Түтінінің өзі тәбет шақыратын кәуап шіркін қала сыртындағы демалыстың да, шомылу науқанының да шырайын кіргізетіні белгілі. Шымқалада екі аттам сайын кәуапхана дегенің самсап тұр.
Кавказдық түрі ме, бауырдан жасалғаны ма, тауық, сиыр, қой етінен жасалғаны ма – бәрі бар. Бағасы да анау айтқандай қымбат емес. Қалтаға ауырлық түсірмейді. «Шымкенттік шәшліктің» бір істігі – 100-120 теңгенің айналасында. Бірақ осы отқа қақталған еттің қауіпті ауру жұқтыратындығын қаперге алмайтынымыз өкінішті. Дәрігерлер кәуаптан жұққан деген қауіпті диагноз қоя қойған жоқ. Дегенмен шикі еттен жұққан сан соқтырар сан түрлі кеселдің түрі жетіп-артылады. Олардың қатарында токсоплазма, финноз, трихинелл бар. Олар жабық түрде жүретін қауіпті дерттер. Дәл диагнозын табу да оңайға соқпайды. Оның алғашқы белгілері тұмауға ұқсас. Ол миды, нерв жүйелерін, жүректі зақымдайды. Ол ірі қара малдың етінен жұғады. Финноз дертімен зақымданған етті жегенде, ішекте эхинококқа айналады. Ол өз кезегінде тениаринхоз және эхинококкоз ауруына шалдықтырады. Финнозды емдеу өте қымбатқа түседі. Әу баста адам бұл ауруды жұқтырғанын білмеуі мүмкін. Алғашқы белгілері: іш ауырады, құсады, асқазаны ауырады. Тез арықтап кетуі мүмкін. Трихинеллез дерті де осал емес. Мамандар трихинеллдің өсімталдығына таңғалады. Оның личинкалары қақтағанда да, тұздағанда да, буға пісіргенде де өлмейді. Бұл ауруға шошқа салосын, кәуап, қайнатылған шұжық жегендер шалдығады. Трихинелл ішекке түскен соң, қанға, одан бұлшық етке өтеді.
Салтанат БӨПЕЖАНОВА, Алматы қалалық Алатау ауданы бойынша МСЭҚБ Тағам нысандарын қадағалау бөлімінің жетекші маманы:
– Бұл ретте, ең алдымен, санитарлық тазалыққа баса назар аударған жөн. Өйткені көп жағдайда кәуапты санитарлық нормаларға сай келмейтін жерлерде даярлап жатады. Әрине, мұндай жағдайда әртүрлі инфекция тарауы мүмкін. Баз біреуі бүгін тексеріп, айыппұл салып, кемшіліктерді жоюға нұсқау беріп кетіп, бірнеше күннен кейін қайта тексерсең, «ертең бәрін реттеймін» деп қарап отырады. Кәуап даярлайтын еттердің санитарлық тексеруден өткен-өтпегенін де сатып алушы білмейді. Ал барлық кәуап даярлайтын тамақтану орындарын күнде тексеріп отыру мүмкін емес. Оған санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мамандарының мүмкіндігі жетпейді. Сондықтан кәуап сатып алушылар да сол жердің тазалық жағдайына аса көңіл бөлгені жөн.
Бір кесек кәуап жеймін деп, өмір бойы жазылмайтын ауру сатып алмаңыз. Кәуап жеген соң, артынан тамақ сіңдіретін дәрі қабылдауды ұмытпаңыз. Дәрігерлер дені сау, дерттен ада деген адамның өзіне кәуапты аптасына бірнеше мәрте жеуге кеңес бермейді. Қақталған, ащы соустармен маринадталған ет мықты деген асқазанның өзін ауру қылады. Кішкене балаларға мүлдем беруге болмайды. Мұндай ауыр тағамды баланың асқазаны қорыта алмайды. Оны әбден қақтап, таза пісіріп қана жеу керек. Әрі аз жеу керек. Мал етінде кішкене ғана қан ұйып қалған болса, алмаңыз. Бұл – финнмен ауырған малдың еті деген сөз. Трихиннел мен токсоплазманы көзбен бағдарлау мүмкін емес. Сондықтан да дәрігерлер кәуапты үйде дайындағанды дұрыс деп санайды. Алюминий ыдысқа салуға болмайды. Таза пісіру керек. Піскен кәуапты кескенде, арасында қан қалмауы тиіс. Таза піскенде ғана қауіпсіз деп саналады.
Маржан ЕСПОЛАЕВА, терапевт-дәрігер:
– Кәуапты шектен тыс көп жеу денсаулыққа аса зиянды. Сондай-ақ кез келген жерден, мәселен, базарлардан, дәмханалардан, антисанитарлық жағдайда дайындалған жерлерден жемеуге кеңес береміз. Қорытылуы қиын бұл тағам түрін ішек ауруы мен асқазан жарасынан зардап шегетіндер, гастрит, колит, холецистит, бауыры ауыратындар мүлдем жемеуі қажет.
Кәуаптан қауіп көп
Последние статьи автора