Ғарыш әлемін қазақтар да ертеден зерттеген бе?
Ғарыш айлағы жер кіндігіне орын тепкен дейді. Осындайда әйгілі Қорқыт бабамыз жайлы айтылатын әпсаналар еске түсетіні айдан анық. Абыз бабамыз жайында айтылатын аңыздарда ол жайында егжей-тегжейлі баян етіледі. Осы екеуінің арасында байланыс бар ма? Рас, ескі кезеңнен жеткен есті әңгіме бізді ойландырады. Ол кезде ғарыш туралы әлі де қозғала қоймаған еді. Сонда жер кіндігі жайлы бұрынғылар қалай білген? Бүгінгідей 18 мың ғаламның тамыр бүлкілін тап басып айта қоятын технология ол уақытта жоқ. Біздің ата-бабаларымыз оны қандай деректерге сүйеніп айтты екен?
Бұл тақырып ғалымдар тарапынан да үлкен қызығушылық туғызып отыр. Оның сырына үңілген білімді адамдар аз емес. Алайда сол бір түйінді мәселені тарқату әзірге оңайға соғар емес. Бәлкім, бұрынғылар біз білмейтін сырларды ашқан шығар. Сол құпияның кілтін біз әлі күнге дейін таба алмай жүрген шығармыз. Елдің арасында Қорқыт атаның өзін өмірде болмаған дейтіндер бар. Ол халықтың қиялынан туған кейіпкер көрінеді-міс. Бұл – ғалымдардың қызу пікірталасына айналған мәселе. Біздің айтпағымыз басқа. Абыз баба жайында баян етілетін аңыздың елдің аузында жүргеніне біршама ғасырдың жүзі болды. Ендеше біздің аталарымыз жер кіндігі жайында айтылатын ұғымды қайдан ойлап шығарған? Олар да бір дерекке сүйеніп айтқан болуы керек қой. Жер кіндігі туралы әңгіме еткенде алдымен осы жайлар ойға оралады.
Енді Қорқыт ата жайлы аңызға келсек. Ол кісі бір күні түсінде өзіне көр қазып жатқан адамдарды көреді. Оянғаннан кейін өлімнен қашып құтылмақ болады. Дегенмен қайда барса да, алдынан қазылған көр шыға береді. Дүниенің төрт бұрышын аралаған абыз бабамыз соңында Сырдың жағасына қайта келеді. Сонда оған «Жердің ортасы – Сырдың жағасы екен» деген аян беріледі. Бұл жер қазіргі Қармақшы ауданының аумағында жатыр. Абыз бабамыздың жамбасы жерге тиген жер осы ауданда жатыр. Қорқыт атаның мәңгілік дамыл тапқан моласы «Байқоңырдан» онша қашықта емес.
Өткен ғасырдың басынан зеңгір көкке самғауға зерделі зерттеу жасаған ғалымдар ғарыш айлағын қай жерде орналастыру туралы ойланғаны анық. Сонда «Байқоңыр» кімнің ойына келді екен? Бәлкім, космонавтика ғылымына негіз салған ғалымдар Қорқыт ата туралы аңыздан хабардар болды ма екен? Орыс ғалымы Г.Потанин аңыз жайында айта келе: «Бұл хикаяттың негізінде түрлі сырлар жатуы мүмкін. Мүмкін, ол астрономиялық болуы да ғажап емес. Онымен жердің немесе мұхит ортасының байланысы болуы ықтимал. Яғни, жер кіндігі жайында», – дейді. Осы сөздің астарында үлкен мағына жатыр.
Аңыздарға сүйенсек Қорқыт бабамыз жер жәннатын іздеп, дүниенің төрт бұрышын аралап, туған топырағы – Сыр өңіріне қайта келеді. Сонда «бұл жер – жердің кіндігі» депті. Тас алып, аспанға лақтырса, тас аспанда ұзақ айналып жүріпті. Жылдар өте ғалымдар «Байқоңырда жердің тартылыс күші аз, экваторға жақын, ғарышты ұшыруға ең қолайлы орын» деген қорытынды жасаған.
Ғарыш айлағына айналатын жер біріншіден, экваторға жақын орналасуы тиіс. Екіншіден, оның қасында мол сулы өзен болуы керек. Ондай мол сулы өзен сол кездегі Сырдария болатын. Сондай-ақ, ғарыш алаңына темір жол өтіп, солтүстік-батыс шалғайда кең жазық дала жатуы тиісті еді. Байқоңырдың табиғаты осы шарттарға сай келді.
