Дипломдық жұмыс саудасы қызып тұр
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Танысымның інісі бар, биыл жоғары оқу орнын бітіреді. Бір жолыққанымда диплом жұмысына деген дайындығын сұрап қалдым. Біздің кезімізде диплом жұмысын жазу үшін кем дегенде жарты жыл бас қатырушы едік, ал оның жүзінен уақыттың таяп қалғанына қарамастан, қобалжудың табы да байқалмайды. «Теңгесін берсең, сен үшін диплом жазып беретіндер толып жатыр, сол да сөз болып па?» дегені заман ағысынан «қалып» қойғанымды бетіме басқандай біртүрлі естілді. «Қалай сонда?» деппін, аузыма басқа сөз түспей. «Интернетті қараңыз» деген ол онан сайын маңғаздана түсті. Шынында да, ғаламторды «шарлағым» келді.
Ғаламдық желіде мұндай жарнамалар өріп жүр. Соған қарағанда, бұл кәсіпті кішігірім бизнеске айналдырып, қаржы тауып жүрген жандардың қатары аз емес болса керек. Мына бір төмендегі жарнама, тіпті өзара қалай есептесу керектігін де тәптіштеп көрсетіпті.
«Сіз бізге 3000 теңге кепілдікке ақша жібересіз және дипломды жазу ережелері бар методикалық нұсқауды жібересіз. Себебі біз ереже бойынша жұмыс істейміз. Біз сізге жоспар жібереміз. Сіз жоспарды мұғалімге көрсетіп, бекітесіз. Мұғалім жоспарға түзету енгізсе де, енгізбесе де, бізге хабарлайсыз.
Біз бекітілген жоспармен диплом жазуға кірісеміз. І бөлімін жазып біткен соң, сізге хабарлаймыз. Сіз 10 000 теңге жіберіп, І бөлімін аласыз. Ғылыми жетекшіңізге тексертесіз, дұрыстайтын жері болса, бізге хабарлайсыз, біз барлығын түзетеміз. Әрі қарай біз ІІ бөлімін жазуға кірісеміз.
Сіз 10 000 теңге жіберіп, ІІ бөлімін аласыз. Толық ақшасы төленген соң, біз сізге дипломдық жұмысты түгелімен жібереміз» дей келе, банктегі есепшоттарын ұсынады. Бұдан артық қандай қызмет керек. Ауызға шайнап салып береді. Сіздің міндетіңіз – жұту ғана. Міне, сізге бизнес.
Дипломдық жұмыс бұл студенттің алған білімінің жиынтығы, алғашқы ғылыми еңбегі есептеледі. Басқаша айтқанда, оның толыққанды маман иесі екенін дәлелдейтін дүние. Ал мұны басы бүтін сатып алған шәкірттен ертең қандай маман шықпақ? Бұл елімізде сапасыз кадрлар армиясын қалыптастыратын қауіпті құбылыс емес пе? Ал сапасыз кадр елдің сорын қайнатары – қайталай бергеннен жауырға айналған тақырып. Бұған тосқауыл болар амал бар ма?
«Біз жазған рефераттар, курстық жұмыстар, диплом жұмыстары, бақылау жұмыстары, практика бойынша есеп методикалық нұсқауларға сай жүргізіледі.
Жұмыстың бағасы төмендегідей:
Курстық жұмыстар 2000-4000 теңге, диплом жұмыстары 10000-40000 теңге, рефераттар 500-2000 теңге, бақылау жұмыстары пәнге, құрамындағы есеп санына байланысты 1200-3000 теңге, практика бойынша есеп 3000-4000 теңге аралығында, аударма қызметі 500 теңге (1 парағы, 14 шрифт).
Біз өзіміз жазған жұмыстардың барлығына кепілдік береміз, мұғалімнің кез келген ескертуін түзетеміз. Сондай-ақ бізде бұрын жазылған дайын рефераттар, курстық жұмыстар, диплом жұмыстары, практика бойынша есеп сатылады.
Бағасы төмен, бірақ кепілдік берілмейді. Дайын дипломдық жұмыстардың бағасы – 5000-12000 теңге аралығында. Ал егер сіз өз тақырыбыңызды таба алмасаңыз немесе ешкімде қайталанбайтын жаңа дипломдық жұмысқа тапсырыс бергіңіз келсе, онда бағасы 30000-50000 теңге аралығында болады. Біз дипломдық жұмысты 3-4 апта көлемінде орындаймыз. Егер сізге тез арада керек болса, автормен келісіп орындауға болады, бірақ бағасы жоғарылайды». Әрі қарай мекенжайлары мен телефон нөмірлері жазылған.
Қанат БАЙБОЛОВ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры:
– Дипломдық жұмыс тақырыптарының барлығын жүргізіп отырған бағдарламаларға негіздей отырып бекітеміз. Мәселен, техникалық мамандықтарға қатысты бүгінде қандай маңызды мәселелер бар, соны зерттеп барып, тақырып таңдалады. Тақырыптардың маңыздылығын сарапқа салатын арнайы комиссия да жұмыс істейді. Ал техникалық мамандықтарға қатысты соны мәліметтерді ғаламтордан көшіріп алу мүмкін емес. Экономикалық мамандықтарға қатысты сілтеме жасап алуы мүмкін, дегенмен негізгі материалдар облыстың экономикалық ахуалына, ауылшаруашылық, өндіріс салаларына негізделеді. Дипломдық жұмыстың ұрлық болмауы қатаң тексеріледі. Ол қалай жүзеге асады? Мәселен, жыл сайынғы қорғалған дипломдық жұмыстар жеке мұрағатымызда 10 жылға дейін сақталады. Сол арқылы тексеріліп отырады. Тақырыптар қайталанған болса, ол жұмыс қорғауға жіберілмейді. Ал магистерлік, жалпы, ғылыми диссертациялар арнайы бағдарламалар негізінде алматылық Қазмеминти деген мекемеде тексеріледі. Дегенмен студенттің тақырыпқа сай жинақтаған мәліметтерін ғаламтордан алуға болмайды деп тоқтам жасай алмаймыз. Тіпті оны анықтау да мүмкін емес. Дипломдық жұмыстың ұрлық болмауын жіті қадағалау әр оқу орнының және студент жетекшісінің өзіне байланысты.
Мырзабек САРЫБАЕВ, Академиялық инновациялық университеттің есептеу орталығының меңгерушісі:
– Әрине, мен бұған қос қолымды көтеріп қарсылық білдірушілердің қатарынанмын. Алайда мұндай «жабайы» бизнеске дәл қазір тоқтам салу мүмкін емес сияқты. Менің ойымша, жақсы маман боламын деген студенттің оған қызыға бермеуі керек. Бұл өз болашағына өзі балта шабумен бірдей. Оның орнына өзі ізденіп, өзінің болашағы үшін іргетас қалау жағын ойланғаны жөн. Өйткені бүгін диплом жұмысын сатып алған студенттен ертеңгі күні мықты маман қалыптасып шығады дегенге сенбеймін. Дипломды жұмыссыз дегендер осындайдан келіп шығады. Ал қай салада болмасын сапалы кадрға деген тапшылық бар. Шәкірттердің де осыны түсінгені, қазірден бастап қолға алғандары дұрыс. Басқа жолды көріп тұрғаным жоқ.