Дәрінің бағасынан бас айналып, көз қарауытады
Қай-қайсымыз болмайық, ауыра қалсақ, алдымен дәрігерге, сонан соң дәріханаға бет аламыз. Мақсатымыз – тезірек аурудан айығу. Алайда сол дәрілердің қайсысы нақты ем боларын ажырату қиын. Өйткені бүгінгі күнде дәрінің түрі көп. Ал дәрігердің бірі мына дәріні ішіңіз десе, екіншісі оның орнын алмастыратын басқа біреуін ішуге болатынын айтады. Онымен қоса, кей дәрігерлер нақты қай дәріні қай дәріханадан алу керек екенін де нұсқайды. Ал ол дәрілердің бәрі дерлік – шетелдік өнім. Жалпы, ел нарығындағы фармацевтикалық өнімдердің басым көпшілігі шетелдерден жеткізіледі. Бағасынан бас айналып, көз қарауытады. Өте қымбат. Сарапшы мамандардың айтуына қарағанда, біздегі баға ТМД мемлекеттерін, тіпті Америка мен Еуропа елдерін шаң қаптырады екен.
Статистикалық мәліметке сүйенер болсақ, мемлекеттік сатып алудағы фармацевтикалық тауарлар мен дәрі-дәрмектің 50 пайызын отандық өнімдер құрауы тиіс. Алайда бүгінгі таңда жеке сауда айналымындагы отандык өнімнің үлесі 20 пайызға да жетпейді.
Ол өз алдына, бізге шетелдерден жеткізілетін дәрілердің 90 пайызы түпнұсқа (оригинал) емес көрінеді. Олар – дженериктер, яғни түпнұсқаны алмастыратын дәрілер. Себебі шетелдерде бір дәрінің түпнұсқасын жасап шығарудың өзіндік құны өте жоғары. Forbs басылымының мәліметіне сүйенсек, зерттеулер жүргізіп, бір дәріні жасап шығару үшін фармацевтикалық компания шамамен 4 млрд АҚШ долларын жұмсайды екен. Түпнұсқаны тек шығарушы компания ғана сатуға құқылы. Сондыктан түпнұсқаның бағасы қымбат.
Ал түпнұсқалық дәрі жасап шығарушы компанияның патентті қорғау уақыты аяқталған соң, өзге компаниялар дженериктерді, яғни тұпнұсқаны алмастыратын дәрілерді шығару құқығын иелене алады. Патентті қорғау уақыты – бес-жеті жыл. Дженериктердің бағасы түпнұсқаға қарағанда әлдеқайда арзан. Тек Қазақстанда емес. Біздің елге шетелдерден жеткізілген дженериктердің бағасы шет- елдегі түпнұсқа бағасынан да қымбат көрінеді. Себебі шетелдерден жеткізілетін дәрі-дәрмек бағасына тасымалдау шығындары мен жарнамалық шығындар және басқа да қосымша шығындар қосылады. Оған делдалдар мен кәсіпкерлердің тәбетін қосыңыз. Нәтижесінде біздегі дәрілер тұтынушының қолына тигенде бағасы Америка мен Еуропа елдеріндегіден қымбат болып шыға келеді.
Кеңес ҮШБАЕВ, фармацевтика ғылымының докторы, профессор:
– Біздегі дәрі-дәрмектің қымбат болуына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Біріншіден, біздің елде дәрі-дәрмек сатып алуға монополия орнаған. Бір-екі мекеме ғана шетелден фармацептикалық өнім жеткізуге құқылы. Олар шетелдік дәрілердің бағасын қағаз жүзінде көтеріңкі етіп көрсетіп әкеледі. Сонан соң Қазақстанға жеткен дәрі-дәрмек делдалдар арқылы сауда орындарына түседі. Ал енді оған кәсіпкерлер өз үстемесін қосады. Және ол аз емес. Содан келіп баға шарықтап шыға келеді. Сондықтан да дәрі-дәрмек саудасына қатаң бақылау қажет. Қазақстандық сатып алушы компания фармацептикалық өнімдер шығаратын шетелдік өндірушілермен тікелей байланыс орнатып, бірнеше өндірушінің ішінен өнім бағасы төмен компанияны таңдап, солармен жұмыс істеуі қажет. Бүгінгі күні бұл салаға бөлініп жатқан қаржы аз емес. Тек дұрыс жұмыс жүргізіп, бақылауды қатаңдатсақ, дәрі-дәрмек бағасы мұншама қымбат болмаушы еді.
