Елімізде ең көп қаржы бөлінетін саланың бірі денсаулық сақтау саласы екен. Жыл жылжыған сайын бұл салаға көптеп көңіл бөлініп, қаржы көлемі де артып келеді. Биылғы жылы денсаулық сақтау саласына 403 миллиард теңге бөлінген. Бұл 90-жылдармен салыстырғанда он есе артық. Денсаулыққа қатысты халықтың құқығын реттейтін 12-ге жуық заң бар. Алдағы уақытта осы заңдардың басын біріктіріп, бір жүйеге келтіру мақсатында кодекс жобасы Парламент мәжілісінде қаралып жатыр.
Мұның бәрі де мемлекет байлығы – халықтың денсаулығын жақсартуды көздейді. Заң бар, қаржы да жетерлік. Алайда осыған қарамастан, денсаулық сақтау саласының «қызуы күрт көтеріліп кете береді». Бұл салада күн түсуі тиіс көлеңкелі тұстар көп. Маман тапшылығы, әлеуметтік және кәсіби аурулардың көбеюі, тегін берілуге тиіс дәрі-дәрмектердің ақшаға сатылуы, тағысын тағылар тырнадай тізбектеліп кете береді.
Ең бастысы – маман тапшылығы. Басқа салаларда орын жоқ деп кері қайтаратын болса, медицина мамандығын тамамдағандарды құшақ жая қарсы алуға әзір. Бүгінде елімізде медицина саласына 5 мыңға жуық дәрігер жетіспейді. Әсіресе балалар дәрігері мен орта буын медбикелер. Алыс ауылдарға оқуды жаңа бітірген жас мамандардың барғысы жоқ. Ол қызметтерді зейнет жасындағы мамандар атқаруда. Өз кезегінде олар терапевтің де, акушердің де, травматологтың да қызметін атқара береді. Амалы жоқтықтан. Ауылға баратын мамандарға жеңілдікпен несие беру, үймен қамтамасыз ету сияқты артықшылықтар берілсе де, оларды тұрақтандыру оңайға соқпайтын түрі бар. Өйткені «жоғары оқу орнын бітірген жас дәрігерлердің басым көпшілігінің клиникалық ойлау қабілеттері, білімі, біліктілігі жыл өткен сайын төмендеп бара жатыр» деп дабыл қағып жатқандар көп. Оның басты себебін алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Медициналық институттарда оқу ақылы. Білімгердің грантқа түссе, арманы жоқ. Ал ақылы оқудың бағасы аспанға ұшып тұр. Ірі қалаларда 500 мың теңгеден асады. Тіпті одан да жоғары. Оған бағаның қырдың қызыл түлкісіндей жыл сайын мың құбылатынын қосыңыз.
Жеті жыл бойы осынша қаржыны тауып құятындай елдің бәрі бай емес. Қалталылардың балалары адам жанының арашашысы болатын мамандықты қалай бермейді. Ал басқалар баласын оқытайын десе, қалтасы жұқа. Осы оқу орнына түскен күнде де көбісі жеңілдеу әрі кейін күреп ақша табуға болады деген үмітпен стоматологияны немесе гинекологияны оқуға құмар. Сонда кім қолына қандауыр ұстайтын хирург болмақ?
