Кәсіпкерлерге қолдау "таза парақтан" басталады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрын Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпкерлікті «таза парақтан» реттеу қағидатын енгізуді тапсырған болатын. Президенттің тапсырмасына орай «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, отандық және шетелдік сарапшыларды тарта отырып, заң жобасын әзірледі. Осы заң жобасында кәсіпкерлерге қолдау боларлықтай қандай жаңашылдықтар мен ерекшеліктер бар? Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП бизнес-реттеу және бәсекелестікті дамыту департаменті директорының орынбасары Динара Ақынбекова баяндап берді.
- Динара Нұрғалиқызы, кәсіпкерлікті «таза парақтан» бастап реттеудің кәсіпкерлерге нақты қандай пайда әкеледі?
- Елімізде соңғы жылдары мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамыту, соның ішінде шағын және орта бизнеске қолдау білдіру қарқынды жүріп жатқанын көпшілік біледі. Қазақстандағы кәсіпкерлік саласын өркендетуге арналған көптеген бағдарламалар да қабылданған. Солардың бірі – бизнесті «таза парақтан» реттеу. Көп жағдайда нәпақасын кәсіп жасап тауып жүрген азаматтардың өтініштері мен талаптары қарастырылған кезде кейбір мәселелердің заң тұрғысынан шешілмей жататын. Сондықтан бизнесті қолдау ең алдымен заңнан басталуы керек.
Реформаны жүргізу жөніндегі негізгі міндеттер Мемлекет басшысының 2020 жылғы 31 желтоқсанда қол қойылған жаңа реттеу саясатын енгізу жөніндегі шаралар туралы Жарлығында көрсетілген. 2021 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты ендіру және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жекелеген функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
- Заң туралы тарқатып айтып берсеңіз...
Заңға сәйкес, бизнеске қойылатын кез келген талап, мемлекеттік реттеу түсінікті, нақты баяндалған, ыңғайлы және ауыртпалықсыз болуы тиіс. Заңда реттеу талаптарын қалыптастыруға қойылатын 7 базалық шарт нақты айқындалды. Олар: негізділік, кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігі, ашықтық, орындылық, айқындылық, мөлшерлілік және рационалдылық, реттілік.
Заң бойынша реттеудегі қағидаттар міндетті түрде орындалуы тиіс. Кәсіпкерлерге талап қойыларда олардың жағдайы, бұл талаптарды орындай алу мүмкіндігі ескеріледі. Талаптар цифрландырылған, ыңғайлы және бизнесмендерге салмақ салмайтындай болуы тиіс; мемлекеттік жоспарлау құжаттарға сәйкес келуі шарт; мемлекеттік реттеудің қатаңдық деңгейі тәуекел деңгейіне байланысты болады. Осы негізгі қағидаттар орындалған жағдайда ғана кәсіпкерлерге жаңа талаптар белгіленеді. Мемлекет тарапынан бір жаңа талап енгізілген жағдайда қолданыстағы екі талап жойылып отырады.
Заңда реттеуші апелляция институтын енгізу де қарастырылған. Бизнес-омбудсмен мемлекеттік органдардың талаптарын қайта қарау мақсатында шағым мен ұсыныстарды жинақтайды. Ұлттық экономика министрлігі талқылауға ұсынылған шағымдарды қарастыра отырып, реттегіш тетіктің күшін жою немесе оған жан-жақты талдау жүргізу жөніндегі шешімді кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі сараптама тобының, болмаса ведомствоаралық комиссияның талқылауына ұсынады. Заңға енгізілетін жаңашылдықтардың бірі – мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіру.
- Заңда қандай негізгі талаптар бар?
Кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеудің жаңа тәсілінің негізгі қосымшасы міндетті талаптар тізімін енгізу болып табылады. Бұл - бизнеске қойылатын барлық талаптардың толық тізбесін қамтитын бірыңғай база. Ол сондай-ақ кәсіпкерге бизнесті жүргізудің барлық құқықтық базасымен танысуға мүмкіндік береді. Тізімде жаңа реттеушілік саясатқа сәйкес келетін талаптар ғана қамтылатын болады. 2023 жылдан бастап егер талап тізімге енгізілмеген болса, онда ол бойынша мемлекеттік орган кәсіпкерді тексере алмайды және жаза қолдана алмайды. Тізімде талап болмаса да, жаза қолдануға да болмайды. Заң кәсіпкердің құқын қорғауға бағытталғандықтан Ұлттық палата бизнеспен айналысып жүрген азаматтардың құқын қорғау үшін міндетті талаптардың тізілімін енгізуді ұсынды. Бұл – бизнеске қойылатын барлық талаптың толық тізбесін қамтитын бірыңғай база. Мұндай ортақ деректер орталығы кәсіпкерге бизнесті жүргізудің барлық құқықтық негіздерімен танысуға мүмкіндік береді. Онда мемлекеттік реттеудің талаптары да анық көрсетіледі. Егер талап тізімде болса, онда ол бойынша мемлекеттік орган тексеруге және жазалауға құқылы екенін кәсіпкер білуі керек. Егер тізімде талап болмаса, онда жаза да жоқ. Демек заңды білген адам қор болмайды.
