Каспийдің байлығы – итбалық құрудың аз-ақ алдында тұр
Еліміздегі қарт теңіз Каспийдің баға жетпес байлығының бірі – итбалықтар жойылудың аз-ақ алдында тұрған сыңайлы. Осыдан жиырма жылдай бұрын ғана қойнауында 1 млн-ға жуық тюлень ойқастаған Қаспийде бүгінгі таңда 8 мыңға жуық қана итбалық қалған. Осылайша, құлқынының құлына айналғандардың кесірінен көзі мөлдіреген су жануарының жалпы саны 90 пайызға кеміп кеткен.
Бұл – Каспийдің қызығын көріп отырған 5 елдің (Қазақстан, Түркіменстан, Иран, Әзірбайжан, Ресей) сарапшылары Астанада Каспий итбалықтары үшін ерекше қорғалатын аймақ құру жөніндегі өңірлік кездесу өткізіп, жоғалып бара жатқан осы бір жануарлардың жағдайын айтып, көтерген дабылдарының бір үзігі ғана. Сарапшылардың айтуынша, қалыптасқан жағдайға логикалық тұрғыда баға беретін болсақ, саны онсызда 90 пайызға кеміп кеткен итбалықтар алдағы 10-15 жылдың ішінде көзден мүлдем ғайып болмақ.
Итбалық індетінің себебі қашан ашылады?
Жалпы, Каспийдің итбалықтарына қатысты мәселе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Ол осыған дейін айтыла-айтыла ауыр, жазыла-жазыла жауыр болған тақырыптың бірі екені белгілі. Теңіздің қазақстандық бөлігіндегі итбалықтардың жыл сайын қырылып жатуы қалыпты үрдіске айналып кетті деуге де болатын сияқты. Тіптен мәселенің ушыққаны соншалық – арнайы ведомствоаралық комиссия құрылып, нақты шаралар да жасалды. Алайда «баяғы жартас, бір жартас» демекші, итбалық мәселесі әлі ушығып тұр. Итбалық індетінің құпиясы әлі ашылмай келеді. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, итбалықтардың жаппай қырылуына жаһандық жылынудан бастап, теңізге төгілетін мұнай қалдықтары секілді факторлар әсер етіп отыр. Алайда нақты бір әсер етуші фактор анықталған жоқ.
Енді соның жанама факторларының бірнешеуіне тоқталып көрелік: бірінші кезекте мұнай өндірісі тұр. Маңғыстау облысының табиғат сақшылары топырақ, су құрамы секілді 70 нүктені тексеру барысында мұнайдан бөлінетін химиялық элементтердің айтарлықтай көбейгенін анықтаған. Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар басқармасы бастығының орынбасары Орынбасар Тоғжановтың айтуынша, өткен жылы құрамында неше түрлі зиянды заттары бар мұнай қалдықтарын теңізге төгу әрекетіне қатысты 7 оқиға тіркелген. «Бұл – таза мұнай емес, мұнай аралас су. Осы суды теңізге төгіп жіберуге қатысты 2008 жылы 15 жағдай тіркелді», – дейді ол. Басқарма өкілдері Каспий теңізінің қазақстандық секторын, соның ішінде Маңғыстау бөлігінде аэроғарыштық қашықтықтан бақылау тетігін пайдалана отырып, мониторинг жүргізу барысында 2008 жылы Каспий теңізі аймағынан барлығы 1474 ластану нүктелерін анықтаған. «Ал 2009 жылы бұл көрсеткіш 1,5 мыңға жетті», – дейді Орынбасар Тоғжанов.
Итбалықтардың күрт азайып кетуіне табиғи факторлар да әсер етіп жатады. Соңғы жылдардағы жаппай жаһандық жылыну салдарынан теңіздегі мұз көлемі айтарлықтай кішірейіп барады. Жаңа туған итбалық күшіктері өздігімен жүзіп үйренгенше, мұзға бауырын төсеп жатады. Ал мұз болмаған жағдайда олар суық суда үсік алып, өліп қалады.
Елордада болған кеңесте «КаспЭко» жобасының жетекшісі Парвин Фаршви итбалық індетінің тағы бір сырын ашып көрсетті. Жаппай қырылуға беймәлім «вирус» кінәлі көрінеді. Мәселен, 2000 жылы осындай вирустан, тұмау мен итбалықтар арасында тез тарайтын инфекциялық аурулар салдарынан бір мезетте 10 мыңға жуық су жануары өлім құшқан.
Қызыл кітап қорған бола ала ма?
«Каспий экологиялық бағдарламасы» жобасы бойынша зерттеу жүргізіп жатқан эколог-ғалымдар Астанада бас қосу барысында итбалықтарды «жойылып бара жатқан су жануары» санатына жатқызуды ұсынып отыр. Яғни қызыл кітапқа енгізу мәселесі көтерілді.
Елімізде 2003 жылы Тегеран конвенциясына қол қойылғаннан бері итбалықтарды аулауға тыйым салынды. Қоршаған ортаның байлығын қорғайтын халықаралық бес құжат мақұлданды. Алайда «бұл шарттар итбалықтың амандығын қамтамасыз ете ала ма?» деген сауал туындайтыны белгілі. Оны Тегеран конвенциясының орындалуы жөнінде есеп берген экологтер де мойындап жатты. Оған себеп те жоқ емес екен. Итбалықтар теңіздің белгілі бір аумағында ғана мекендеп қалмай, бір жағалаудан екінші жағалауға көшіп жүреді. Сондықтан бұл жануарлардың қай аумақта қандай жағдайға душар болып жатқандығын бақылауда ұстау оңай шаруа емес екен. «Сондықтан теңіз жағалауы елдері бас қосып, әр мемлекеттен итбалықтарды қорғайтын аймақ ашу қажет деп шешіп отыр», – дейді қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Елдана Сәдуақасова.
Парвин Фаршви, халықаралық «КаспЭко» жобасының жетекшісі:
– Егер де біз осылайша кете берсек, онда Каспий «еркелерін» олар туралы түсірілген деректі фильмдерден немесе теледидардан ғана көретін түріміз бар. Бұл, әрине, болжам ғана. Алайда табиғатқа деген осы көзқарасымыз өзгермейтін болса, бұл болжамдар қаншалықты қорқынышты болса да, күндердің күнінде шындыққа айналары сөзсіз.
Елдана Сәдуақасова, қоршаған ортаны қорғау вице-министрі:
– Каспий теңізіне қатысты экологиялық бағдарлама Ғаламдық экологиялық қордың көмегімен соңғы10 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оның аясында теңіз жәндіктерін қорғап қалып, мүмкіндігінше олардың санын арттыруға қатысты іс-шаралар тұрақты түрде іске асырылуда. Қазақстан өз кезегінде аталмыш құжатқа қатысты міндеттерін толығымен орындап келеді. Біз тіпті 5 жылдан бері теңізде жоғалып бара жатқан жануарларды аулауға қатысты берілген жеңілдіктердің өзін пайдаланудан бас тартып отырмыз. Біз сонымен қатар теңізден ауланатын балықтардың әрбір түріне белгілі көлемде шектеу қойып, теңіздің биоәлеуетінің сақталуына ықпал етіп отырмыз. Ал мұндай талаптарды теңіз жағалауы елдерінің барлығы бірдей орындап отыр деп айта алмаймыз. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстар соңғы уақытта біршама жандана түсті.