Жазушы-фантаст, ТМД Астрономия-геодезия қоғамының толық мүшесі. Жүніс Сахиев «Космодром» грек сөзі. Ол қазақшалағанда «Зымырай қозғалып, ғарышқа ұшып шығатын жер» деген мағынаны береді. Ал ондай жылдам қозғалысты қандай жерден жүзеге асыру керек? Ғалымдар мен құрастырушылардың алдында осындай сұрақ тұрды. Ондай алаң жасауға бірнеше жер ұсынылды. Қойылған талап бойынша, ғарыш кемесі аттанатын алаң мейлінше тегіс, күн райы көбіне ашық, климаты жұмсақ жер болуы тиісті. Егер ғарышайлақ жер экваторына жақын маңға орналасқан болса, зымыранды ғарыш кеңістігіне ұшырып шығару тиімді болмақ. Оның үстіне, зымыран шығысқа қарай бағыт ала зымырай аспанға ұшып барып, жер төңірегіндегі айналымжолға шығуы тиісті. Сонда зымыранның ұшу жылдамдығы жердің өз осінен батыстан шығысқа қарай айналуымен астасып, ұшу жеңілдейді. Осы факторлардың бәрінің сәйкес келуі жер шарымыздағы адам баласының жұлдыздарға ұшуына ең алғаш жол ашқан Байқоңырдың тұсауын кесті» дейді.
Адамның ғарышта ұшуына арналған ғарыштық аппарат ғарыш кемесінің бірнше түрі бар. Бұрынғы КСРО-да бір рет пайдаланылатын (ұшырылатын) «Восток», «Восход», «Союз», т.б. ғарыш кемелері, ал АҚШ-та бір рет пайдаланылатын «Меркурий», «Джемини», сондай-ақ экспедициялық «Аполло» сияқты ғарыш кемелері және көп рет пайдаланылатын «Спейс шаттл» ғарыш кемесі жасалып, ұшырылды. Ұшқышпен басқарылатын ғарыш кемесі бірнеше бөліктен тұрады және ол қозғалтқыш қондырғылармен, сондай-ақ ғарышкер өмірін сақтайтын, қозғалысты басқару, энергиямен қоректендіру, байланыс жүйелерімен, т.б. жабдықталады. Ғарыштық аппарат – белгілі бір мақсатты орындау үшін ғарышқа ұшырылған әр түрлі техникалық құрылғылардың жалпы аты. Кейде ғарыштық аппарат терминінің орнына «Ғарыштық ұшу аппараты» термині де қолданылады. Ғарыштық аппаратты ғарышқа ұшыруға қажетті жылдамдыққа жеткізу
Біздің қазақ халқы ертеден-ақ аспан әлемінің қыр-сырына қанық болған секілді. Мәселен, түнде жол жүрген адам Темірқазыққа қарап, жолдың бағытын білген. Өйткені аталған жұлдыз өз орнын өзгерте қоймайды екен. Сондай-ақ Жетіқарақшы, Құс жолы деген ұғымдар бізде қаншама уақыттан бері бар. Сондықтан Қорқыт ата жайлы аңызда біздің халқымыз жер кіндігіне байланысты осындай ұғымдарды негіз етіп алған болуы әбден мүмкін.
Қазақтың маңдайына біткен абзал азаматының бірі Шоқан Уәлиханов та бұл тұрғыда өз ойын білдіріп өткен. Әйгілі ғалым: «Ислам дінінде өлімнен қашуға жол берілмейді. Алайда ол шамандықты ұстанатын халықтардың әпсана-хикаяттарында айтылады», – дейді. Рас, Қорқыт ата өмір сүрген заманда қазақ даласында ислам діні қанатын кеңге жая қоймаған.
Әйгілі аңыз жайында зерделі зерттеу жасау біз үшін өте маңызды. Оның ішінде жер кіндігі бізді әлі де қызықтырады. Ғарыш әлемін күнделікті жол етіп алғанымызбен, оның сырына қаныға қойған жоқпыз. Ең бастысы, көптеген сауалдың түйіні абыз бабамыз жайлы айтылатын аңызда жатқан секілді. Болмаса, алғаш рет көкке ғарыш кемесін самғатқан «Байқоңыр» жайлы жұмбақтың сырын аша алмаймыз.