- Заңды жүзеге асыру үшін қазір «Атамекен» ҰКП-да қандай нақты жұмыстар атқарылуда?
Үкімет 2022-2023 жылдарға арналған «таза парақтан» реттеуді енгізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі жоспар-кесте бекітті, онда жауапты мемлекетті органдар бекітілген және барлық ұйымдастыру шаралары, орындау мерзімдері мен кезеңдері, сондай-ақ оларды іске асыру мерзімдері көзделген.
Желілік жоспар-кесте шеңберінде қолданыстағы реттеуді түбегейлі қайта қарау бойынша толық ауқымды жұмыс жүргізілуде. Осы жұмыстың ауқымына мемлекеттік органдарға көмектесу және мемлекеттің ашықтығы мен транспаренттілігі қағидатын іске асыру мақсатында 100-ден астам салалық сарапшылар, бизнес және қоғамдық ұйымдардың өкілдері тартылды.
«Атамекен» ҰКП биылғы жылдың наурыз бен шілде айлары аралығынла Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеу саясаты мәселелері бойынша оқыту семинарларын өткізді. Семинарларға кәсіпкерлік субъектілерінің орындауы үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті талаптарды қамтитын қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді және өзге де құжаттарды қайта қарауға (талдауға) қатысатын мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері қатысты.
Оқыту семинарлары барысында жаңа реттеушілік саясаттың негізгі тәсілдері, қағидаттары мен талаптары түсіндірілді, оған сәйкес 2022 – 2023 жылдар ішінде реттеушілік актілердің бүкіл ауқымын (нормативтік құқықтық актілер және бизнеске қойылатын талаптарды қамтитын өзге де құжаттар) қайта қарау қажет.
Биылғы жылдың мамыр айынан бастап Атамекен сарапшылары реттеуші актілердің бизнеске қойылатын талаптарды қалыптастыру шарттарына сәйкестігіне бағалау жүргізу бойынша жұмыс топтарының мүшелері үшін қосымша нақты түсіндірулер жүргізуде.
Сондай-ақ, талаптарды қайта қарау процесіне тұрақты мониторинг және мемлекеттік органдардың өкілдері мен тартылған салалық сарапшыларды консультациялық қолдау жүргізіледі. 2022 жылғы мамыр-қыркүйек айларында мемлекеттік органдармен және жұмыс топтарымен 143 консультациялық кеңес өткізілді.
Егер кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізуді іске асыру барысына тікелей көшетін болсақ, бекітілген жоспар-кестеге сәйкес бұл жұмыс 3 кезеңге бөлінген. 1 кезең 16 сала бойынша жұмысты қарастырады, олардың аяқталу мерзімі қыркүйек айында белгіленген. 2 кезең – 11 сала, мерзімі қазан-желтоқсан. 3 кезең – 19 сала, мерзімі 2023 жылғы қаңтар-шілде.
Реттеуші актілерді талдау қорытындылары бойынша мемлекеттік органдар жаңа реттеуші саясаттың қағидаттарына сәйкес келмейтін анықталған талаптардың қайта қаралуын қамтамасыз етуі тиіс. Бүгінгі таңда 1 кезең аясында 16 саланың 9-ы бойынша талдау аяқталды. Бұл көлік, сауда, қоғамдық тамақтану, тұру қызметтері, жылжымайтын мүлікпен операциялар, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу, компьютерлік бағдарламалау, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, ақпарат және байланыс салалары.
Талдау қорытындылары бойынша 9 салада 27 928 талап анықталды, оның 3,8 мыңға жуық талабы немесе 13,6% - ы жаңа реттеушілік саясаттың базалық шарттарына сәйкес келмейді және олардың күші жойылады немесе қайта қаралады. Бұдан әрі 2023 жылдың соңына дейін кәсіпкерлік қызметтің барлық басқа салалары бойынша да осындай жұмыстар жүргізіледі.
Әңгімеңізге рақмет!
Айнұр СЕНБАЕВА