Ал түпнұсқа мен оны алмастыратын дәрілерді қарапайым тұтынушы былай тұрсын, дәрігерлердің де кез келгені ажырата бермейді. Тіпті біздің тұтынушылар ол үшін бас ауыртып та жатпайды. Өйткені біз үшін импорттық дәрілердің тиімділігі жоғары.
Бірақ бұл Қазақстанға шетелдерден жеткізілетін дәрілер жасанды деген сөз емес. Мамандардың айтуына қарағанда, дженериктердің құрамы түпнұсқадан кем түспейді. Қуаты да аз емес. Адам ағзасына тигізер зияны жоқ. Келтірер пайдасы да оң. Олар да сол түпнұсқалық дәрі жасалатын зауытта жасап шығарылады.Тек, біздерге қарағанда, шетелдерде дженериктердің бағасы әлдеқайда арзан.
Сарапшы мамандардың жүргізген зерттеулері нәтижесіне көз жүгіртсек, бағасы қымбат болса да, біздің тұтынушылар көп жағдайда шетелдік өнімді сатып алуды жөн көреді екен. Нақтырақ айтар болсақ, бүгінгі күнде тұтынылып жатқан дәрі-дәрмектің 20 пайыздайы ғана – отандық, ал қалғаны шетелдік өнім көрінеді.
Ал сол шетелдік дәрі-дәрмектердің бағасына қатысты сарапшы мамандардың келтірген дәйектері көңіл көншітерлік болмай тұр. Олардың айтуына қарағанда, баға күн санап өсіп келеді. Бұдан кейін де өсе бермек. Өйткені бағасы төмен болса да, отандық өнім шетелдік өнімге бәсекелес бола алмай отыр. Мұның сыры тұтынушылардың отандық өнімнің сапасына деген сенімсіздігінде жатса керек.
Бүгінгі таңда отандық өнімдер ауруханалар мен емханаларға тапсырыс бойынша беріледі. Ондағы отандық өнім үлесі 50 пайыздан асып жығылады. Алайда кұны жағынан ол 15 пайызға да жетпейді.
Жеке дәріханалардағы отандық өнімдердің сатылуы 25 пайыздан аспайды. Ал олардың құны, жалпы, бүгінгі таңда нарықтағы сатылып жатқан өнім құнының 7 пайыздайын ғана құрайды екен.
Қазақстандықтардың дәрі-дәрмек тұтынуы өткен жылдармен салыстырғанда біршама бәсеңдеген. Нақты деректерге жүгінсек, Қазақстан халқы 2008 жылы 491 млн қорап дәрі-дәрмек сатып алса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 383 миллионға азайған. Алайда мамандар «бұл – халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыру көрсеткішінің артуы емес, ол – баға қымбаттауының көрсеткіші», – дейді. Олар өз сөздерін халықтың дәрі-дәрмек сатып алуға шығындаған ақшасымен дәлелдейді. Олардың зерттеулерінің нәтижесі қазақстандықтардың 2008 жылы дәрі-дәрмек сатып алуға – 793 млн доллар, ал 2011 жылы 962 млн доллар жұмсағанын көрсетеді. Алайда 2008 жылмен салыстырғанда, қазақстандықтар 2011 жылы 107 млн қорап дәрі-дәрмекті аз сатып алып, 169 млн доллар ақша көп жұмсапты. Яғни аз сатып алып, көп ақша жұмсаған.
Халықтың айлық табысымен салыстырғанда дәрі-дәрмек бағасы қымбат-ақ. Ал бұл бағаның дәріні өзгелерден көбірек қажет ететін зейнеткерлер үшін қандай екенін өзіңіз пайымдай беріңіз. Иә, кейбір дәрілер оларға тегін берілетіні рас, дегенмен көптеген қажетті дәріні олардың әлі де мардымсыз зейнетақының шетінен қысып-қымтырып сатып алуларына тура келіп отыр. Сондықтан да бағаны бақылаусыз жібермей, кезі келгенде тізгінін тартып отыру қажет шығар.