетін нәрсе, кинода… күмәнім бар», – дейді Әсия Бағдәулетқызы.
«Сабина – 2» – біріншінің жалғасы. Комедия неге жалғасты десеңіз, біріншісінен қыруар қаржы тапқан соң, режиссер бұл тақырыпқа шынын айтқанда, «дәнігіп» алды.
Олег Борецкий комедия жанрының оңай емес екенін текке айтқан жоқ. Бұл жанрға қорықпай қадам басу – оны аса ыждағаттылықпен меңгерген жандардың ғана қолынан келетін шығар. Әсте, ілуде біреуі болмаса, комедияға екінің бірінің тісі батпайды. Нұртас Адамбайдың да, Әсел
Сәдуақасованың да «келін» тақырыбын көбіректеп төңіректеп жүргені сондықтан болар.
Бүгінгі келін – ертеңгі ене
Келін тақырыбын комедия жанрында қаузайтындардың көбі – оның қасиетін төмендетіп алған жоқ па? Біздің қауіп – осы. Белгілі жазушы Зейнеп Ахметованың: «Әсілі, келін кім? Бүгінгі келін ертең ене болады. Мен ылғи айтам, тағы қайталайын, ененің мектебінен өтпеген келін өзі ене болып жарытпайды. Өкінішке қарай, қазір көп жағдайда келіндер де, енелер де бөлек тұрғысы келеді. Заман, қоғам, тұрмыс – бәрі осыған итермелеп алып келді. Бұрындары кедейдің кедейі үйінің оң жағына кішкентай жаппадан болса да отау тіккен. Бұл – «келіннің үйі» деген сөз. Оның «оңаша үй» деген екінші атауы болған. Қазақтың тектілігі сонша, отау үйге арнайы шақырмаса, бөтен адам кірмеген. Тіпті енесінің өзі есіктің алдында тұрып, «келін-ау» деп шақыратын болған. Келін ертеңгілікте ерте тұрып, үлкен үйдің түндігін ашып, отын жағып, тірлігін жасап, қонағын күтіп, есесіне, кешке жақын өз отау үйінде емін-еркін жүретін болған. Отау үйде жарына еркелей ме, сырласа ма, құшақтаса ма, өздері біледі. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін қаладағы қазақтар пәтерлерге тығылды. Осы кезде қазақ әйелдері көп нәрседен ұтылды деуге болады. Неге десең, «ойбай, үйдегілер естіп қалмасын», «ешкім көріп қоймасын» деп күйеуіне емін-еркін еркелей алмай, сөйлей алмай, қозғала алмай, тіпті, әрі-беріден соң күйеуімен емін-еркін жақындаса да алмайтын жағдайға жетті. Сөйтіп жүріп, қазақ әйелдері бұйығы болып қалды. Содан кейін күйеулері басқа жақтан «көзайым» іздей бастады. Осының өзі екеуінің ортасына кәдімгідей жік түсіреді. Қанша дегенмен бір үйде жатып-тұрғанда ертеңгілік келіннің ербиіп тұрғанын енесі көрмегені, енесінің сексиіп тұрғанын келіні көрмегені дұрыс» дегені бар.
Ене мен келін қарым-қатынасы неге мазаққа айналды?
Қазақта ене мен келіннің арасындағы байланыс, қарым-қатынас ешқашан мазақ, күлкі болмаған. Олардың байланысы – үлкен институт, тіпті академия десек те болады. Қазір ене мен келін десе, неге көз алдымызға күлкілі образдар елестейді? Өйткені соған жеткізген өзіміз. Екеуінің ара қатынасын мазақ пен күлкіге айналдырған да бүгінгі арзан пафосқа толы комедиялар.
Әйтпесе, келін образын сәтті сомдаған көркем дүниелер жетерлік. Мәселен, Дулат Исабековтың «Гауһартасын» алайықшы. Салтанат пен енесінің арасындағы жарасымды сыйластық нені аңғартады? Келін мен ененің шынайы бет-бейнесі осылай болуы тиіс. Болмаса, жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Келін» әңгімесінде де ененің келінге деген керемет пейілі бар.
