Гендік модификация болашақты өзгерте ме?
Бүгінде адамзатты толғандыратын үлкен мәселелердің бірі – азық-түлік өнімдерінің, жануарлардың, тіпті, адамның гендік модификацияға ұшырауы. Гендік модификация немесе гендік инженерия дегеніміз не?
ГМО (гендік модификацияланған организм) – гендік инженерия әдістері арқылы жасанды түрде гені өзгертілген ағза. Бұл зертханалық жағдайда бір тірі организмге екінші бір тірі организмнің генін енгізу арқылы «мінсіз» өнім алу немесе тірі организмнің генін редакциялау дегенді білдіреді.
Өткен жүзжылдықтың 70 жылдарынан бері ғалымдар ГМО-ны қолданысқа енгізе бастады. Десек те, әлемдік ғылыми қауымдастық әлі күнге ГМО-ның пайдасы мен зияны жайлы ортақ тұжырымға келген жоқ. Бірақ бірқатар ғалымдар «ГМО – адамзатты аштықтан алып қалу жолы» деген ұстанымда. Өйткені, ғылыми болжамдарға сәйкес, 2050 жылға қарай жер бетіндегі адам саны 10 млрд.-тан асып кетеді. Ал кейбір ғалымдардың тұжырымынша, ГМО – адамзатқа жасалған қастандық. Өйткені, бұл технологияның коммерциялық мақсатта жасалғанын да ескерген жөн.
Мақсат не?
О баста генетикалық өзгерістер ғылыми және шаруашылық мақсатта жасалған. Кейіннен медицина және фармацевтика саласында кеңінен пайдаланыла бастады. Ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнеркәсібіндегі өнімдердің гендік модификациялануы дегенді қалай түсінеміз? Бұл дегеніміз – бір өсімдіктің геномына басқа бір тірі организмнің бір немесе бірнеше трансгенін енгізу құбылысы. Гендік өзгеріске ұшыраған ағза немесе өсімдіктің жаңа ерекшеліктері пайда болады. Мысалы, гендік модификацияланған өсімдіктер зиянкес жәндіктер мен құрт-құмырсқаларға немесе гербицидтерге қарсы төзімді келеді. Нәтижесінде зиянкес жәндіктерді жоюға кететін шығын азаяды. Сондай-ақ, гендік өзгеріс нәтижесінде өнімнің пісіп жетілу уақыты қысқарып, өнім қолайсыз жағдайларға және вирустарға қарсы төзімді келеді.
Ғалымдар қазіргі заманғы биотехнологиялар – дәстүрлі селекция жұмыстарының қисынды жалғасы екенін айтады. Трансформацияның негізгі мақсаты – өсімдіктер мен жануарлар тұқымдарының жаңа сорттары мен түрлерін шығару, олардың пайдалы қасиеттері мен мүмкіндіктерін жоғарылату, қолайсыз жағдайларға төзімділігін арттыру, өсімдіктердің тез өсуіне, дәмінің жақсаруына жағдай туғызу деп санайды ғалымдар.
ГМО қалай жүзеге асады?
АҚШ, Қытай, Канада, Мексика секілді біраз елде жеміс-жидектер мен дәнді дақылдарға, көкөністерге тірі организмнің ДНК-сын қосып, будан өнім шығару ісі әлдеқашан жолға қойылған. Осыдан оншақты жыл бұрын америкалық ғалымдар қызанаққа медузаның ДНК-сын қосып, жаңа сортын шығарды, картопқа бәйшешектің, сары шаянның генін қосты, жүгеріге егеуқұйрықтың, банан мен алмаға жәндіктердің генін қосу арқылы өсімдіктерді суыққа, құнарсыз топыраққа төзімді болуға, зиянкестердің жоламауына бейімдеді. Осындай тәжірибелердің нәтижесінде құрт жемейтін жеміс-жидектер, қанша күн тұрса да бұзылмайтын, шірімейтін көкөністер пайда болды.
Генетик ғалымдар қазір әлемде 1000 түрлі өсімдік тектес көкөніске гендік будандастыру жүргізу мүмкіндігі бар екенін айтады. Бүгінге дейін олардың 100 түрі таңдап алынып, будандастырылған. Халық ең көп тұтынатын қызанақ, соя, жүгері, арахис, бидай, картоп секілді өнімдер гендік модификациялауға жиі ұшырайды. Ғалымдардың зерттеуінше, құрамында ГМО-сы көп тағамдардың тізімінде құрғақ тез дайындалатын таңғы астар мен лапшалар, жүгері ұны көш бастап тұр. Мұхит асып келген бұл өнімдердің құрамындағы ГМО 40 пайызға дейін жетеді екен.
Ғалымдар не дейді?
Қазір әр елде ГМО қоспасын тағамда пайдаланудың өзіндік мөлшері бар. Мәселен, Жапонияда – 5%, кейбір Еуропа елдерінде – 0,9%, АҚШ-та – 10% ГМО қоспасын пайдалануға рұқсат етілген. Қазақстандағы мөлшер – 0,9% деп бекітілген. Қазақстанға сырттан келетін өнімдердің жіті бақыланатынын айтады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшылары. Егер өнімдердің құрамында ГМО мөлшерден тыс болса, айналымнан алып тасталып, тиісті кәсіпкерлерге айыппұл салынатын көрінеді. Дегенмен, ГМО-ның қолданысқа кеңінен еніп кеткені соншалық, енді оған шектеу қою қиынға түсетін секілді.
