Cәуірдің 10-ынан бастап тексеруге іліккен 18 қазақстандық әуекомпанияның алтауына Еуропаға ұшуға тыйым салынды. Қара тізімге кірген әуекомпаниялар – «Кокшетауские авиалинии», «Атма», «Саят», «Berkut Air», «East Wing» және «Starline KZ». Аталмыш әуекомпаниялар SAFA мамандарынан бірнеше ай қатарынан ескертулер алған. Өкінішке қарай, қорытынды шығармаған.
Осы апта ішінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымы қазақстандық әуекомпанияларды, әуежайларды, авиация мамандарын және навигациялық жабдықтарды кешенді тексеруден өткізуді бастады. Әуетасымалдаушыларға Еуропада талап өте қатаң. Өкінішке қарай, еліміздің бірқатар әуекомпаниялары талапқа сай болмай отыр. Бейресми мәліметтерге сүйенер болсақ, тек жекелеген әуекомпаниялар ғана емес, бүкіл қазақстандық азаматтық авиацияға Еуропаға жол жабылуы мүмкін екен. Еурокомиссияның айтуына қарағанда, Қазақстан өзінің әуекомпанияларына дұрыс бақылау жасай алмай отырған көрінеді. Сәуірдің 8-і күні Еурокомиссия «қара тізімнің» жаңартылған нұсқасын бекітті.
Қара тізімге енгендер: Камбоджа, Ангола, Руанда, Бенином, Конго, Экваторлық Гвинея, Габоном, Қырғызстан мемлекеттері мен Қазақстанның алты және Украинаның бір авиаөкілі.
Еурокомиссия бұл шешімді шетелдік ұшақтардың қауіпсіздігін бағалайтын SAFA Safety Assess-ment of Foreign Aircrafts бағдарламасы шеңберінде жүргізілген тексеру нәтижесінде қабылдаған. Тізімді көрген, кеудесінде патриоттық сезімі бар әрбір қазақстандық азаматтың «Қазақстан кімдермен теңесті?!.» деген қынжылыс жүрегін шымырлатары анық. SAFA инспекторлары кез келген уақытта, кез келген Еуропа елдерінің әуежайында, кез келген елдің ұшақтарын тексеруге құқылы. Тексеру нұсқау бойынша 63 пунктпен – ұшақтың сыртқы көрінісінен бастап, экипаж мүшелерінің арнайы жабдықтарына дейін жүргізіледі. Шектеу шеңберіне кірген қазақстандық әуекомпания басшыларының айтуынша, Еурокомиссия инспекторлары ұсақ-түйек кемшіліктерді алға тартып отырған көрінеді. Мысалы, ұшақ сыртының кір болуы, апаттық есіктің шамдары жанбауы, апаттық есік алдындағы орындықтың арқалығының бекітілмеуі, тағы да сол сияқты кемшіліктер.
Орын алған осы оқиға туралы, еліміздегі азаматтық авиация жайлы қарапайым халықтың пікірін тыңдап көрген едік. Пікір білдіргендердің бәрі еліміздегі әуекомпанияларға тек сын айтты. Еурокомиссияның шешімін «дұрыс емес» деген бірде-бір пікір естімедік.
Өмірбек аға, зейнеткер:
– Бізді көгертпей отырған – салғырт мінезіміз. Өз кемшілігімізді өзгеден іздейміз. «Ой, ұсақ-түйек қой» дейміз. Үлкен дүниенің ұсақтан құралатынын ескермейміз. Сын айтқан адаммен дауласамыз, жауласамыз. Бұл – бір саланың емес, бүкіл қоғамның дерті. Дамыған 50 елдің қатарына кіреміз десек, әлемдік, еуропалық стандартқа сай болуымыз керек. Еурокомиссияның айтып отырғаны – стандарттық талап. Ал талапты орындау – міндет.
Шектеуге іліккен компания жетекшілерінің бірі еурокомиссияны айыптаса, екіншісі еліміздегі авиашенеуніктерді кінәлап отыр. Орын алып отырған жағдайға олар кінәлі емес екен. Сонда кінәлі кім? Мүмкін, кінәлі шетелден сатып алынған ескі ұшақтар шығар? Жоқ әлде, біліксіз мамандар ма? Мүмкін, «әуекөлік тоқтаса, пайдадан қағыламыз, ұсақ-түйекке алтын уақытты шығындап қайтеміз» деп, кез келген жерден қаржы үнемдегісі келетін әуекомпания басшылары ма? Ашкөздіктен көзі тұмшаланған бұл шіркіндер пайда – зиянның арғы жағында екендігін білмей ме? Не десек те, бұл – елімізге сын.
Мұхтар Тінікеев, Мәжіліс депутаты:
– Еурокомиссия тектен-тек мұндай шешім шығармайды. Демек, біздің әуекомпаниялар еуростандартқа сай болмай отыр. Басқасын айтпағанда, тіпті экипаж мүшелерінің тіл білмеуінің өзі себеп болуы мүмкін.
Мұхит Құбаев, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы:
– Біз Қазақстандағы барлық ұшақтарды жылына екі рет тексеруден өткізуіміз керек. Бірақ бізде ондай мүмкіндік жоқ. Өйткені біздің комитетте бар болғаны 9 инспектор жұмыс істейді. Жоғары квалификациялы мамандар жетіспейді. Біздегі инспекторлардың айлық жалақысы – 50 мың теңге. Мұндай жалақыға кім жұмыс істейді?
Серік Әбдірахманов, «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары:
– Қазір әуекомпаниялар жекеменшік қолға өтті. Air Astana әуекомпаниясынан басқасы еуростандартқа сай емес. Тіпті кейбір компанияларды авиациядан хабары жоқ адамдар басқарып отыр. Өзі білмей отырып, кімнен талап етеді? Көздейтіндері – тек пайда. Еуропа қауіпсіздікке аса көңіл бөледі. Ондағы халықтың өзі Ресейде жасалған ұшақтарға отырмайды. Комиссияны былай қойғанда, халықтың талабы жоғары. Төрт ұшақпен әуекомпания атанып отырғандарды азайту керек.