Cтуденттер мектеп оқушыларын «счетчикке» қоятын болыпты
Соңғы кезде мектеп қабырғасында «оқушылар бiр-бiрiмен атысыпты, қақтығыс кезiнде пәленше адам жарақаттаныпты» деген сияқты адам шошырлық әңгiмелер қоғамымызда жиi көрiнiс беруде. Тiптi бұған етiмiз үйренiп кеткендей...
Негiзiнде, кез келген ата-ана мектеп жасындағы баласын сол оқу орындарына сенiп тапсырып қойған. Әйтеуiр сырттан төнер қауiп жоқ, сенiмдi адамдардың қолында, үлгерiмi орта болса да, үлгiлi шәкiрт болып жүргенiне шүбә келтiрмей, арқаны кеңге салып отырады. Бiрақ шын мәнiсiнде солай ма? Кей уақыттарда бала әр нәрсенi сылтауратып, мектепке барғысы келмей, қабағы кiржиiп, айғай-аттанмен, зорлықтың күшiмен кететiнi несi? Ал жағасы жыртылып, мұрны қанап, көзi көгерiп келсе де кейбiр ата-аналар оған «сол шақтардан өтуi тиiс» кезең ретiнде қарап, үнсiз қалады. Бiрақ сол кiшкентай ғана мектеп оқушысының басындағы өтпелi кезең ең ақырында, қайғылы оқиғаға ұласып жататыны бар. Мiне, бала тәрбиесi, оның iшiнде ер баланың мiнез-құлқының қалыптасуы ата-ана – мектеп – қоғам деген үштiктiң байланысында күрделi күйiнде қалып отыр. Таяуда Тараз қаласында мектеп оқушыларының төбелесiнен 16 жасар жасөспiрiм қаза тапты. Төбелес мектеп оқушылары мен студенттер арасында шыққан. Жамбасқа сұғылған пышақ орнынан қан көп кетiп, жеткiншек көз жұмған. Қақтығысқа қатысқан 15 адамның екеуi қазiр қамауға алынды. Ендi осы iс бойынша, қылмыстық iс қозғалып отыр.
Жоғары сынып оқушыларының төменгi сыныптағы балалардан ақша талап ететiн жайттарды кез келген мектептерден ондап санап, мыңдап мысал келтiруге болады. Бiрақ бұл туралы шашыранды түрде болмаса, жинақталған, ашық мәселе қойылған жоқ. Сондықтан бұл жасөспiрiмдер арасында жасырын түрде жасалып отыр. Бiз мұны неге айтып отырмыз? Себебi Тараздағы қайғылы оқиға да осы ақша талап етуден басталған көрiнедi. Бiлетiндердiң айтуынша, студенттер мектеп жасындағы балаларды «счетчикке» қойып, ай сайын белгiленген сома алып отырған. Ақырында мұндай сүреңсiздiкке төзе алмаған кейбiр оқушылар бiрiгiп, жиналып, қолдарына пышақ, бөтелкеге құйылған бензиндермен, бiр ауыз сөзбен айтқанда, «қарсыластарын» күтiп алуға дайындалған. Ақыры жоғарыдағы адам өлiмiмен аяқталған.
Пәтер жалдап тұратын бiз пәтер иесiнiң мектеп жасындағы баласымен ара-тұра тең құрдастай сөйлесетiн кезiмiз болады. Сол iнiмнiң айтуына қарағанда, жоғары сыныпта оқитын оқушы әр сыныптың «мықты-мықты, өркөкiрек атамандарын» шақырып алып, үш мың мен бес мыңның арасында салық салатын көрiнедi. Белгiленген күнi жинап әкелмесе, «атаманның ақыры». Ал «мықтылары» зыр жүгiрiп, әр баладан 200-300 теңгеден ақша жинайды. Бермеген бала жеке «счетчикке» отыруы мүмкiн. Мұндай жағдай осыдан 10-11 жыл бұрын бiз оқыған мектепте де орын алып отыратын. Демек, бұл барлық мектепте жүйе болып қалыптасқан. Бiрақ кешегi күрес тәсiлi бүгiн амал бола алмайды. Өйткенi бүгiнде ол тереңдеп, басқаша, (студенттердiң де мектеп оқушыларына ауыз сала бастағаны сияқты) «өркениеттi» реңк алған.
