Ісімен із қалдырған...
Нағыз прокурор! Бұл – осы әңгімеге өзек болып отырған әділет саласының үздігі, марқұм Сәткен Мәйкенұлына жаңалық жаршылары – журналистер қауымының берген атауы болатын.
Жұмыста көңіл күйім болыңқырамай, әдеттегіше мерзімді баспасөзді ақтарып отырғанмын. Телефон қоңыраулады. Тұтқаны көтердім. Ар жақтан «Аға, мен Мара Мәйкеновамын ғой», – деді сөзінде діріл бар қарындасым. Он күннен бері қоңырау шалып, сіздің телефоныңызға түсе алмай жатырмын. (Кезекті демалысымда елде болғанмын әрі телефон нөмірін жаңартқан едім).
– Жайшылық па, амандық па? – дей бердім Мараның «үздіксіз іздеп жатырмын» деген сөзінен, әрі дауысындағы дірілден секем ала...
– Папам қайтыс болды, – деді төбеден суық су құйып жібергендей қарындасым.
– Қалай, қашан, қартайып тұрған жоқ еді ғой? – дедім жөпелдемеде сөз таба алмай.
Астанаға оралып келгенше ағаның қырқы да болды. Сәткен ағаға берілген астың тізгінін өз қолына алып тұрып, қоғам қайраткері Кәрібай Шушиков:
– Әуеден тағы бір жұлдыз ағып түсті. Сәткен Мәйкенұлы панасызға қамқор болды. Адамгершілік туын асқақ ұстады. Өмірінің әрбір сәтінде әділдік іздеді. Адамның қиянат көрмеуіне білімін де, біліктілігін де, күш-қайратын да арнады. Содан рақат тапты. Ағаға сүйеу, ініге қамқор болды. Ағаның аялы алақанының жылуын көрген жанның бірі менмін, – деп тебіренді.
Сәткен ағаның тегі өз алдына, Мәйкен сияқты адал әкенің, көрнекті композитор Базарбай Жұманиязов сияқты жезденің, бөле айтарлықтай, «Бейімбет жау болса, мен де жаумын» дейтін халқымыздың асыл перзенті Ғабит Мүсірепов сияқты суреткердің тәлімін көргені өз алдына бір әңгіме өзегі боларлық. Ұлы Ғабеңнің темекісін тасуының өзі бір хикая. Осындайда, кеңсесінде сыр ақтарып отырған бір сәтте: «Құлыным, Айтқадыр, ағаңның темекішіл екенін білесің ғой, қорап босап қалыпты, мына бұрышта дүкен бар, содан soveren әкеліп бере қойшы, Ғабит Мүсірепов сияқты заңғардың темекісін тасыған адамның жұмсағанын да жақсылыққа балағайсың, өйткені Ғабеңнің батасын алдым ғой, саған да жұғысты болып қалар», – деп әзіл қоса айтқаны есіме түседі. Ол былай болған екен. Жездесі Базарбай мен апасы Гүлбану Алматыда Ғабеңдермен көрші тұрады. Шығармашылық адамдар отбасы болып араласады ғой. Сол кезде апа-жездесінің қолында, ҚазМУ-дың заң факультетінде оқып жатқан қағылез студент Сәткенді ұлы суреткер жақтыртып қалып, әр нәрсені сылтауратып, маңайына үйірсектете береді. Жазушы адам жанының тамыршысы емес пе, сол кезде-ақ көкірегіне иман ұйыған жақсы жанды жазбай таниды.Темекі алдыртады, әңгіме айтады, студенттен сыр суыртпақтайды, тіптен преферанс үйретеді. Әйтеуір, маңайына жақындата берудің жолдарын іздейді ғой. Ақыры зерек жігіт преферанстың майын ішпесе де, ойнағанда таңды таңға ұратын Ғабеңді зеріктірмейтіндей деңгейге жетеді.Студентке ықыласы ауғаны сондай – Ғабит Махмұтұлы дипломының сиясы кеппеген жас маманға Алматыда қалуды ұсынып, оған күш салатынына сендіреді. Асыл ағаны, жақсы жездені, ақ апаны, тіпті арайлы Алматыны қимаса да, туған жердің құдіреті өзіне тарта береді. Сөйтіп, өмірдегі ұстаздарына шексіз алғысын айтып, Жаңаарқасына келіп табан тірейді ғой.
