Шығыс Қазақстан облысына «автомех» деген атпен әйгілі болған Семей қаласындағы көлік колледжіне 80 жыл толды. Колледж ұйымын мерейтойымен құттықтай отырып, бүгінгі кәсіби мереке күні еліміздің барлық ұстаздар қауымының еңбектеріне табыс тілейміз.
Техникалық базасын жетілдіріп, ел игілігі үшін қызмет етіп отырған аталмыш колледж турасында сөз қозғағанда, оның басшысы Люй Александр Владимирович туралы айтпай кету жөнсіз болар. Ол 1976 жылы Семей автомеханикалық техникумын үздік бітіріп, Өскемен қаласындағы құрылыс-жол институтында оқуын жалғастырды. Семейдің автокөлік мекемелерінде инженер, бөлім бастығы, бастық орынбасары болып жұмыс істеді. 1983 жылдан бастап, Семей көлік колледжіне келіп, міне, 20 жылдан бері осы мекеменің директорлық қызметін атқарып келе жатыр. Облыс көлемінде өткізілген «Колледждің ең жақсы директоры» конкурсындағы «Әскери-патриоттық, рухани-патриоттық тәрбие, таңдаған мамандыққа, колледжге, қалаға сүйіспеншілігін арттыруды ұйымдастыру бойынша директор-лидер» номинациясының жеңімпазы. Бірнеше рет қала және облыс әкімдерінің хаттары және Мақтау қағаздарымен марапатталды.
Колледж тарихы
1928 жылы 28 қараша күні КСРО Орталық атқару комитеті қабылдаған қаулысына сәйкес, 1929 жылдың мамыр айында тасжолдар басқармасы және Қазақ ССР-інің халық комиссарлар кеңесі жанындағы автомобиль көліктерін ұйымдастыру жөнінде қаулы қабылданған. Осы қаулы аясында тап сол жылы Семей қаласындағы автомобиль жөндеу шеберханасы негізінде автомобиль жолдарын жөндеу техникумын құру жөнінде шешім қабылданған болатын. Сондықтан 1929 жыл колледж шаңырақ көтерген жыл болып есептеледі. Осы 80 жыл ішінде «автомех» бірнеше министрліктер мен ведомстволардың құрамына еніп, бірнеше рет атауы да өзгеріп отырды. Алайда «автомех» ең басты міндеті – кәсіби маман даярлауда алдыңғы қатарлардағы өз орнын жоғалтқан емес. 1997 жылы автомеханикалық техникум мен өзен техникумы қосылып, көлік колледжі деп атала бастады. Бұл қосылу оқу орнының маман даярлаудағы жауапкершілігін одан әрі арттырып, колледждің көпсалалы бағытта жұмыс істеуіне сүбелі үлес қосты. Өзен флотының дәстүрі мен жедел дамуы колледждің жан-жақты дамуына өз әсерін тигізгендігі оқушылардың жетістіктерінен көрініс тапты. Кейінгі жылдары колледж оқушылары қалалық пәндік олимпиадаларда математика, физика, химия, сызу, электротехника, техникалық механикадан жүлделі орындарға ие болуда. Бұл жетістіктерге қол жеткізуде ұстаздардың еңбегі ерен. Оның ішінде көлік саласына зор еңбек сіңірген, аттары Республикаға белгілі болған Иван Дробный, Виктор Литневский, Боранбай Шәкіров, Григорий Фрейтлих, Серік Алигужин сияқты мамандарды атауға болады.
Осынау 80 жылдық тарихында колледж су көлігі, автомобиль және жол машиналарына техникалық қызмет көрсету мен жөндеу саласы бойынша 25 мыңдай маман даярлап шығарды. Мамандар даярлаумен қоса колледждің спорт саңлақтарын даярлауда да бірқатар жетістіктерге жеткендігін атап өту орынды. Мысалы, оқу орны қабырғасынан спорттың әр түрі бойынша 25 спорт шебері, 129 спорт шеберлігіне кандидаттар мен 1-разрядты спортшылардың дайындалып шығарылуы — мақтауға тұрар жайт.
