Ғылым күні қарсаңында елордалық бір топ ғалым марапатталды
Бүгін – ғылым күні. Осыған байланысты кеше Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов бір топ елордалық ғалымдармен кездесіп, мерекелік жиын өткізді.
16 сәуір – ғылым күні деп жарияланғаны белгілі. Алайда ол мереке ретінде әлі қалыптасып үлгерген жоқ. Министр өз сөзін барлық ғалымдарды төл мерекесімен құттықтаудан бастады. «Осы мереке қарсаңында елордамыздағы ең таңдаулы деген ғалымдарды жинап отырмын. Барлық ғалымдарды құттықтаймын», – деп атап өтті ол.
Елімізде соңғы жылдары ғылымға деген көзқарас артып келеді. 2009 жылдың қыркүйек айында ғылымды дамытудың жаңа үлгісі жасалғаны белгілі. Сол үлгі аясында биыл «Білім туралы» жаңа Заң қабылданды. Министрдің айтуынша, жаңа заң аясында біраз шаруа атқарылып, үлкен жобалар жасалуда. «Елімізде ғылымға деген көзқарас өзгеше болып отыр. «Қазақстанда ғалымдар жоқ, ғылыми жұмыстар да жоқ» деген сөздердің жалған екені дәлелденді. Олар үлкен жаңалықтар ашып жатыр. Ғалымдарға барлық жағдайлар жасалуда. Қаржылық және ұйымдастыру жағынан кедергі жоқ. Бүгінгі таңда біздің ғалымдардың қатысуымен 170 инновациялық жоба әзірленді. Олардың 30-дан астамы іске асыруға даяр. Ғылыми-инновациялық байқауға түскен жұмыстардың саны 400-ден асты. Бұл біздің ғылыми ортаның инновациялық экономикаға бейімделе алғандығын көрсетсе керек», – дейді Білім және ғылым министрі.
Сондай-ақ ғылыми-зерттеу университеттері мен институттардың рөлі артып келеді. Осыған орай қазіргі кезде арнайы жұмыстар атқарылып, алдағы уақытта 21 университетке инновациялық дәреже беру көзделіп отыр. Ол үшін ғылымдағы бәсекені арттырып, саны көп сапасыз оқу орындарынан арылу қажет болады. Б. Жұмағұлов осы мәселе бойынша жұмыс істеп, жоғары оқу орындарының дайындығына қарай Қазақстанда тек 50 университетті ғана қалдыруды жоспарлап отырғанын атап өтті. «Біздің ойымызша, 34 академия және 20-ға жуық институт болмақ», – деді ол.
Мерекелік кездесуде ұзақ жылдар еңбек етіп, білім беру жүйесін дамыту мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін Парламент Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымының докторы Кенжеғали Сағадиев және Парламент Сенатының депутаты, профессор ҚР ҰҒА академигі Ғарифолла Есім бастаған бір топ ғалымдар «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Арнайы төсбелгілерді иелеріне министрің өзі табыс етті.