– Ғабеңнің қолына су құю бақытының бұйырғанына ризамын. Сөз зергерінен алған тәлімім өмірімнің өн бойына азық болып келе жатыр. Жолсапарға да алып шығып, жол жүру рақатын да сездірген Ғабең еді. Ғабит аға мен Базарбай жездем үйреткен дастарқан мәдениетін әлі күнге дейін бағдаршамдай ұстанамын, – деп еді бірде ризашылықпен, мақтануды аса сүйе бермейтін Сәткен ағам. «Тіршілік болса, жолсапарға бірге шығып, Ғабит ағаның «дастарқан мәдениеті» деген үлгісін көрсетемін, ол пойыздың купесінен басталады» дегені әлі есімде. Менің бір байқағаным, асыл қашанда асыл болып қалатын көрінеді. Сәт-ағама деген жұртшылықтың ықыласы, расында да, ерекше екен. Ас үстінде сағынышпен еске алғандардың сөзінен ұққаным осы. Жүрекжарды жоқтау сөздер үш сағатқа созылған астың шеңберіне сыймады. Прокурорлық қызметі орайымен болған жерлерден келген өкілдер өз алдына, жеделхат түрінде жеткен көңіл айтуларда да есеп болмады.
Ағамен сыйласқан сәттердің бәрін қазір қимастықпен еске аламын. Ал Мара қарындасымның мені қоймай іздеуінің жөні бар еді. Ол асыл әкесі мен менің арамдағы бауырлық қарым-қатынасты жақсы білетін... Сәткен аға екеуміз ағалы-інілі болып жарастық. Арамызда сыйластықтың жібек жібі өрілді. Екі жыл бұрын, менің 50 жасқа келген тойымда көсіле, тебірене сөйлегенін қалай ұмытайын?! – «Ағам деп төріңді, беташар тілекті беріп жатырсың, рақмет, сендей жігіттер керек, аман бол! Енді мына кішкентай ұлдарымның шаңырақ көтерген тойларында ортаңнан табылайын», – деп, келінінің қолына шашуын ұстатып, бетінен сүйіп жатқаны кеше ғана еді. «Енді ұлдарымның тойында Сәткен ағамды төрден көре алмайтын болдым-ау» дегенде көңілім қатты құлазиды. Шара не, «жазмыштан озмыш жоқ». Кейде мен ұзағырақ хабарласпай кетсем, өзі телефон шалатын еді-ау.
– Құлыным Айтқадыр, ағаңды іздемейсің ғой тіптен, қолың тимей жүр ме? Келсейші, әңгімелесейік, – деп, үніне наз қоса өтінішін айтар еді. Қазақтың сөзінің нәрін уызынан татқан Сәткен ағаға «құлыным», «ботам» деген сөздер табиғатынан тән сияқты көрінеді маған. Еріксіз маңайына үйіретін осынау іңкәр тілбезеулер онсыз да көз тоятын тұлғасына айрықша сән бере түседі.
Таныстығымыз осы қалай басталып еді? Қараөткелге көш толассыз ағылып жатқан кез еді ол. Арнайы Елбасы тапсырмасы арқылы кәделі квотамен Алматыдан қоныс аударғандар көші-қонды ұйымдастырумен айналысатын органның пәрменімен «жаманды-жақсылы» пәтерлеріне қоныстанып жатты. Оның сыртында жүрек қалауымен «жаңа астананың тарихын бірге жасайық» деген игі ниетпен ат артқандар қаншама десеңізші?! Соңғысының қатарында дәл сол сәттерде облысы жабылып, пұшайман күй кешкен осы жолдардың авторы да бар еді. Жазушы Алдан аға Смайылдың қамқорлығымен қалам тербеуге мүмкіндік алатындай, Ақмоладағы жалғыз қазақ газетіне аялдаудың орайы түсті. Міне, осы кез ғой, Сәткен ағаны жолықтырғаным. Не керек, газеттің дәстүрі бойынша қала прокуратурасының жұмысын көрсету туралы редакциялық тапсырманы маған берді. Менің бөлімім қаланың әлеуметтік-экономикалық саласын көрсетумен шұғылданғандықтан, шаһардың үздіксіз тіршілігін көрсету мойынға мұрша бермейтіндігінен, прокуратура тапсырмасын басшылықтың келісімімен газетке келуге ниеттеніп жүрген кәнігі журналист Самат Асқарға жүктеуіме тура келді. Сөйтіп, жинақтап қойған материалдарым мен «табы» басылмаған қосымша деректерді Сәкеңнің қолына ұстаттым. Нәтижесінде екеуміздің атымызбен «Қара қылды қақ жарған» деген сүйкімді сұхбат жарияланып, ол Сәткен ағаның редакцияға алғыс айтқан телефон қоңырауына негіз болғаны әлі есімде.
