Чернобыльдықтар мемлекеттік қолдауға зәру
Чернобыль апатына 25 жыл толып отыр. Алайда осы уақытқа дейін аталмыш апатқа қатысқан қазақстандық ардагерлерге мемлекет тарапынан мардымды көмек беріліп отырған жоқ. Тіпті олар ТМД елдеріндегі әріптестерінің ішінде ең төменгі зейнетақы алады екен. Бұл туралы аталмыш одақтың президенті Рахым Әбдікәрімов мәлімдеп отыр.
– Чернобыль апатына қатысқан ардагерлер мемлекеттік қолдауға зәру. Апат зардабын жоюға Қазақстаннан 31 743 адам барса, қазірде оның 4519-ы ғана қалған. Оның өзінде басым көбі мүгедектікке ұшыраған. Егер соғысқа қатысып, бір мүшесінен, қолы не аяғынан айырылып келген ардагер салауатты өмір салтын ұстанып, уақтылы дәрісін қабылдап жүрсе, 30-40 жылға дейін өмір сүруі мүмкін. Ал радиация уытын бойына сіңірген чернобыльдықтарға қолданатын ешқандай ем жоқ. Демек, бұл апат соғыстан да ауыр зардап әкеліп тұр. Өкініштісі сол, елімізде чернобыльдықтарға ешқандай көмек көрсетіліп отырған жоқ. Экономикалық жағынан құлдыраған Қырғызстанның өзі Чернобыль апатына қатысқан ардагерлеріне көптеген жеңілдік жасап отыр. Тіпті зейнетақыларын 350 долларға дейін көтерген. Онымен қоса, қоғамдық көлікте жүруге, коммуналдық төлемдерге жеңілдік қарастырған. Ал Украинадағы жағдайға келетін болсақ, ондағы әріптестеріміз көптеген жеңілдіктерден бөлек, 800 доллар зейнетақы алады. Ал Ресейдегі әріптестерімізге 1000 доллар зейнетақы тағайындалған. Оның өзінде оларға жыл сайын Президенттік сыйақылар беріліп тұрады, санаторийлерде тегін ем қабылдайды.
Ал біздің алатын зейнетақымыз – небәрі 27 мың теңге. Басқа ешқандай жеңілдік жоқ. Демек, Чернобыль апатын жоюшы қазақстандық ардагерлердің әлеуметтік және денсаулық жағдайы мәз емес. Олардың әрқайсысы кем дегенде 20-дан астам сырқат түрімен ауырады. Біздің қатарымыздың тез сиреп бара жатқандығының бір себебі, міне, осыдан. Мардымсыз зейнетақы денсаулық сақтауға және тіршілік кешуге жетпейді. Бұл әділеттілік пе? Оның өзінде азық-түлік бағасы мен коммуналдық төлемдер жыл сайын өсіп жатыр. Сондықтан біздерге қатысты жеңілдіктер мен жәрдемақыларды мемлекет қайта қарауы керек.
2009 жылы Чернобыль апатын ауыздықтауға қатысушыларға арналған ескерткіштің жобасы жасалып, оны қоятын жерге дейін даярланып қойылған болатын. Бірақ оны тұрғызуға қажетті 71 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаражат әлі табылмай тұр. «Біздің бай мемлекетіміз үшін бұл сома тиын-тебен құрлы емес пе? Бірақ осы ескерткіштің жайын айта бастасақ бітті, «бюджетте ақша жоқ, демеушілерді өздерің табуларың керек» дегеннен басқа жауапты ести алмай келеміз», – дейді Р.Әбдікәрімов.
Республикамыздың жер-жерінде Чернобыль АЭС-індегі ядролық апаттың зардабын жоюшыларға арналған ұсақ-түйек белгілер болғанымен, олардың ерен еңбегінің нәтижесін білдіретіндей ескерткіш жоқ. «Жастарға отаншылдық тәлім-тәрбие беруде аға буынның бұл ерлігін ұмытуға болмайды. Оларға көрсетілетін құрмет біздің көзіміздің тірісінде жасалуы тиіс. Сондықтан тарихтың ұмытылмас бір кезеңінің белгісі ретінде чернобыльдық ардагерлерге ескерткіш қою мемлекеттің бір парызы болуы тиіс», – дейді ол.
Қалай десек те, 1986 жылы 26 сәуірде болған Чернобыль апаты кімді болса да ойландыруы тиіс. Оның үстіне, осындай ірі апаттың алдын алуға ерекше үлес қосқан еліміздегі чернобыльдықтардың айтқан уәждері де орынды секілді. Сондықтан Чернобыль ардагерлерінің жан айқайына құлақ асып, олардың пікірлері ескерілсе екен дейміз.
Қысқа-нұсқа
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ядролық энергияны қауіпсіз пайдалану жөніндегі саммитке қатысу үшін Киевке барды. Онда «Чернобыль апатына – 25 жыл: қауіпсіздіктің болашағы» деген тақырыпта халықаралық конференция басталды. Мемлекет басшысы Украина Президенті Виктор Януковичпен, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен және Еурокомиссияның президенті Жозе Мануэль Баррозумен кездесті. Чернобыль жобаларын қаржыландыруға арналған донорлық конференция Еуропаның қайта құру және даму банкінің қолдауымен өтіп жатыр. Чернобыль АЭС-інде жаңа заманауи қорғаныстың құрылысына халықаралық донорлар 200 млн евро жұмсайды. Әзірге жобаны 17 донор қолдап отыр, олардың ішінде жеке мемлекеттер де, халықаралық қаржы институттары да бар. ЧАЭС-тегі болған 1986 жылғы жарылыстың салдарымен байланысты проблемалардан басқа, саммитке қатысушылар ядролық реакторлардың қауіпсіздігі, елдердегі АЭС-тердегі оқиғалар туралы ақпарат таратушы халықаралық желіні жолға қою мәселелерін талқылады.