Дағдарыс жезөкшелерге де жетіпті
Бүкіл әлемді шарпыған қаржылық дағдарыс қоғамның қай саласына болсын әсерін тигізбей қойған жоқ. Көлеңкелі бизнестің бір тармағы болып есептелетін жезөкшелік бұдан тыс қалмапты. Бұған Алматы қаласындағы «түнгі көбелектердің» бір түнгі тынысымен танысқанымызда көз жеткіздік.
Әуелі атышулы Сайын көшесіне бет алдық. Шулы болатыны – ең алғаш 1995 жылдары Алматыдағы көше жезөкшелігі сол арадан басталған. Бұрын топ-тобымен тізіліп, тән саудасын қыздырып, көлік кептелісіне себепкер болатын «түнгі көбелектер» жым-жылас.
Енді бағытымызды Сейфуллин даңғылына бұрдық. Өкінішке қарай, Жұмабаев көшесі мен І Алматы теміржол бекеті аралығындағы жезөкшелер тыйылмапты. Біз жезөкшелер шоғырланған нүктелерді ақырындап санай бастадық. Көшеде жеті-сегізден топтанып тұрған «хор қыздары» ары-бері ағылған полиция көлігін көргеннен тым-тырақай қашады екен. Ұсталғаны ұсталды, ұсталмағаны бас сауғалап үлгереді. Дәп бір інге жүгірген суырлар секілді, жақын тұрған үйлерге жып-жып беруде. Полицейлерден қаймықпай тұрған кезекті бір топтың қасына келіп білгеніміз – олар полицейлермен ымы-жымы бар, керек кезінде оларға «субботникке» баратындар екен.
– Сендер нүкте санап әуре болмай-ақ қойыңдар, себебі осы төңіректегі хрущевкалардың көбі жезөкшелер мекені, – деді бізге қарап біреуі. Осы сөзден кейін олармен тіл қатысудың сәті түсті.
Гуля:
– Кризистің әсері кәдімгідей білінуде. Бұрындары бір күнде бес-алты, кейде тіпті жеті-сегіз клиентке дейін болатын. Бүгінде екі-үшеу болса кәдімгідей көңіліміз толатын болды. Егер ел сияқты оқу бітіріп, арнайы мамандығым болса, мұндайға бармас та едім. Көңілге демеу болары – інім мен сіңлімді ақшасын төлеп, оқытып жатырмын. Олардың менің көргендерімнің жүзден бірін көрмеуін тілеймін. Егер мен еден жуып, 20 мың теңге тапсам, оларға қайтіп көмектесемін?
Көше толы жасақтар жолдағы әрбір адамның құжаттарын тексеріп, жүрістерін қадағалауда.
Атын жарияламауды өтінген бір офицер былай деді:
– Біз бұлардың әрбірін білеміз. Кімнің қай үйде тұратыны, қайдан келгені бәрі белгілі. Құжаты жоқтар дереу жазаға тартылатын болғандықтан, ондайларды мүлде аз деуге болады. Былтырлары қаптап жүретін жақын шетелден келетіндер азайған. Мұндағылардың бәрі алматылықтар емес, бірақ Қазақстан азаматтары. Кезінде өздері жезөкше болып келіп, кәсіптерінің қыр-сырын меңгерген кейбіреулері осы маңнан үйлер алып, таныстарын «жұмысқа» тартуда. Өкінішке қарай, елімізде жезөкшелерді жазалайтын заң жоқ. Осыларды күн сайын жүргізілетін рейдте ары-бері тасудамыз. Жандарын шығарып жазалар ма еді, әттең! Еліміздің заңдарында тек жеңгетайларды жазалау қарастырылған. Біз ұйымдастырумен айналысып, жеңгетайлық етушілерді де жақсы білеміз. Керек десеңіз, олардың тізімі де бар. Алайда олардың үстінен шағым түсіп, қылмыс үстінде қолға түспеген соң қауқарсызбыз.
Суыртпақтап жүріп сыр тартқанымыздағы жезөкшелерден білгеніміз мыналар болды: ең бағалары төмендері – көше жезөкшелері, сағаты 2500-3000 теңге тұрады. Әртүрлі болатын табыстарының тең жартысын жеңгетайларға берсе, «крышалардың» аузын майлауға пайданың 10 пайызы тағы кетеді. Сауналар мен қонақүйдегілердің бағасы сағатына 100 доллардан басталады екен, тіпті «элиталық» деп аталатын шетелдіктер мен ақсүйектерге қызмет көрсетушілердің ішінде сағаты 1000 доллардан асатындары бар. Жезөкшелердің орта жасы – 18-50. Өкінішке қарай, олардың нақты саны ешкімге белгісіз. Қалалық ішкі істер департаментінде тіркеуге алынғандарының саны – 1050 адам. Есірткі тұтынатындары 150-ден асады.
Заманына қарай – амалы
Иә, көше «көбелектерінің» күйі кетіп, көгенделе бастағаны көрініп тұр. Бірақ қонақүйлер мен сауналарда «Қажет болса қатырамыз, қандайын қалайсыз?» деп ұсыныс айтушылардың кемігенін байқай алмадық. Қаптаған жарнамалық газет беттері де сол қалпы. Интимдік қызметтің қандай түріне де әзір екенін мәлімдеп, қай жаста, қай ұлт екендерін бадырайтып көрсететіндердің саны артпаса кемитін емес. «Жарнамаға жарнама беруші жауапты» деп қойып, жалпағынан басатындардың тыйылатын күні қашан туады екен? Әуелі заманауи техниканы жете меңгергендер мүмкіндіктерін құр жібермеуде. Интернетте өз сайттарын ашып алып, суреттерімен бірге қызмет ақысын, қандай қызмет түрлерін көрсететіндіктерін ашық жариялауда. Біздің министрлер түкпірдегі әрбір ауылға дейін ғаламтор желісінің жеткізілетінін айтып мақтануда. Сол ғаламтормен бірге жететін, жас сананы улайтын ақпарат ағынына қарсы шаралар қолдануды ойластырды ма екен? Осы бетімен кетер болса, көп ұзамай-ақ қаймағы бұзылмаған ауылдардан «хор қыздарының» шықпауына кім кепіл?
Қанымызда жоқ, ұлтымызға жат – ар-намысын аяққа таптайтын кәсіпке қазақ қыздарының баруына не себеп? Кім кінәлі? Көсегемізді көгертеді деген капиталистік қоғам ба? Жоқ әлде, «балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» керзаман ба? Шешімін таппаған сан сауал санаға маза берер емес.