Болат Сауранбаев: Әкемнің ұлағатын келешек ұрпаққа аманаттағымыз келеді

Ұлы Отан соғысының ардагері, бүкіл ғұмырын еліміздің заң саласына арнаған Оспан Сауранбаев биыл 90 жасқа толып отыр. Осы мерейлі мейрам қарсаңында Оспан Сауранбаевтың ұрпақтары мен жерлестері «Ұрпаққа ұлағат» атты кітабын жарыққа шығарды. Кітапта Оспан Сауранбаевтың өмір жолы, көргендері мен көңілге түйгендері, өскелең ұрпаққа арнаған ұлағатты ой-пайымдары жинақталған. Енді заңгердің ұрпақтары Жамбыл облысының Шу ауданында осы кітаптың тұсауын кесіп, марқұмның рухына құран бағыштамақ. Осы игі шараға орай «Алаш айнасы» басылымы Оспан Хатиұлының кітабын жинақтап, қалың оқырманға тарту еткен заңгердің ұрпағы Болат Сауранбаевты аз-кем әңгімеге тартқан еді.
– Әкеңіз Оспан Сауранбаев еліміздің заң саласына сүбелі еңбек қосқанын білеміз. Атамыздың биыл 90 жылдығын атап өтпекші екенсіздер. Алға қойған жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.
– Әкем, жарықтық, әрдайым: «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп отыратын. Өлілерді разы ету, артынан құран бағыштау – ұрпақ үшін перзенттік парыз. Біз әкейдің ұрпақтары жиналып, сол парызды қалай өтеу, әкейдің 90 жылдық мерейтойын қалай өткізу керектігін ақылдасып, бір шешімге келдік. Үш жүзге сауын айтып, дүбірлі той жасап, ат шаптыруға болар еді. Бірақ ондай аста-төк ысырапшылдыққа әкеміз қарсы болып өткен адам. Ол кісі өте қарапайым өмір сүрді. Мүмкіншілігі болып тұрса да, өмірінде бір мәрте мейрамханада туған күнін, мерейтойын өткізген емес. Әрқашан да кез келген мейрамды, кез келген мерекені бала-шағасы мен немерелері арасында тойлап, бар қуанышын солармен бөлісетін. Сол дәстүрді жалғастырып, ауылдағы жекжат-жораларын, сүйікті жерлестерін шақырып, қасиетті қарашаңырақта кішігірім Құдайы тамақ таратпақшымыз. Себебі аста-төк тойдан гөрі әкеміздің артынан оқылған құранның сауабы көп деп ойлаймын. Оны ет жақындары сағынып еске алса, онан асқан сауапты іс бола ма? Ас беріп, ат шаптырғаннан гөрі 30 жыл бойы жинақтаған жазбаларын кітап етіп ұрпаққа аманаттағанымыз жөн секілді. Себебі әкем жазушы болуды мақсат еткен жоқ, «атақ жинайын» деген ойдан да ада болды. Оның жалғыз мақсаты көрген-білгенін, түсініп-түйгенін ұрпаққа өсиет ету еді. Сол мақсатты жүзеге асыру ұрпақтарының парызы емес пе? Біз сол парызды орындадық. Көп жасап, артынан бір ауыз сөз қалдырмаған азаматтар қаншама? Әкей артында сөз қалдырды. Ол сөзді келешек ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз. Сол себепті оның «Ұрпаққа ұлағат» атты кітабын жарыққа шығардық. Бірақ біз бір кітап шығарумен шектеліп отырған жоқпыз. Осы уақытқа дейін туған ауылымыздың гүлденуі үшін қолдан келгенше жәрдем беріп келеміз. Мәселен, ауылдағы мешіттің құрылысына көмектесіп, жыл сайын Хати атамыздың атындағы футбол турнирін өткізіп келеміз. Міне, биыл 29-шы мәрте футбол турнирін өткіздік. Атадан қалған аманат бойынша Хати атамыздың, Оспан әкеміздің аруағын осылай разы еткіміз келеді. Мені бауырларымның, яғни ол кісілердің бала-шағасы мен немере-шөберелері мұндай істерге демеуші болуға белсеніп тұратыны қуантады. Ендігі жылы Хати атамыздың атындағы футбол турнирін отызыншы рет өткіземіз. Осы 30 жыл қарсаңында ауылдағы стадионды қоршап, заманауи алаң жасап беру ойымызда бар. Осының өзін әкеміздің 90 жылдық мерейтойына арналған ізгілікті жұмыстар деп бағалауға болатын шығар. Біз үшін ауыл ақсақалдарының батасын алу – үлкен мәртебе.
– Халық Оспан Сауранбаевты заңгер ретінде таниды. Әкеңіздің еліміздің заң саласындағы, прокуратура саласындағы сіңірген еңбегі жайлы айтып берсеңіз. Жалпы, қызмет бабындағы әке образы сіздің есіңізде ме?
