29-31 наурыз аралығында Астанада еңбек көші-қон мәселелеріне арналған өңірлік симпозиум болып өтті. Үш күнге созылған жиында Халықаралық еңбек ұйымының жетекші мамандары мен басшыларының еңбек миграциясына қатысты сараптамалары ортаға салынды. Оған Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің өкілдері келіп қатысты.
Кеше шараның соңғы күнінде симпозиумда көтерілген мәселелер төңірегінде арнайы баспасөз мәслихаты болды. Оған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов қатысып, журналистердің сұрағына жауап берді. Вице-министрдің айтуынша, мұндай ауқымды шара елімізде осымен үшінші рет өткізіліп отыр. «Бұл шара осы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуды мақсат тұтып отырғанын айта кету керек. Онда еңбек көші-қонын реттеу саласындағы бірыңғай реттеуді ұсыну туралы ұлттық заңнамаларды жетілдіру, еңбек мигранттарын әлеуметтік қорғау және маусымдық жұмыс мақсатында шетелдік мамандарды тарту тетігі жан-жақты сөз болды», – дейді Біржан Нұрымбетов.
Шарада айрықша назар аударылған мәселелердің бірі – ғаламдық сипатқа ие болып отырған заңсыз миграция. Қазақ елі тұрақты түрде дамуды бастан кешіріп отырған мемлекет болғандықтан, мұндай үрдістен қашып құтылған жоқ. Мыңдаған адам жұмыс іздеп келеді. Алайда солардың барлығы көші-қон тәртібін сақтайды деп айту әсте қиын. Жыл сайын заңнама талаптарын сақтамаған 18-20 мың мигрант елдеріне қайтарылып жатады. Нұрымбетов мырза осының алдын алу үшін жаңа «Көші-қон туралы» заң жобасы қолға алынғанын атап өтті. «Құжат Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Ол ағымдағы жылдың мамыр айында қабылданатын болады», – дейді вице-министр.
Осы заң жобасы аясында маусымдық жұмысшылар мен мәртебесі реттелмеген еңбек мигранттарының қызметін реттеу шаралары бойынша бірқатар жаңа жоба қарастырылған. «Бүгінде миграциялық қадағалау шаралары тыңғылықты атқарылуда. Осы бағытта тиісті жедел шаралар іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, бұл бағытта заңбұзушылықтар анықталып, елімізде заңсыз жүрген шетел азаматтарын ел аумағынан шығару жұмыстары атқарылады», – деп атап өтті ол.
Еңбек мигранттарын реттеу мәселесі де назардан тыс қалмаған. Бұл мәселе бүгінгі таңда шетелдік еңбек күшінің саны бойынша квотаны белгілеу және елімізде жұмыс істеуге арналған рұқсатнама тәртібін белгілеу шараларымен реттеліп келеді. Ол белгілі бір шектік аяда ғана беріледі. Нұрымбетовтің келтірген деректеріне қарағанда, бүгінде еліміздегі квотаның мөлшері экономикалық жағынан белсенді халық санының 0,85 пайызын құрап отыр. «Бұл абсолюттік деңгейде 2011 жылы 72 мың шетелдік жұмысшыға Қазақстанда жұмыс істеуге болатынын білдіреді. Қазіргі кезде рұқсатнаманы алып, жұмыс істеп жатқан шетелдік мамандардың саны 29 мыңға жетіп отыр», – деген вице-министр еліміздің заңнамасы бойынша шетелден келетін жұмысшы мамандардың қатаң талаптар бойынша реттелетінін айтып өтті. «Елімізде шетелдік жұмыс күшін тарту мәселесі бар. Оған қатысты Үкімет өзіндік саясат ұстанып отыр. Бұл бағыттағы саясаттың қағидаттары бірінші кезекте ішкі еңбек нарығын қорғауға негізделген. Бірақ та бүгінде Қазақстанда үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асыруға байланысты шетелден жоғары білікті мамандарды тартуға мүдделіміз. Қазір Қазақстанда қызмет істеп жүрген шетелдік жұмыс күштерінің арасында жоғары білікті мамандардың үлесі 75 пайызды құрайды», – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов.
Еңбек көші-қонын реттеу – өзекті мәселелердің бірі
Последние статьи автора