Бізге жеткен аңыз-әңгімелер, тарихи деректерде Ескендір Зұлқарнайынның әскери жорықпен қыпшақ даласына келгені де айтылады. Алайда Ескендір мен скифтердің арасында аса ірі көлемдегі соғыс орын алмаған. Соның өзінде Ескендір Зұлқарнайын қыпшақ даласынан айтарлықтай үлкен әскери шығын көрген. Оны тарихи деректер де, аңыз-әңгімелер де дәлелдейді.
Тәжік ғалымы Бободжан Гафуровтың 1980 жылғы тарихи зерттеуінде сақ сарбаздарымен Ескендір Зұлқарнайын әскерінің кездесуі суреттеледі. Оның айтуынша, сақ әскері жергілікті әскери тәсілмен қаша ұрыс салып жүріп-ақ Ескендірдің мазасын қашырады. Сақ әскерінің қаша ұрыс салу әдісін түсінген Ескендір келесі бір қақтығыста алдымен жеңіл садақшыларды, мұнан кейін жаяу әскер мен ауыр атты әскерді дайындады. Нәтижесінде ұрыс болған үш жерде де сақтар жеңіліске ұшырай бастады. Осылайша скиф патшасының інісі Картасис жау қолына түсіп қалады. Ескендір қолға түскендерді ешбір құн сұрамастан босатып жібереді. Есесіне үйлеріне қайтып бара жатқан сақтардың артынан әскерін тең бөліп, жасырын күйде жібереді. Фарнух бастаған Ескендір әскерінің бір бөлігі саналы түрде сақтардың ауылдарына шабуылдай бастайды. Осы кезде сақ патшасы Ескендірге қарсы тұру үшін 600 атты әскер жібереді. Олар Ескендір әскерін ойсырата талқандайды. Ескендір әскерінен бар болғаны 1500 жауынгер аман қалып, қашып жүріп бой тасалайды. Алайда аралды қоршаған сақтар ешбір шашау шығармай, осы әскердің көзін толығымен жояды. Тарихшы Бободжан Гафуровтың айтуынша, Ескендір Зұлқарнайын бұған дейінгі соғыстарда да, онан кейінгі өмірінде де осындай орасан шығын көрген емес.
Ескендірдің сақтармен текетіресте болғанын Қытай жылнамалары да, батыс елдерінің деректері де, түркі тарихшылары да құптайды. Мәселен, Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат-ит түрік» еңбегінде айтылады. Шу шаһарының еңсесін биіктетіп салдырған қала әмірі Шу батырдың Ескендір Зұлқарнайынды қарсы алуын баяндағанда, қырық баһадүрін шығарып, Зұлқарнайынмен айқасқанын суреттейді. Шу жері заманында мемлекеттің ірі аумағының бірі болғанға ұқсайды. Махмұт Қашқари Шу батырды әрі қаған деп түсіндіреді. Ол тегіннен-тегін қаған аталмаған болса керек. Дастан деректері бойынша Ескендірмен текетірес үстінде Шудың қырық батыры үстем шығып, батырлар алғашқы қақтығыстан соң мәміле жасасады.
Қазір көптеген батыс ғалымдары кейбір әдебиеттерге сілтеме жасап, Ескендірдің скиф қағанымен кездесуін «Қытай қағанымен кездесу» деп көрсетеді. Бірақ көптеген салмақты тарихи деректер Ескендірдің Қытай жерінде болмағанын, бірақ қазіргі Шығыс Түркістан өңіріне аяқ басуы мүмкін екенін дәлелдейді. Оның үстіне «қаған» титулы тек түріктерде болған.
Ескендірді жырға қосқан шығыс шайырларының еңбектерінде де ел аузынан жиналған хикаялар көп келтіріледі. Ескендірді сопылық сарындағы әдебиеттің негізін салушы ақындардың барлығы дерлік жырына қосқан. Олардың қатарында Фердоуси, Низами, Жәми, Науаи сынды есімдері әлемге танымал шығыс жұлдыздары бар. Осылардың арасынан ақын Низами Ескендір Зұлқарнайынның қыпшақ даласына келуін ерекше суреттеген.
Алдымен Ескендір тарихта Шығыс Түркістан атауын иеленген қонысқа әскерін әкеледі. Бұл елдің қағаны өте дана адам еді. Және оның әскері өте көп әрі мықты болатын. Ескендірдің келе жатқандығын естіп, қаған барлық әскерін дайындап қояды. Алайда қантөгісті, орынсыз шығынды ұнатпайтын қаған Ескендірге соғыссыз беріліп, салық төлеуге келіседі. Ескендір қағанға «жеті жылдың салығын алдын ала төле», – дейді. Бұған Қытай қағаны келісе отырып, «алайда сен алдымен маған осынша жыл өмір сүретініңе қағаз жүзінде кепілдік бер» дегенді айтады. Сөзден жеңілген Ескендір осы уәжден кейін тек бір ғана жылдың салығын төлеуге келіседі.