Колледж тарихындағы жаңа кезең ретінде халықаралық серіктестікті атауға болады. Көлік колледжі – «Шығыс Қазақстан облысында білім берудің аймақтық дамыту моделі» негізінде Қазақстан Норвегия жобасының құрамына енген әзірше Семей қаласындағы жалғыз оқу орны.
Колледж партасынан министр орындығына дейін
Аталмыш оқу орнын әр кез тамамдаған түлектер еліміздің әр аймағында, әр салада қажырлы еңбек етті. 1967 жылы осы колледжді бітірген Алигужин Серік Қарабатырұлының бір кездері ҚР Көлік және коммуникация саласының министрі қызметін атқаруы – колледж ұжымының зор мақтанышы. Бұл – бір ғана мысал. Одан басқа да осы колледждің бірнеше түлегі әр салада, әртүрлі деңгейде басшылық қызмет атқарғанын атап өтпеске болмас. Мысалы:
Фрейтлих Григорий Григорьевич – Шығыс Қазақстан облыстық автобасқармасының бастығы.
Файзуллин Рашид Зейнулович – Семей автожөндеу зауытының директоры.
Курашов Василий Павлович – Семей автотресінің Басқарма бастығы.
Құбажанов Саят Құбажанұлы – Көлік бақылау комитетінің бірінші төрағасы.
Жаза берер болсақ, бұл тізімнің жалғаса берері анық. Тек бұл жетістіктер колледждің маман даярлаудағы кәсіби деңгейінің жоғары екендігінің бір көрінісі екендігін тілге тиек еткіміз келеді.
Рухы биік ұландар
Сонау бір сұрапыл соғыс жылдары колледж партасынан 157 оқушы қан майданға аттанған болатын. Көпшілігі соғыс майданында ерлікпен қаза тапты.
Отан қорғау жолындағы ерліктері үшін колледждің екі түлегі – Силин Николай Николаевич пен Теряев Петр Иосифович Совет Одағының Батыры атанды. Олардың аттары, жасаған ерліктері колледж мұражайынан мәңгілік орын алған.
Бүгінгі таңда колледж табалдырығын аттаған әрбір оқушыға аталмыш оқу орны түлектерінің 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында жасаған ерліктерін жастарға үлгі ету, олардың патриоттық сезімін арттыру мақсатында таныстырып отыру – әдеттегі жағдай. Әр жылы Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерімен кездесулер өткізу колледж ұжымы үшін дағдыға айналған.
Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған
Еңбек жолын осы колледжде бастап, 30-40 жыл бойы бір орында тапжылмай қызмет етіп келе жатқан ұстаздар еңбегі мақтанышқа лайық.
Олар:
Заикин Николай Викторович – жоғары санатты денешынықтыру пәнінің мұғалімі, спорт шебері, Бүкілодақтық дәрежедегі судья;
Елена Васильева – электротехника, информатика пәндерінің мұғалімі, пәндік комиссияның төрайымы;
Исаева Ольга Андреевна – қоғамдық тәртіп пәнінің мұғалімі, колледж мұражайының директоры, кәсіподақ ұйымының төрайымы;
Гладкова Галина Ивановна – экономика пәнінің мұғалімі;
Шиллер Владимир Александрович – директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары.
Мамандардың 30-40 жыл бір орында тапжылмай еңбек етуі – колледжде кадр мәселесінің жұмыстары дұрыс жолға қойылғандығының, ұжымның ұйыған орта екендігінің көрінісі.
Шәкірттер лебізі
Колледж қабырғасында өткен қиын да қызықты кезеңдерді, үйретуден жалықпайтын ұстаздарды оқу орнының бітірушілері сағынышпен еске алады.
Нұрмұхамед НҰРЖАН, колледждің 2006 жылғы түлегі, ЭВП 41-топ:
– 2002 жылы мектеп бітіргенде менің алдымда «оқуға қайда барамын» деген таңдау туындаған жоқ. Өйткені мектеп қабырғасында жүргенде-ақ «автомехке барамын» деп шешіп қойғанмын. Себебі кез келген сала техникамен байланысты, яғни «автомехті» бітірсең, жұмыс табу қиын болмайды.
Су көлігі мамандығын бітіріп, Каспий флотында әскери борышымды атқардым. Қазіргі таңда осы салада жұмыс атқарып келемін. Біздің балалығымыз бен еркелігімізге түсіністікпен қарап, жалықпай білім берген ұстаздарым – П.С.Храмцовқа, Р.Т.Оспановаға, Т.П.Воробьеваға, И.Г.Коробковаға алғысымды айтамын.
Жастілек КӨКЕБАЕВ, колледжінің 2004 жылғы түлегі:
– Мен өзіме сабақ берген ұстаздарымның ішінен Тұяқбай Молдажановты ерекше атағым келеді. Ол – өз ісінің маманы. Автокөліктің кез келген маркасын жөндеуде, жілік-жілікке шағып, жік-жігін ажыратып түсіндіргенде еркіңді еріксіз билеп әкетеді. Сабақ үстінде тақырыпты тез, нақты, толығымен оқушыларға ұғынықты етіп түсіндіре біледі. Балалармен тез тіл табысып, олардың ой-пікірін одан әрі жетілдіріп, оған дұрыс бағыт-бағдар бере біледі. Бір сөзбен айтқанда, ол – өз ісінің маманы, ұлағатты ұстаз.
Мақсат жолында
«Бүгінгі таңда Қазақстанның әлемдік экономикалық дағдарыстан шығуының бір жолы – транспорттық инфрақұрылымды дамыту болып табылады. Осынау қиын-қыстау заманда ҚР Үкіметі жол инфрақұрылымын дамытуды қолға алып отыр. Елбасының дағдарысқа қарсы бағдарламалары аясында алға қойған міндеттерді орындау туралы көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов мырза «Казахстанская Правда» газетіне берген сұхбатында нақты іс-шараларды анықтап берді. «Жол картасы» талай өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешімін табуына жол ашты.
Қазақстан Республикасының 2006-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша теңіз көлігін дамыту, жаңа мамандықтар ашу арқылы теңіз-көлік мамандарын даярлау және қайта даярлау Тынышбаев атындағы Көлік және коммуникация академиясында, Әскери-теңіз академиясында және Семей көлік колледжінде жүзеге асырылуда», – дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Владимир Шиллер.
Ескерілген еңбек
Көлік колледжі ұжымының іскерлік іс-шаралары, кәсіби мамандар даярлаудағы ерен еңбегі ескерусіз қалған емес. Атап айтар болсақ, «Мінсіз іскерлік беделі үшін» қазақстандық-швейцариялық Бизнес клубының INSAM Құрметті Алтын медалімен, «Іскерлік тәжрибедегі жоғарғы сапа үшін» осы аттас Халықаралық қордың Алтын медалімен, «2006 Ұлттық экономика көшбасшысы» халықаралық сыйлығының Құрмет белгісімен марапатталды.
Колледж оқушылары 2008 жылы желтоқсанда өткізілген мемлекеттік аттестациядан барлық мамандықтар бойынша орташа 4,5 балл жинап, абыроймен өтті. Оқу орны басшылығы колледждің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан кәсіби кемелділігін, әдет-ғұрпын, жұдырықтай жұмылған ұжымның бірлігін сақтап, шебер басшылықтың, үлкен ұйымдастырушылық қабілеттің арқасында оны одан әрі байытып келеді. Колледж ұжымына білімді ұрпақ, кәсіби маман даярлау жолындағы еңбектеріңіз ескеріліп, халық құрметіне бөлене беріңіздер дегіміз келеді.