Бұл ретте ата-аналардың мектеп жауапсыздығына кiнә артуға қақысы бар. Мысалы, қараңыз, мектеп, аудандық оқу бөлiмi, әкiмшiлiк, кәмелетке толмағандармен жұмыс жөнiндегi басқарма, Iшкi iстер басқармасы, учаскелiк инспектор – барлығы мектептегi оқу-тәрбие жұмысымен айналысуы тиiс. «Счетчиктiк тәртiптi» өз орнына қою үшiн жоғарыдағы аталған жауапты органдар нәтиже шығаратын кез әлдеқашан жеткен. Бiрақ... Әрине, бұл жерде мұрты тебiндеп, қызға қырыңдауға жарап қалған жасөспiрiмдi мектеп бiтiргенше қолынан жетектеп, мектепке апарып жүру ұят. Бiрақ оқу үлгерiмi төмен бiр «ұрда соқтың» алдында тiзесi дiрiлдеп, үрей құрсауында жүру бала психологиясына керi әсерiн тигiзетiнi сөзсiз. Тiптi бүгiнде мұндай сүреңсiздiктер күн өткен сайын жаман сипат алып барады...
Анна МЕРГЕНБАЙҚЫЗЫ, психолог:
– Мен мұндай жағдайда не iстеу керектiгiн емес, қандай балалардың ақша талап ететiндiгi жөнiнде ой қозғасам ба деймiн. Негiзi, «қиын балалар» мұндай өтпелi кезеңде ата-ана, мұғалiмдерге емес, көп жағдайда жан-жағындағы ағаларына, құрдастарына қарап үлгi алады. Солардың көзқарасында жақсы көрiнгендi қалайды. Соның арқасында өзiнен жасы кiшi, шамасы жетпейтiн балаларды қорқытуға тырысатын бұларда қара күштен басқа жол жоқ. Өздерiн осы «салада» ғана көрсете алады. Ал олар қандай балаларға доқ қылады? Өзiне сенiмсiз, қорқақтау, өз дегенiн iстей алмайтын, өзiне емес, көп жағдайда әке-шешесiнiң ығына көбiрек жығылатын балаларды таңдайды. Егер ондай балаларды бас кезiнде-ақ «талаптарына» көндiретiн болса, онда одан сайын басына беретiн болады.
Аты-жөнiн газет бетiнде көрсетпеудi өтiнген ана:
– Жақында мен ипотекалық несиемен қаланың бiр шетiнен үй алдым. Бiрақ сол қуанышым ұзаққа бармады. Арада көп уақыт өтпей-ақ, жетiншi сыныпта оқитын ұлым он бiрiншi сынып балаларының қолынан мерт болды. Қалай дейсiз ғой? Жаңадан келген оқушының мойнына олар «дәстүр» бойынша салық салып, үнемi ақша әкелудi талап етiп қойған. Ал балам бiздiң үйдi ипотекаға алып, соның ақшасын тауып берудiң әуресiмен жүгiрiп жүргенiмiздi түсiнетiн. Сондықтан көп ақша сұрауға батылы бармай, оның үстiне қатты қиналғандықтан, кейде ақша сұраса бiз де ұрсып сала беретiнiмiз бар. Соның салдарынан, алғашында балам ауыр соққыға жығылып, үйге кеш оралып жүрдi. Тiптi кейде таңба салынған көзiн қайда жасырарын бiлмей, есiктен зорға бой көрсететiн. Мен мұны «шыңдалу мектебi» ретiнде қарап, онша мән бермедiм. Ақыры үздiксiз қорлауға шыдамаған балам асылып өлдi. Сонда мен ержеткен баланы орнынан қозғап, басқа мектепке ауыстыруға болмайтынын түсiндiм.