– Әкеміз «Қайда қызмет етсеңдер де, халыққа қиянат жасамаңдар» деп отыратын. Заңгер болу, заңмен жұмыс істеу оңай емес. Ол кісі қызметте талапшыл, қатаң, әділетті болды. Уақыт өте көптеген қызметкер халық санасынан өшіп кетеді. Тек халыққа әділетті болған, пайдасы тиген, көптің батасын алған азаматтар ғана ел есінде мәңгілік сақталады. Біздің әкей – елдің есінде қалған азамат. Әрдайым жерлестеріміз бізді Оспанның баласы ретінде танып жатады. Мен бұған қуанамын. Әкем айтқан «қиянат жасамаңдар» деген өсиет әрдайым көкейімде тұрады. Әкемізді тек заңгер немесе прокурор деп танығым келмейді. Ол мен үшін қазақтың философиясын, тілі мен ділін терең білетін адам еді.
– Демек, әкейдің мәдениет, руханият саласында да түйгені мол болғаны ғой. Жалпы, өмірлік құндылықтарға деген көзқарастары қандай еді?
– Ол кісі қазақтың салт-санасын, дәстүрін қастерлейтін азамат болды. Әке мен шешенің, ата мен келіннің арасындағы қарым-қатынасы үлгі тұтарлықтай еді. Ол ата-бабамыздан келе жатқан салт бойынша өмір сүрді. Сол салтпен ұрпақ тәрбиеледі. Алматыдан ауылға қонаққа барғанымызда барлық келіні бастарына орамал тарта қоятын. Ол кісінің мысының мықтылығы - кез келген келін орамалсыз көрінбеуге тырысады. Мұның бәрі қорыққандықтан емес, ең бірінші кезекте сыйлағаннан, құрмет көрсеткендіктен деп ойлаймын. Дастарқан басынан үлкендер ас ішіп болмайынша тұрмайтынбыз. Әкеміз заң саласында жүріп, елге қызмет етті. Соны ескерген басшылар зейнетке шыққан соң оған құрметті азамат әрі ардагер ретінде Тараздан, кейін Алматыдан төрт бөлмелі үй бермек болды. Бірақ әкем рақметін айтып, ауылдағы қарашаңыраққа көшіп кетті. Ол кісі осылай өз қалауымен өмірінің соңына дейін ауылдастарының қасында болды. Ауылдың үлкені болып, жерлестерін дұрыс жолға тәрбиеледі. Ұрпаққа өнеге көрсетті. Бір қызық айтайын, бірде АҚШ-та болдым. Келген бетте әкеме ол елдің салты мен дәстүрін айтып, 18-ге толған баланы бөлек шығарып, «өз жаныңды өзің бақ» деп жібере салатынын сөз еттім. Әкем бұл сөзімді жақтырмай: «Біз ешқашан америкалық бола алмаймыз, біз – қазақпыз, қазақтығымызды сақтауымыз керек. Сонда ғана өзге сыйлайтын ұлт боламыз», – деп маған ұрсып тастады. Ол кезде жас болғандықтан ренжіп қалдым. Қазір ата болып, әкемнің сол сөздерінің жаны бар екенін түсіне бастадым. Әкеміз қазақ бауырмалдығының астарында қандай мән жатқанын сол кезде ойлап, көре білген екен.


Ол кісінің ұрпақ тәрбиелеудегі тәрбиелік мәні зор хикаялары жетерлік. Мысалы, кітабында жарияланған бір жайтты айтайын. Бірде әкемнің алдына істі болып, шашы ұзын, қызға ұқсайтын бір жігіт келеді. Әкем оның тергеу қағазын толтырып отырып, жынысын «әйел» деп жазады. Сонда әлгі жігіт әйел деп жазғанына наразылық білдірсе керек. Сөйтсе әкей: «Сенің шашыңа, түріңе, киген киіміңе қарасам, ерге емес, әйелге көбірек ұқсайсың» депті де әкесін шақыртыпты. Әкесінен «мынау еркек пе, қыз ба?» деп сұрапты. Әкесі: «еркек қой» депті түсінбей. «Онда менің алдыма жігіт болып келсін» деп екеуін шаштаразға жіберіпті. Бұл оқиға әкеге де, балаға да, естіген адамға да сабақ болады деп ойлаймын.
Шынын айтайын, әкеміздің мінезі Бауыржан Момышұлындай қатты, қатал болды. Прокурор ретінде одан барлығы қорқатын. Өзінің айтып кеткен «Ұрыны ұстауға болады, соғуға болмайды», «Жақсы генерал солдатын атам деп қорқытады, жаман прокурор қаматам деп қорқытады» деген секілді қанатты сөздері де бар еді. Құдайға шүкір, сондай тәрбиені көріп, біліп өскен ұрпағы жаман болған жоқ. Әкем бізді қабақпен емес, қазақтың киелі «ұят болады, балам» деген сөзімен тәрбиеледі. Қазір қарап отырсам, ешбір халықта осындай «ұят болады» түсінік жоқ екен. Қазақтың өте бір көрегенділігі мен күші де осында жатыр.