Ертеңінде Ескендір азанмен оянса, Қытай әскері сап түзеп, соғысқа дайындалып тұр екен. Ескендір де өз әскеріне соғысқа дайындалуға бұйрық береді. Екі әскер алаңға шыққанда Қытай қағаны ортаға келіп, соғыспайтындығын айтып: «Мен тек өз әскерімнің күшін көрсеткім келді», – дейді. «Менің сенімен соғысуға шамам бар еді, алайда сен ақиқатты жайып жүргендіктен (Ескендір Зұлқарнайын өзі жорық жасап өткен жерлерге яхуди дінін міндеттеп отырған делінеді), мен әділдікке қарсы шығудан бас тартамын, бұл ісім саған ғибрат болсын дегенім», – дейді. Мұнан кейін қаған Ескендірге арнап, той жасайды. Және сыйлық ретінде қыран бүркіт, астына жүйрік ат, қойнына жар болсын деп ару сыйлайды.
Ескендірдің қыпшақ аруларына қайран қалуы
Қағанның Ескендірге сыйлаған түрік қызының ерекше үш сипаты бар еді. Біріншісі — асқан сұлулығы, екіншісі — қыздың үнінің тым тартымдылығы, ал үшінші қасиеті соғыс алаңында анау-мынау еркекке дес бермейтін ептілігі болатын. Низамидің «Ескендірнама» жырының мәтінінде түрік қызының бойындағы осы үш қасиеттің бірі Ескендірге ұнамағандықтан, ол аруды өзіне жар етуден бас тартады. Себебі Ескендір әйел затының ер адамнан асып кетуін қаламайтын еді.
Осыларға қоса Низами дастанында «Ескендірдің қыпшақ даласынан өтуі» деген тақырып қойылып, арнайы бір тарау берілген. Жыр бойынша Ескендір Хорезм тауларын тастап, Жейхун дариясына өтеді. Мақсаты – Руське жету. Осы жерде Ескендірдің әскеріне үлкен бір кедергі табылады. Онысы – қыпшақ арулары еді. Ескендір бұл аймақтан күмістей жарқыраған әйелдерді көреді. Әйелдер ай мен күндей сұлу және нәзік еді. Сұлулықтары сонша — тіпті періштелердің өзі оларды көргенде азғындауға түсетіндей. Олар қаншалықты сұлу, көрікті болса да, бет-жүздері ашық күйде жүреді екен. Оларды көрген Ескендірдің бүкіл әскері мазасызданып қозғала бастайды. Тек патшаларынан сескенгендіктен ғана Ескендір әскері тарап кетпей тұрады. Әскерінің мазасы кеткендігін көріп, Ескендір көп ойланады. Ақыры қыпшақ аруларының бет-жүздеріне орамал салып жүруді осы жерге салт етіп қалыптастыруды ойға алады. Ескендір жергілікті қарияларды жинап, оларға барлық әйел атаулының бет-жүздеріне орамал жауып жүргізуіне кеңес береді. «Жүзі ашық жүрген әлгі сұлу өз күйеуінің намысын жерге таптап, өзін де түбі күйреуге ұшыратады», – дейді. Ескендір сөзін мұқият тыңдаған жергілікті өкілдер «мұныңыз қате» деп жауап береді. «Біз осы уақытқа дейін ешбір күйремей, таза күйде сақталып келеміз. Бетін тұмшалай, орамал жауып жүру біздің ата-бабаларымыздың салтында болмаған, ол — тіпті біздің далалық азат өлкемізге сай дәстүр емес. Біздің елде әйелдер бетін жаппайды, ниеті дұрыс еместер көзін жабады», – деп, қабыл алмай тастайды. Және де «Ескендір, сен бізді кешір, біз патша сыйлай білетін халықпыз. Патша үшін әрбіріміз жан бере аламыз. Десе де біз өзіміздің атадан қалған дәстүрімізді бұзғымыз келмейді» деп кесіп айтады.
Осыдан кейін Ескендір Үндістанға қарай аттанады. Батыс деректерінде Александр Македонскийдің ешбір әскери жеңіліске ұшырамағаны айтылады. Алайда оның бетін қайтарған, яғни әскерін теріс бұрғызған түркілер жөнінде көп айтылмайды. Қалай десек те, Ескендір үшін қыпшақ даласына аяқ басу оның өміріндегі ерекше бір кезең болғаны рас. Кейбір хикаяларда мұны Ескендірдің өзі де мойындағаны айтылады.
Ескендір Зұлқарнайын да қыпшақ қыздарына хиджаб кигізбек болып, райынан қайтқан
Последние статьи автора