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ маманы Шынболат Рсалиевтың айтуынша, соя, қант қызылшасы, ас бұршақ, жүгері, рапс секілді ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша әлемде жетекші ГМО егетін елдер бар. Олар: Қытай, Америка, Аргентина, Мексика, Канада. Біз қаласақ та, қаламасақ та жер бетінде ГМО-ны өсіру дами береді дейді ғалым. Канада ГМО рапс өндіруден көш бастап тұр. Батыстың кейбір елдері осындай тағамдарды тұтынуға мәжбүр. Өйткені, органикалық таза тағамдардың бағасы өте қымбат.
Ал қазақстандық Евгений Климов ГМО-ны тұтыну ұлтты ұрпақсыз қалдырады деп санайды. Ғалымның айтуынша, ГМО пайдасы мен зияны әлі толық зерттеліп біткен жоқ. Бірақ қалай болғанда да ГМО-ның адамзатқа пайдасынан зияны көп екенін айтады. «Егеуқұйрықтарды екіге бөліп, олардың бір тобын үнемі тек ГМО өнімдерімен тамақтандырғанда, олардың екінші, үшінші буыны ұрпақсыз қалғаны белгілі. Алайда, қазіргі таңда осындай тәжірибелерге жіті мән берілмей келеді», – дейді ғалым.
Қазақ тағамтану академиясының профессоры Төрегелді Шарманов ГМО өнімдері адамның ағзасына қауіп төндірмейді дегенді біраз жылдан бері айтып келеді. Мұндай өнімдер қатерлі ісік секілді жаман ауруларды тудырады деген жалған болжам екенін айтады ол. Ғалымның пікірінше, адамның гені тамақтан бұзыла салатындай әлсіз емес. «Адамның ағзасында төрт қорғаныс қабаты бар. Сондықтан ГМО-ның адамға зияны жоқ», – дейді академик.
Қалай десек те, «Ауру – астан» деп санайтын қазақ халқы үшін табиғи органикалық өнімдерді тұтыну маңызды. ГМО-ның адам ағзасына нақты зияны дәлелденбегенмен, кейінгі жылдары адамзаттың небір қатерлі ауруларға ұшырауы, мутацияланған түрлі вирустардың пайда болуы, генетикалық аурулардың көбеюі осындай жасанды жолмен алынған өнімдердің әсерінен емес екенін дөп басып айта алмаймын. Бір ғана мысал, ГМО-ны қолданысқа енгізген де, ең жиі тұтынатын да АҚШ, ал ондағы халықтың 70-80 пайызы аллергиялық аурулармен ауырады, ал ГМО рұқсат етілмейтін Швецияда аллергияға шалдыққандар небәрі 8-10 пайыз екен.
Адам геніне де шабуыл басталды
Гендік модификацияның әу бастағы мақсатын айттық. Алайда, ғылым мен технология дами келе, қазір гендік инженерия адам генін өзгертуге де жетті. Адамға гендік модификация жасау ғылыми және адамгершілік тұрғыдан алғанда дұрыс емес болғандықтан, көп елдерде бұған тыйым салынған. Дегенмен, АҚШ, Қытай секілді алпауыт елдер адамзаттың өмірін ұзартамыз, генетикалық және иммундық ауруларды түбірімен жоямыз деген секілді желеумен адам геніне қол сала бастады. Өткен жылдары БАҚ беттерінде қытайлық ғалым Хэ Цзянькуйдің тәжірибесінің нәтижесінде алғашқы гендік модификацияланған егіз қыздар дүниеге келгені жайлы ақпарат тараған болатын. Лулу мен Нанудың геніне эмбрион кезінде өзгеріс енгізілген. Нәтижесінде олардың ағзасы АИТВ (ВИЧ) ауруларын қабылдамайды, яғни олар иммундық ауруға ұшырамайды. Бұл деректің қаншалықты рас екені әзірге белгісіз. Өйткені, Қытай билігі ғалымның жұмысы жайлы қандай да бір түсініктеме беруден қашқақтайды.
Ғылым мен технологияның қарыштап дамуының нәтижесінде бәрі де мүмкін екеніне көзіміз жетеді. Өйткені, XX ғасырда баланы құтыда жасауды ойлап тапқан адамзат басқа да адам айтса сенгісіз жаңалықтарды ойлап табатыны сөзсіз.
Адам геніне енгізілетін генетикалық инженерияның екі жағы бір. Бір жағынан, бұл өзгерістер бізге ауыр генетикалық аурулармен күресте айтарлықтай көмектеседі және қазіргі уақытта адамдардың өмір сүру деңгейін едәуір жақсартады. Екінші жағынан, бұл өзгерістер адам эволюциясына тікелей әсер етеді. Ғалымдардың болжамына сәйкес, болашақта адам құрсақтағы баланың түр келбетін, интеллектуалдық қабілетін, денсаулығын өз қалауынша өзгертетін дәрежеге жетеді екен. Адамдар генетикалық кодты басқарады және бұл манипуляциялар ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Сондықтан бүгінгі таңда гендерді редакциялауға қатысты басты сұрақ – Жаратқанға қарсы шыққанымыз дұрыс па және әлемді өзгертуге құқығымыз бар ма?
Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?
Айнұр СЕНБАЕВА