«Ойбу-үй, он төрт жас дегенің бала ғой, Құдай-ау! Сен деген он сегізге келдің… Он сегізімізде мына біз сары қарын қатын болғанбыз. Бой жетіп келдің ғой, таудың асуына барып жүргенің. Мен бейбақ баурайда аңырап жылап отырып, асудан асып соққан желге тұмсығымды тосатынмын… Біздің ауылдың желі ғой. Шашымды жел көтерсе, Құдай-ау, шешемнің алақаны тигендей егілетінмін! Керегеден қарап отырдым. Қарап отырдым деймін… аңырап жылап отырдым. Жете алар ма екен, жете алмай жолдан мен құсап қайтпай, жетсе, асуға шықса екен деп тілекшің болдым. Сен орамалың желбіреп, тауға шыққанда, өзім шыққандай әсер алдым. Қарағым, асықпай әбден қараса екен дедім… Мауқын басып болып қайтса дедім. Отбасының тіршілігі бітер дейсің бе, тәйірі. Бітсе, мен-ақ бітірер едім де… Елу жыл болады осы үйдің қазанының құлағын ұстап келе жатқаныма… Ақыры бітіре алмай, өзіңе берген жоқпын ба? Бітпейді. Көрерсің әлі… Өзің де бітіре алмассың.
Кемпір қолындағы кесесін дастарқанның жиегіне қойып, еңкейіп келіп маңдайынан сүйгенде, Нұршаттың ет-бауыры елжіреп кетті. Енесіне қосылып өзінің де иегі кемсеңдеді. Енесінің ерні мен алақаны тиген жерлер ысып бара жатқандай…»
Сурет пе? Сурет. Образ бар. Көркемдік жағын былай қойғанда, ене мен келіннің арасындағы әдемі үйлесім бар. Келіні о баста енесін «өмірдегі ең қатыгез адам» санаған. Сөйтсе, қателесіпті. Өмірде оның енесінен асқан мейірімді адам жоқ екен. Біз осы бір жылылықты жоғалтып алдық. Керісінше, көпшілігінде жеккөрінішті сезім басым. Тұрмысқа шықпаған қыздардың өзі «ене» тақырыбын әзірейіл образында көреді. Дулат Исабеков пен Тынымбай Нұрмағамбетовтың және т.б. қаламгер шығармаларындағы ене мен келіннің осындай мейірімге толы қарым-қатынасын сақтай алмауымыздың сыры неде?
Біздің байлам:
Қазақтың мәдениеті де, тәрбиесі де халықтың ауыз әдебиетінде жатыр. Көркем әдебиет беттерін парақтасаңыз, көркіне ақылы сай қаншама аналарымыздың бейнесін кездестіруге болады. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы зерделі ене мен ұлағатты келін Ұлжан образы арқылы ене мен келіннің арасындағы әдемі байланысты бүгінгі ұрпағына үлгі етеді. Нағыз қазақ келіндерінің образы сол көркем шығармалардағы кейіпкерлермен ғана шектеліп қалған жоқ па осы?!
Әйтпесе, бүгінгі келін Нұртас Адамбай мен Асқар Ұзабаевтың кейіпкерлеріндей келемежге айналмас еді. Арзан күлкі шақыратын комедиялар жетерлік. Ойландыратын туынды саусақпен санарлықтай ғана. Комедия түсірушілердің қателігі де осында – арзан күлкі тудырсақ, қыруар қаржы табамыз деп ойлайды. Ол фильмдердің бүгінгі ұрпақты тәрбиелейтін негізгі құрал екенін естен шығарып алғандаймыз.
Сосын келіннен басқа тақырып жоқ па? Комедия түсіретіндер осы тақырыпты неге көбірек қаузайды? Әлде көптің қалауы да осы ма? Шынымен бізді келін мен енені «құбыжық» етіп көрсеткен фильмдер қызықтыра ма?
Сіз не дейсіз?
Гүлзина БЕКТАС
aikyn.kz