Елбасы сонау 2002 жылы Нидерланды корольдігіне жасаған ресми сапары кезінде сол елдің ханшайымы Беотрикс ханым президентімізге қызғалдақ жайында ағынан жарылып, мынадай әңгіме айтыпты: «Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны –Азиямен, сондай-ақ Қазақстанды Нидерландымен байланыстырып тұрды. Осы байланыстар біздің елімізге қызғалдақ гүлін әкелді. Бұл гүл осылайша Нидерландыға жол тапты. Саудада ол ең өтімді өнімге айналды. Қазіргі кезде қызғалдақ гүлі нидерландылықтардың нөмірі бірінші экспорттық тауары ретінде бағаланады. Сол үшін де сіздің елге қарыздармыз».
Ақиқаттың негізінде өрбитін аңыз-әңгіме бабаларымыздың қаны тамған жерлерге араға бірнеше жылдар салып қып-қызыл қызғалдақтар жайқалып шыққан дейді. Осылайша, қан майданнан қалған қызғылт дақтар уақыт өте келе гүл падишасы – қызғалдаққа айналыпты.
Осыдан бірнеше жыл бұрын қызғалдақтың отаны Қазақстан екенін ғылыми тұрғыдан жан-жақты дәлелдейтін жаңа туынды жарыққа шыққан болатын. Ғалым Анна Иващенконың «Қазақстанның қызғалдақтары және өзге де жуа тұқымдас өсімдіктер» атты бұл кітабы баз біреулер үшін анау айтқан жаңалық болмас, әрине. Алайда онда бізге таныс һәм бейтаныс қызғалдақтың тарихы мен өсу процесі, көбеюі секілді жайлар талданып жазылған.
– Менің қызғалдақтар табиғатын зерттегеніме қырық жылдай уақыт болды. Қазақ халқы ежелгі дәуірден бері дала гүлі қызғалдақты құрметтейді және оның көркіне қызығып қана қоймайды. Шипалы қасиеті бар өсімдік оңтүстік өңірде емдік мақсаттарға кеңінен пайдаланылады, – дейді ғалым Анна Андрейқызы.
Қызғалдақтың тұқымы Ұлы Жібек жолы арқылы Қазақстаннан – Түркияға, одан әрі Голландияға жеткен көрінеді. Дала қызғалдақтары еліміздің барлық облыстары мен аудандарында баршылық. Алайда мамандарды бұл күндері қызғалдақтың келешектегі тағдыры қатты алаңдатуда. 1981 жылы «Қызыл кітапқа» қызғалдақтың 13 түрі енгізілген. Өкінішке қарай, тізім мұнымен бітер емес. Сондықтан да дала гүлдерін жүйелі түрде қорғау бүгінгі таңдағы басты мәселе болып тұр. Қызғалдақтың кешегісі бәрімізге белгілі, болашағы бұлыңғыр. Ал бүгінгі хал-жағдайын мамандар былай тарқатады.
Оразәлі Ахтанов, ОҚО ішкі істер басқармасының табиғатты қорғау полициясының аға инспекторы:
– Қызғалдақ гүлі «Қызыл кітапқа» енгендіктен, ерекше қорғауға алынған. Жоғалып, құрып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарларды қалай қорғау керектігін үйретіп жатудың өзі тым артық. Десек те біздің елде экологиялық сауат ашуды қажет ететін жағдайлар өте көп. Егер азамат қызғалдақты жұлу кезінде қолға түссе, онда ҚР Қылмыстық кодексінің 290-бабымен оның үстінен қылмыстық іс қозғалады. ОҚО Түлкібас ауданына қарасты Қызыл төбешік дейтін жердегі грейг қызғалдағы ерекше қорғауды қажет етеді. Және сол төбеден өзге аймақтан бұл гүлді кездестіре алмайсыз. Ерте көктемде осы жерде сұқ көз бен сұғанақ қолдар көбейеді. Мәселен, былтырғы рейд қорытындысы бойынша, үш-төрт факт тіркелсе, биыл оның саны тағы артып отыр. Әсіресе, мейрамдар қарсаңында қызғалдақтың «жаулары» көбейеді. Аяусыз жұлудың кесірі бірнеше жылдардан кейін қызғалдақтардың жаппай жойылуына алып келе ме деген қауіп бар. Осы жағдайды болдырмау үшін тырысып-ақ жатырмыз. Заң бойынша, бір дана қызғалдақты жұлуда келтірілген залалды өндіру үшін 360 теңге айыппұл төленеді. Менің ойымша, браконьерлікпен күресу үшін қатаң шаралар қолдануымыз қажет сияқты. Ертеңгі күні өкініп қалмас үшін.
Әмірбек Сиқымбаев, ОҚО «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің эколог-маманы:
– Өгем МҰТП-тың территориясында қызғалдақтың бірнеше түрі кездеседі. Атап айтсақ, грейг, кауфман, шымған, түркістан, жалғантүкті, жалған қосгүлді, күмәнді деп аталатын қызғалдақтар. Мен эколог-маман ретінде мерзімді басылымдар арқылы оқырмандарға «қызғалдақты жұлмаңыздар» деп әрдайым айтып жүремін. Өйткені олардың пиязшығына зиян келетін болса, ол жерден дала гүлі қайтіп шықпайтынын біреу білсе, біреу білмейді. Тіпті қызғалдақ ұрығын қайта шашқан күннің өзінде оның өсіп-жетілуі үшін кем дегенде 10 жыл керек болады.
Нұрахан Жұмағұлов, эколог:
– Егер қызғалдақты гүл падишасы дейтін болсақ, грейг қызғалдағын қызғалдақ падишасы деу әбден жарасымды болар еді. Өйткені грейг – ең әдемі және ең аз кездесетін қызғалдақ түрі. Оның қалың көкшіл жапырақтары мен 12-15 см дейін жететін бокал тәріздес гүліне сұқтанбайтын жан кемде-кем. Қызғалдақтың бұл түрі тек өзінің әсемдігімен ғана емес, емдік қасиеттерімен де ерекшеленеді. Мәселен, гүлдің пиязшығының құрамында 40-60 пайыз крахмал және қант бар. Бас ауруы, бауыр ауруларына пайдаланылатын бөліктері де бар. Өкінішке қарай, оның сұлулығы өзіне сор болып жабысып отыр.
P.S.
Қазақ жерінен сонау Голландияға ұзатылған қызғалдақ өз отанында құрдымға кетіп барады. Тарихын білмегендіктен, балалар әуестеніп жұлса, бір сәрі, ал оларға тыйым салып отыруы керек ересектердің өзі қызғалдақ ғұмырын жалмауға даяр тұрады. Сол қызғалдақты жұлмай тұрып, қызғалдақ сөзінің төркіні «қызғылт дақ» жайлы әрбіріміз ойланып көрсек қой, шіркін...