Тағы бір кедергі – оқу уақытының тым ұзақтығы. Жеті жыл көз майын тауысу, одан қалса, үш жылдық қосымша тәжірибе алмасу кезеңін қосыңыз. Сонымен, осынша уақыт аман-есен бітіріп шығудың өзі оңайға соқпайды. Шыдамының көбесі сөгіліп, жарты жолдан тастап кетіп жатқандар да жоқ емес. Қазіргі таңда республикамызда жоғары білімді дәрігерлер дайындайтын жеті медициналық жоғары оқу орны бар. Және Алматыда дәрігерлердің білімін жетілдіру институты да жұмыс істейді. Оған қазір тастың үстіне шыққан мүктей қаптап кеткен медициналық колледждерді қосыңыз. Бірақ ондағы материалдық базаның оқу үрдісіне сай келетіні-келмейтіні – жүгі ауыр бөлек тақырып. Соған қарамастан, кадр тапшылығын шешуге шамасы келер емес. Кадрдың қадірі өткен заман демеске шара жоқ. Ресми емес мәліметтерге сайсақ, бүгінде медициналық оқу орындарын бітіріп жатқан жастардың 25-30 пайызы дәрігерлік дипломын сандық түбінде сарғайтып, мүлдем басқа салада нанын тауып жүр. Статистикаға сүйенсек, кем дегенде әр облыс орта есеппен 500-ге тарта ақ халатты маманға мұқтаж екен. Әсiресе Оңтүстiк өңiрiнде гинеколог, хирург, терапевт, педиатр, офтальмолог тапшы. Ауылдық жерлерде ЛОР, кардиолог, эндокринолог, гастроэнтеролог, уролог мамандарына сұраныс тым жоғары. Арнайы маманды айтпай-ақ қояйық, шалғай ауылдарда учаскелiк дәрiгерлер жоқтың қасы. Оңтүстік Қазақстан облысында бір ғана андролог маман бар. Басты шайқаудан басқа амал кем. Жасыратыны жоқ, жоғары білімді жастардың ауылға аттап басқысы жоқ.
Серік Әліманов, ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының бөлім бастығы:
– Жас мамандардың ауылды жерлерге тұрақтамауының белгілі себептері бар ғой. Өркениеттен тыс өмір сүріп жатқан, интернет, ұялы байланыс, басқа да жағдайы жоқ болғандықтан, қалаға қашып келеді. Медицина мамандарының тапшылығын төмендету мақсатында жуырда Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк фармацевтика академиясында жәрмеңке өткiзiлдi. Онда ауылдық жерге жұмысқа барғысы келетiн медицина және фармацевтика қызметкерлерiне әлеуметтiк қолдау көрсетiлетiнi туралы кеңiнен насихатталып, тілек білдірген жас мамандардың тiзiмдерi алынды. Осы жылы 80 жас маманға әлеуметтiк пакет қарастырылып отыр.
Өкініштісі, бар жағдайды жасап отырған күннің өзінде де үйрене алмай, кері қайтып жатқандар аз емес. Облыста соңғы төрт жыл ішінде ауылдарға 516 жас маман аттанған. Олардың 32-сi өз өтiнiштерi бойынша жұмыстан босатылып, керi қайтқан. Бүгінде шалғай ауылдарға 208 дәрiгер маман қажет. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында берілетін әлеуметтік пакеттің қоржыны да қомақты. Онда 100 мың теңге, тұрғын үй жалдаудың толық ақысы, коммуналдық қызметақылардың 50 пайызы, үй сатып алуға бастапқы жарна жинақтау үшiн «Тұрғынүйжинақбанкiндегi» дербес шотқа 500 мың теңге аудару қамтылған. Соған қарамастан, тілек білдірушілердің қатары сирек. Оны алып алғаннан кейін де кері қайтып жатқандардың жоқ емес екенін де айттық. Алдағы уақытта бұл мәселе күрделі күйінде қалмай, күрмеуі шешілсе деген тілек бар. Жамбыл облысында да жағдай мақтанарлықтай мәз емес. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жандос Надировтің айтуынша, бүгінде облысқа 16 акушер-гинеколог, 5 неонатолог, 64 педиатр жетіспейді. Бүгінгі күні облыста неонатологтардың, акушер-гинекологтардың, анестезиолог-реаниматологтардың, учаскелік дәрігер педиатрлардың, терапевттердің тапшылығы орын алып отыр.
Алматы мен Шымкент медициналық жоғары оқу орындарының 94 түлегі Жамбыл облысына жұмысқа келді. Оларға бар жағдай жасалып отыр.
Бірақ қуануға әлі ерте. Олардың қаншасының қайтып келетіні әлі белгісіз. Әзірге көрші облыстағылардың кебін киіп, кері қайтуға ниет еткендердің шаңы шыға қойған жоқ. Дегенмен сенім де аз. «Болашақ» бағдарламасындағыдай, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының игілігін көргендерден де сұрау алатын кез жеткен сықылды.
Денсаулық сақтау саласына жедел жәрдем қажет
Последние статьи автора