Есірткінің дәмін татпа ермек үшін
Осыдан үш-төрт жыл бұрын көшеде темекі тартқан қыздарды көрсек таңданып, ерсі қылық деп санап едік. Ал қазір етіміз үйренді ме, әйтеуір кездесе қалса назар аудармайтын да болдық. Себебі одан күрделі, одан да маңызды мәселе бар: ол – нашақорлық. Бүгінде өмірлерінде бір рет болса да анашаның дәмін сезінгендер жиі кездеседі. Сондықтан нашақорлар саны жыл санап арта түсуде. Қазір әлемде 500 млн адам есірткі қолданады екен.
Зерттеулерге сенсек, ең көп қолданатындар 16-20 жас арасындағы жастар, олар – 40 пайыз. 21-25 жас аралығындағылар 30 пайыздан жоғары болса, 26-30 жас аралығындағылар 20 пайызды көрсетіп отыр. «Алғаш есірткінің дәмін кіммен тартып көрдіңіз?» деген сұраққа олардың 70 пайызы «досыммен» деп жауап берген. Бұл «жастарға өз ортасы көп ықпал етеді» деген сөз. Демек, баланың қай ортада жүргенін жіті қадағалауымыз керек. Бүгінгі таңда Алматыда 4656 адам тіркеуде тұр. Оның ішінде 656-сы әйелдер болса, 10-ы – жасөспірім. Жас мөлшерінен келер болсақ, есірткіні көп әуестенетіндер 18−25 жастың аралығындағы азаматтар.
Жастарды есірткі пайдалануға ұрындыратын тұрмыстағы әртүрлі келеңсіздіктер – ата-анасының ішімдікке немесе нашақорлыққа салынып, баланың назардан тыс қалуы, әлеуметтік теңсіздіктер. Тығырықтан шығар жол таппаған жасөспірім достарының үгіт-насихатымен өмірдегі қиындықты бір сәт болса да ұмытып, жанын тыныштандырып, ләззат алғысы келеді. Алайда олардың көпшілігі бұл ләззат құнының қаншалықты қымбат боларын білмейді де. Есірткінің ерекшелігі де сол – бір дәмін татқан адамды өзіне тез баурап алады. Нәтижесінде, жасөспірім қалай нашақорға айналғанын білмей де қалады. Мамандардың айтуынша, бұл тұқым қуалайды. Ата-анасы есірткіні пайдаланған балалардың 90 пайызы есірткіге тәуелді болып туылады екен.
Есірткі адамның өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгертеді, өмірге деген бар қызығушылық пен әуестігін жояды. Әлсіздік, тамаққа тәбеттің бірде аш қасқырдай болып, бірде төмендеуі, тістері сарғайып, шіри бастауы, шаштары түсіп, бетті әжім торлауы – нашақорға тән қасиеттер. Ғалымдардың тексеруінше, нашаны пайдаланған жастардың өмір жасы ұзаққа созылмайды, өкпелері қабынып, бронхит, тіптен өкпе рагіне шалдығуы мүмкін. Миға кері әсерінің салдарынан есте сақтау қабілеті нашарлап, ұмытшақ болады.
Зүбайра ТАСТЕМІРОВА, дәрігер-нарколог:
– Жастардың есірткі пайдаланып жүргенін анықтау қиын емес. Себебі ол аз уақыттың ішінде өзгеріске ұшырайды. Олар ашушаң, дөрекі, кез келген нәрсеге жаға ұстасып кетуге даяр тұрады. Егер ол үйге оралғанда үстінен темекіден өзге иіс шығып тұрса, есірткі тартқаны анық. Мұны оның көз жанарынан да байқауға болады. Олар қанталап, шөл қысқан соң қайта-қайта су ішкісі келіп отырады. Сабаққа бармай, қашып жүреді. Ал егер ол ине қолданатын болса, оның киімі өзін ұстап береді. Ондай адамдар ыстық-суыққа қарамастан ұзын жеңді киіммен жүреді. Бұл әрекеттері ине шаншыған жерлерін айналасындағылар байқап қалмаса дегеннен туындайды.
Өз-өзіне қарауды ұмытқан олар шаштарын өсіріп, киім киісіне назар аудармайтын да дәрежеге жетеді. Әбден еңселері түсіп, өмірге деген құлшынысы азайып, ұзамай өзі де көз жұмуы мүмкін. Өйткені мұндай адамдардың өмір жасы ұзаққа бармайды.
Есірткінің бірнеше түрі бар: марихуана, анаша, морфин, героин, кодеин, метадон. Бұлардың адамға әсер етуі де әртүрлі. Мысалы, морфин, героин түрін қолдану нашақорлар арасындағы өлімнің және мүгедектіктің басты себебі болып табылады. Мұндай түрлерін ең алдымен ине шаншу арқылы қолданады. Сондықтан оларды қолдану кезінде — СПИД ауруын жұқтыру мүмкіндігі де жоғары болмақ. Сонымен қатар есірткі адамның жүйке жүйесінің өзгеруіне себеп болады, ол ашуланшақ, дөрекі, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасында қатыгездік байқалады. Нашақор адам осы күнімен, бір сәттік жан рахатымен өмір сүргендіктен, ол келешек жайлы ойламайды да. Тіптен есірткі табу үшін алдауға, ұрлыққа, қала берді адам өлтіруге де барады.
Бұл аурудан қалай құтылуға болады? Біріншіден, мұндай қиындыққа тап болмас үшін ата-ана баласына сақ болуы керек. Өйткені енді ғана жетіліп келе жатқан жасөспірім сенгіш, айналасындағының бәрін көргісі, білгісі келіп тұратын, еліктегіш келеді. Олар өздерінің ер жеткендігін көрсеткісі келіп, сіздің ойыңызға да келмейтін әрекеттерге баруы мүмкін. Темекі тартудан бастап нашамен аяқтау олар үшін жәй ғана көңіл көтеру болып саналады. Сондықтан ата-ана есірткінің зияны туралы міндетті түрде балаларына айтып отыруы керек. Оның соңы қайда апарып соқтыратындығын мысалдармен түсіндірген жөн. Себебі баланың психологиясы өте нәзік, оған ауыр сөздер айтпай, бәрін анық түсіндірген жөн.
Жазғы демалыс кезінде балаларды жіті бақылауда ұстау керек. Әйтпесе, аңдамай басқан қадамы ертең айықпас дертке ұласуы мүмкін.