Ақтөбенің облыстық дін басқармасы мешіт имамдарына отбасы құндылықтарына қатысты уағыздарды көбейтуге тапсырма берді. Өйткені өңірде «талақ» айтып, әйелдерімен ажырасып жатқандармен бірге балаларына алимент төлемей безіп жүрген намазхан жігіттердің саны артқан. Мұндай жағдай көбіне некелерін заң жүзінде емес, имамдарға қидыра салатын отбасылар арасында тіркеледі екен.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Бет жүзін көрсеткісі келмейтін келіншек өзінің бұрынғы жарымен мешітте танысып, көп ұзамай некелерін қидырғанын айтады. Алайда отбасылық өмірлері ұзаққа бармапты. Күйеуімен ажырасқан 23 жастағы келіншектің екі баласы бар. Айтуынша, күйеуі «талақ» айтып тастап кеткен. Ата – анасының үйіне қайтіп келген Жанерке еш жерде жұмыс істемейтін бұрынғы күйеуінен алимент өндіре алмай отырғанын айтады.
«Біз жолдасымыз екеуміз заңды некеде тұрған жоқпыз. Тек мешітке барып неке қидырған болатынбыз. 3-4 жылдай тұрдық. Ол қазір басқа әйелмен кетіп қалды. Екі балаға иә хабарласпайды, иә көмектеспейді. Қаржылай да былай да көмектеспейді. Алиментке берейін десем еш жерде жұмыс жасамайды», – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Жанерке.
Қазіргі таңда Ақтөбе облысында өз балаларына алимент төлемей қашып жүрген 5 мыңға жуық азамат бар екен. Солардың мыңға жуығы намаз оқып, дінге берікпіз деген жігіттер көрінеді. Сол себепті, облыстағы барлық имамдарға уағыздар арасында отбасы құндылықтарын насихаттасақ, түсіндірсек деген ұсыныс айтып жатырмын», – дейді облыстық дін істері басқармасының басшысы.
«Біздің есебіміз бойынша осының 20-25 пайызы өзінің тұрақты түрде діни рәсімдерін орындап жүрген азаматтар. Көбінесе жалтару, өзінің табысын жасыру, жағдайлары кездеседі. Жер жүзіндегі қандай дінде болмасын балаңды, өзіңнің ұрпағыңды ұмытуды құба құп санамайды», – дейді Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетов.
Қоғамдағы жалғызбасты аналардың көбеюі заңсыз некенің салдары дейді мамандар. Яғни, некені заң жүзінде емес, керісінше мешіттегі имамдарға кестіре салатын ер азаматтар отбасы алдындағы жауапкершілікті сезіне бермейді екен. Естеріңізге салсақ, елімізде дінге қатысты заң қайта қаралып жатыр. Егер өзгертулер қабылданса әр азаматтың қоғам алдындағы, өз баласының алдындағы жауапкершілігі арта түсер еді дейді мамандар.
Stan.kz