Соңғы жылдары еліміздегі балалар мен ересектер арасында бүйрек ауруының көбеюі байқалуда. Өкінішке қарай, бүйрек ауруының соңы көбіне-көп бүйректің істен шығуына әкеп соқтырады. Өзі жұдырықтай, бір кесек ет – бүйректің адам ағзасындағы алар орны орасан зор екенін тек бүйрегі ауырған адам ғана түсінетін шығар. Өйткені бүйрек істен шықса, адам өміріне қауіп арта түседі. Бүйрек қан құрамын улы заттардан тазартып, ағзадағы суды сыртқа шығарады және күніне 200 литр қанды сүзгіден өткізетіндіктен, оның адам өміріндегі маңызы зор. Осы орайда елімізде жыл өткен сайын бүйрегі ауырып, істен шығатын жандардың қатары көбеюіне байланысты «жасанды бүйрек» қызметіне жүгінушілердің санының артатыны байқалған.
Мәселен, соңғы бес жылда «жасанды бүйрек» қондырғысына жүгінетін қазақстандық науқастар саны үш есеге өскен. Бұл – аз көрсеткіш емес. Егер бес жыл бұрын «жасанды бүйрек» қызметіне жүгінетін науқастар саны 560 болса, 2011 жылдың қазан айында олардың саны 1608-ге жеткені байқалған. Осылайша бес жыл ішінде науқастар санының үш есеге өскені көрініп отыр. Сондай-ақ Қазақстанда диализдік орталықтар саны соңғы 10 жылда 24-тен 40-қа дейін өскен. Яғни науқастардың сұранысына сай, оларға арналған емдеу орталықтары да көбейе түскен. Әйтсе де диализдік емнің қол жетерлігіне қарамастан, жыл сайын науқастардың 35%-40%-ы қайтыс болуда. Яғни диализдік емдегі науқастардың елеулі бөлігі бүйрек трансплантациясына жете алмаған күйі өмірімен қоштасады. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, Америкада бұл көрсеткіш 25%-ды құрайды екен. Осы орайда еліміздегі бүйрек дертінің дендеуі мамандарды алаңдатып отыр.
Қайрат ҚАБЫЛБАЕВ, медицина ғылымының докторы, нефролог:
– Созылмалы бүйрек тапшылығы қандағы фосфор деңгейінің көбейіп кетуінен пайда болады. Соның салдарынан ол сүйектегі кальций мен қан тамырларының ішкі қуыстарындағы кальцийді ығыстырып, науқастарға жүрек-қан тамыры ауруларынан көз жұму қаупі төнеді. Жалпы, нефрологиялық қызмет саласын дамыту әлемдегі маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Дамыған елдер жоғары технологияларды енгізу арқылы бүйрегі ауыратын науқастарды емдеуде үлкен жетістіктерге жетуде. Бүгінде АҚШ, Германия, Австрия, Франция, Ресей және Қазақстан нефрологтері бүйрек ауруларының кең таралуының алдын алу және одан болатын өлім көрсеткішін азайту мақсатында бірігіп жұмыс істеуде. Басты мақсат – бүйрегі ауыратын науқастар санын азайту.
Бүгінде медицина бүйрегі ауыратын науқастардың бүйрегін ауыстырып беру арқылы науқастарға көмек қолын созуда. Әйтсе де елімізде бүйрек трансплантациясын жасатудың машақаты аз болмай тұр.
Әсия ҚАНАТБАЕВА, медицина ғылымының докторы, Қазақстан Нефрологтер қауымдастығының президенті:
– Бүйрек ақауы бар науқастар ұзақ уақыт диализдік (жасанды бүйрек) емдеуде болып, кейін бүйрек трансплантациясын қажет етеді. Әйтсе де елімізде бүйрек трансплантациясына қатысты мәселе көп. Біріншіден, ауыстыратын бүйрек жоқ болса, екіншіден, ол қыруар қаржыны қажет етеді. Сондықтан науқастар ұзақ уақыт бойы жасанды жолмен, яғни гемодиализ арқылы ем қабылдауға мәжбүр. Ағзадағы токсиндер, азот қосындылары зәр арқылы сыртқа шығатын болғандықтан, созылмалы бүйрек жетіспеушілігі кезінде бүйректің зәр шығару қызметі бұзылып, адам өздігінен кіші дәретке шыға алмайды. Яғни бүйректің сүзгі қызметі істен шығып, улы қалдықтар ағзада қалып қояды. Бір сөзбен айтқанда, ағза өз-өзінен уланады. Қажетсіз қалдықтардың көбеюі миға, жүрекке, бауырға кері әсер етеді. Сондықтан мұндай дертке шалдыққан азаматтардың бүйрегін тез арада ауыстыру қажет. Себебі бүйрегі ауырған науқастың барлық ағзасы уланып, басқа да сырқаттарға шалдыға бастайды. Ауыстыратын бүйрек табылғанша науқастар гемодиализ арқылы ем алады. Бұндай ем түрі адамдардың 5-6 жыл өмір сүруіне мүмкіндік береді. Бүгінде елімізде 1600-дей науқас бүйрек трансплантациясын қажет етіп, кезекте тұр.
Дерттен айығудың ең тиімді жолы — бүйректі ауыстыру. Әйтсе де еліміздегі науқастар үшін бұл оңай болмай тұр. Себебі елімізде бүйрек донорлығы қалыптаспаған. Мамандардың айтуынша, елімізде бүйрегі істен шыққан науқастарға көбіне-көп науқастың тума-туыстарының бүйректері алынуда. Ал шетелде қайтыс болған адамдардың ішкі мүшелері арнайы контейнерлерде сақталады. Бүйрегі істен шығып, тіркеуде тұрған науқастар қан тобының сәйкестігіне байланысты ағза ауыстыру оталарын жасату арқылы жаңа бүйрекке ие болып, өмірін жалғастыра алады. Бұл заңмен реттелген. Біздің елімізде де ішкі мүшелерді ауыстыру туралы заң бар. Әйтсе де ағза трансплантациясына қатысты ел ішінде дұрыс көзқарастың қалыптаспауы салдарынан бүйрегі істен шыққан науқастар ұзақ уақыт кезек күтуге немесе шекара асып, бүйрек іздеуге мәжбүр. Бүгінде еліміздегі нефрологтердің де басты бас қатырар мәселесі осы болып отыр. Сондықтан мамандар өзгенің бүйрегіне телміруден өз бүйрегіңді күтіп, аурудың алдын алудың қажеттілігін баса айтып отыр.
Бүйрек ауруы бас ауыртып тұр
Последние статьи автора