Италия нарығына жіп шығарамыз
«Қызыға бермей итальяндық бұйымға, мата шығару Қазақстанға қиын ба?» деп армандайтынбыз. Ендігісі – сол үмітіміз ақталған сыңайлы. Итальяндықтар қазақстандық жүн өндірісіне қызығушылық танытуда.
Тараздық кәсіпкерлер биылғы жылы итальяндық өндіріс орнымен бірлескен кәсіпорын ашуды көздеп отыр.
Марат ОТЫНШИЕВ, «ПОШ Тараз» фабрикасының директоры:
– «ПОШ-Тараз» фабрикасында жіп иіру өндірісі ашылмақ. Бізде топс өндіріледі, енді итальяндық рынокқа арнап жіп өндіретін боламыз. Италиялықтар құрал-жабдық, технологиямен жабдықтау жағына жауапты. Нарыққа шығару да – солардың мойнында. Соның негізінде біз – 20 пайыз, итальяндықтар 14 пайызды бөліспек. Қыркүйек айында ашуды жоспарлап отырмыз.
Итальяндықтар технологиямен жабдықтаса, «Тараз» СПК айналымға арналған қажетті шикізат пен ғимаратты қайта жаңғыртуды қолға алмақ. Жоспарланған уақытта бәрі дайын болғасын өнім өндіруді бастамақ. Жоспар бойынша жылдық қуаты 1 мың тоннаны құрамақ. Ал айына 80 тонна өнім шығарылатын болады. Италиялықтар мата шығаруды көздеп отыр. Оны еліміздегі нарыққа шығармақ.