– Оспан Сауранбаев - Ұлы Отан соғысының ардагері. Ол сол бір қанды жылдар жайлы сыр айтушы ма еді?
– Ол соғыс жайлы мүмкіндігінше айтпауға тырысатын. Біз оның соғыста тек 23 рет жарақат алғанын білеміз. Оның үшеуі – өте ауыр жарақат. Курск, Днепр, Ақтерке, Сталинград қалаларындағы шайқастарға қатысқан. Әкем мына кітабындағы жазбаларында «1925 жылы тудым» деп жазады. Ал жеке куәлігі бойынша 1924 жылғы екен. Әкем соғысқа баруға жасы толмаған соң туған жылын өзгертіп, жора-жолдас, бауырларынан қалмай соғысқа аттанған. Мұның өзі азаматтықтың, жігерліліктің, қаһармандықтың белгісі секілді. Соғыс жайлы әңгіме бола қалса, «бейбітшілік болсын, бастарыңа ондай зұлмат келмесін» деп тақырыпты жақсы жаққа бұрып жіберетін. Әкем көптеген қолбасшылардың кітаптарын шемішкеше шағып, оқып отыратын. Соғыс тактикасына талдау жасап, зерттеп отыратын. Соғыс тактикасын, әдістерін, түрлі қанатты сөздерді жатқа айтатын. «Соғыс біткелі бәленбай жыл болды, бұл тақырыпты неге зерттей береді екен» деп таң қалушы едім. Сөйтсем, соғыс ілімін жан-жақты білу әр ер адамның міндеті екен. Біздің білетініміз, әкем соғыста мерген болыпты. Неше рет жараланған әкем аман қалған соң, жауға аттандап шаба беруге болмайтынын түсінген. Бұл туралы өзі: «Батыр ең алдымен өзі мен жолдастарының амандығын сақтап, жауды қалай жеңу керектігін ойлауға тиіс. Нағыз ер азамат, сонда ғана батыр болады» деген еді. Осы жерде әкемнің бір бейбіт күндегі батыр әрекетін айта кетейін. Бірде бір орыс азамат өз отбасына қару кезеніп, әйелін атпақ болады. Әкеміз прокурор кезі. Әлгі адамның қасына ақырын жақындап, «Мынауыңды қой, осымен жетер, әйеліңді де атып жарақаттап тастадың» деп біраз тілдескеннен соң, ол азамат кезеніп тұрған қолындағы мылтығын жерге қойып, райынан қайтып өз еркімен беріліпті. Бұл оқиғадан кейін жоғарғы шенділер «қылмыскерді тұтқындау, қару кезенгеннің алдында қасқайып тұру прокурордың ісі емес» деп аудандық құқық қорғау саласының басшыларына ескерту жасапты. Міне, осындай ерліктері әлі де халық аузында айтылып келеді. Әкем сондай батыл, ештеңеден қорықпайтын адам еді.
– Ол кісінің ұрпақтары жайлы аз-кем айтып берсеңіз.
– Құдайға шүкір, Алла әкеме алты ұл сыйлады. Анамызға жас кезімізде қиындау болды. Кейіннен үйдің барлық шаруасын өзіміз-ақ тындыратын болдық. Жалпы, ең алғашқылардың бірі болып, ауылдық кеңес құрып, оны миллионер ұжымға айналдырған Хати атамыздың, білікті заңгер Оспан әкемізден осал ұрпақ тараған жоқ. Оны мен емес, елдің айтқаны жөн секілді.
– Халық бағасын берген Оспан Сауранбаевтың еңбегін мемлекет қалай бағалады?
– Әкеміз 20 жыл бойы бір ғана Меркі ауданында прокурор болды. Бұл - тәжірибеде болмаған жағдай. Ал прокурор болып барлығы 30 жыл қызмет етті. Себебі ол кезде аудандық прокурорды әр бес жылда ауыстырып отыратын-ды. Ұлы Отан соғысының ардагері әрі оның сіңірген еңбегін бағалағандықтан, бас прокурор етіп өз орнында төрт рет қалдырылыпты. Егер әкем жұмысына адал болмаса, мұндай кеңшілік жасалар ма еді. Әкеміз Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған, «КСРО-ның құрметті прокуроры», «Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері» және бұдан басқа да көптеген медальдары бар. Өзі «Менің ең үлкен медальдарым – ұрпақтарым» деуші еді. Халық та әкемізді жақсы сыйлап, Шу және Меркі аудандарының «Құрметті азаматы» атағын берді. Әлі күнге әкем туралы халық арасында жақсы әңгімелер айтылып жатады. Мен ол әңгімелерді естіген сайын марқайып қаламын.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Қанат Бірлікұлы

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста