Кабинетіме кірген кісінің үстінен хош иіс аңқып қоя берді. Танысымның бұрын иіс суға әуес еместігін білуші едім.
- Желпініп жүрсің ғой, бәтшағар! Иіс суды бұрқыратып сеуіп алыпсың. Әлде... деп, сөзді жеңіл әзілге бұрдым.
- Жоға, тәйірі. Ол жастан өтіп кеттік емес пе, енді қайырылып келмес. Тегін түскен соң босқа тұрмасын деп едім. Француз иіс суы ғой. Қолыма қалай түскені де қызық.
-Е,е, айт ендеше.
- Алматыда қызмет істейтін балам келіп кетті үйге. Қайтуға жиналып жатқанында: «Әке, иіс су керек пе? Сізге сыйлайын» деп жол сөмкесінен шығарды. «Тәуір ме өзі? Сатып алдың ба?» деп сұрағанымда ол: «Компания вице-президентінің ұлы бізде қызмет істейді. Сол жігіт таяуда үйленді. Той үстіндегі тойбастарда еркектерге француз иіс суын, әйелдерге француз әтірін таратты» деп, мән-жайға қанықтырды. Расын айтсам, таңғалдым. Баламның айтуынша, тойда ұзын-саны екі жүз елу адам болыпты. Сонда тойбастарға бір миллион теңгеден астам қаражатты шаша салғаны ма? Тойбастары осынша қымбат болғанында, басқа жөн-жоралғысына, ырым-жырымына, дастарханына жұмсаған ақшаны есептеудің өзінен үрейлендім. Жобаласам, жайшылықта баланы үйлендіріп, үй сатып әперуге жетерлік мол дүние. Жай адам өмір бойы еңбектеніп жинай алмайды. «Байдың асын байғұс қызғанғандық» емес, бірақ күйінесің. Тіптен, кедей-кепшікке зар болған есіл ақшаны обал еткен әлгі байдың дарақы әрекетіне қарап, сол дүние адал емес, арамнан жиналған шығар деген күпір ойға шомасың. ХХ ғасырдың басында алаштың жастарын оқытуды көздеген жас Сұлтанмахмұт ақын қаражат жинау мақсатымен «Шоң, Шорман серіктестігін» құруға ниет етіп Мұсаұлы Сәдуақас мырзаға барады емес пе. Сонда Сәдуақас мырза арғы аталары текті болғанымен, әкесі кедей Сұлтанмахмұтты менсінбей қонақ етіп, өз аталарының ақ патшаға сіңірген еңбегін, алған сый-сияпатын айтып, байлығымен мақтанып, ақынға аттанарында соқыр тиын да ұстатпайды . Сұлтанмахмұт сол сапарында әйгілі «Бір адамға» атты мәңгілік өлеңін жазады. Сол өлеңде «Кесені қолыма алып қарай бердім, ішінде нақақ көзденжас бар ма деп» деген жолдар бар. Мен де әлгі француз иіс суын үстіме сепкен сайын «Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп...» құтысына қарай беремін.
Танысым сөй деді де, үндемей қалды. Бірдеңе деуге менің де зауқым жоқ еді. Тымырсық кабинетті тымырсық үнсіздік басты.
Француз әтірі һәм тойбастар
Последние статьи автора