– Прокуратураны жемқорлықтың нысанына айналдырғысы келетіндер бар, олар оның ішкі аласапыран күрестерін, органның, әу баста анықталған қасиетті борышын естен шығарып алады, – деп бірде күйіне тоқтап еді. «Күлтөбенің басындағыдай» қала әкімшілігінде күнде өтетін жиынға прокуратура атынан әдеттегіше есеп беруге келген Сәткен Мәйкеновтің сөзіне БАҚ өкілдерінің құлақ түргені бар. Тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы төрағасының, неге екенін қайдам, қай «қисыққа» болса да прокуратураны кінәлі ғып айыптай сөйлейтін әдеті. Қала әкімшілігінде аптасына бір өтетін «планерка» деп аталатын осындай әр апталық жиында айтылатын сөз бұл. Прокурордың бірінші орынбасары әлгі тұқыртулардың бәріне және басқа да жиынға қатысушылар тарапынан қойылған «тікенекті» сұрақтарға кәсіби тұрғыдан негіздеп, сауатты жауап қайтарғанына, оны қоғам төрағасының өзінің де сол жерде-ақ мойындағанына куә болдық. «Бәрекелді, міне, нағыз прокурор, ауыз аштырмады ғой» десті сонда тілшілер қауымы. Жиынға төрағалық етіп отырған Ә.Жақсыбековтің жүзінен де прокурорға деген ризашылықты байқаған едік.
Таяуда ҚР еңбек сіңірген әртісі, ұлттық мәдениетімізге үлкен үлес қосып жүрген азамат Серік Оспанов Сәткен аға туралы әңгіме сабақтала бастағанда-ақ «енді ондай адамды таба алар ма екенбіз, жаны ерекше нәзік сирек тұлға ғой» деп еді қамығып. Секеңе алып-қосарым жоқ. Енді тек осылайша сағынып, құран бағыштап, еске алып отырамыз. Қазан айының соңында ағаның жылдығына арнап ас беріледі. Оған да Сәткен Мәйкенұлын сағынған жұрттың жиналып, көзіне жас іркетініне күмәнім жоқ.
Мақала болған соң, оның белгілі бір шарттары болады. Ол кеңес кезінде марапаттарды түгін қалдырмай тізумен ажарланбақ еді. Бірақ қазір кеңселік тәртіппен алған наградаларын термелеп отыруға аса құлқым болмай тұр. Өйткені көзі тірі болып, сіз туралы «пәлен орден», «түген медаль» алғаныңызды айтайын десем, ағаның мұнымды құптамасына кәміл сенімдімін. Сондықтан марқұмның аруағын мазаламай, ел-жұрты берген Азамат, менің әріптестерім атаған Нағыз прокурор, туған-туыстың Асыл бауыр деген шынайы да тұнық марапаттармен шектелгенді жөн көріп отырмын.
«Артында бар оңалар» дейді қазақ. Бұл жерде ғасырдан-ғасырға көшіп келе жатқан тәмсілдің «жетім жетіледі» деген сияқты екінші қырын қылтитудан аулақпыз. Шүкір, тәрбиелі, өрелі, өнегелі ұл-қызы жетілген. Өз алдына бір-бір отау. Ақар-шақар өз отбасылары бар. Жақында ғана олар марқұмның өмірдегі тағдырласы, сырласы, ошағының берекесі Ләззат жеңгеміздің басшылығымен қабірінің басына еңселі ескерткіш қойды. «Жақсының жақсылығынан сыр шертетін» белгі еді ол.
Сәткен аға-ау, бізден қанша алыстасаңыз да, тау тұлғаңыз еңселеніп барады. Орайы келгенде, жас прокурорларға сіздің атыңызды, сіз иеленген адамгершілік қасиеттерді, мамандыққа адалдықты, құқық қорғау саласына сіз қосқан үлесті айтып жүретін боламыз. Оның құқықтанушы жас маманның өмір жолында кәдеге жарарына күмәнім жоқ.