Соңғы 5 жылда интернет-алаяқтық қылмыстарының саны 40 есе өсті. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрсетілген, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
«Инновациялық технологиялар мен цифрлық сервистердің қарқынды дамуы, сондай-ақ азаматтардың қаржылық сауаттылығының жеткіліксіздігі жағдайында интернет-алаяқтық кеңінен таралуда. Кейінгі 5 жыл ішінде олардың саны 40 есе өсті. Атап айтқанда 2018 жылы 517-ден 2022 жылы 20,5 мыңға дейін. Мұндай қылмыстар экономикаға ғана емес, елдің ұлттық қауіпсіздігіне де орасан зор зиян келтіреді», - деп жазылған ашық талқылауға шығарылған құжатта.
Мәлім болғандай, соңғы 5 жылда интернет-алаяқтар азаматтарға 22 млрд теңгеден аса залал келтірген.
«5 жылда интернет-алаяқтық нәтижесінде келтірілген залал сомасы 22 млрд теңгеден асады. Әйелдер әсіресе осал топ болып табылады және қылмыстың осы түрінен зардап шеккендердің жартысынан көбін құрайды. Оларға қатысты ауыр қылмыстардың 4 есе өсуі интернеттегі алаяқтыққа байланысты. Ұрланған ақша халықаралық аударым сервистері арқылы алынады немесе криптовалютаға аударылады. Фишингтік интернет-ресурстар, сондай-ақ қоңырау шалушының нөмірін өзгертуге, қоңырау шалушының дауысын бұрмалауға мүмкіндік беретін хакерлік бағдарламалар танымал», - делінген министрлік ұсынған ақпаратта.