Бизнестің жаңа түрі немесе студент қалай «қораға» кіреді?
Елбасымыз дағдарыс кезінде оқу ақысын төлей алмай, тауы шағылған студенттердің қамын ойлап, қосымша білім гранттары мен жеңілдетілген несие алуға жағдай жасап отырғанда, Білім және ғылым министрлігінің кредиттік технологияны ЖОО-ларға енгізгендігі студенттердің қалтасын одан сайын қағып, жығылған үстіне жұдырық болып тиюде.
Жоғары оқу орындарында кредиттік жүйе осыдан алты жыл бұрын енгізілген. Осынша уақыт өтсе де, бұл жүйенің қаншалықты тиімді-тиімсіздігін студенттер тұрмақ, мұғалімдердің өзі де енді-енді ғана түсініп келеді. Біз бұл жүйенің қыр-сыры турасында Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің мұғалімдерімен сөйлескенде, мынаны ұқтық.
Негізі, қазіргі кредиттік технологияны түсіну қиын. Әр пәнге әртүрлі несие есептеліп қойылған. Пәндердің барлығы бұрынғыдай сағатпен емес, кредитпен беріледі. Мысалы, бір пәннің өзінде бір кредиттен бастап, бес несиеге дейінгі аралықта болады. Бір кредиттің құны – сегіз мың теңге. Сонда бір сабақта төрт кредит болып, студент оны тапсыра алмай қалса, 32 мың теңгені төлеп барып, жазғы семестрді тапсыра алады. Ал оны төлей алмай ма, онда ол жылдан-жылға қалып, тіпті университет қабырғасында он жылға дейін жүре беретін көрінеді.
– Негізі, бұрын оқу бес жылдық болса, қазір студент бес жыл оқи ма, он жыл оқи ма – ол өз еркінде. Ең бастысы, ақысын төлесе болды, – дейді атын газет бетіне көрсетпеуді өтінген ҚазҰТУ-дың мұғалімі.
Сонымен қатар мемлекеттік грантта оқитын студенттердің GPA-сы (орташа балы) жетпей қалса, ол міндетті түрде грантынан айырылып, ақылы негізде оқитын болады. Бұл жағдайда мемлекеттің оқу грантына бөлген ақшасы қайда кететіні түсініксіз. Тағы бір ерекшелік, бірінші семестрге дейін (қысқы сессияның алды) студенттерден ағымдағы бақылау және аралық бақылау алынады. Осы жерде бірінші ағымдық бақылаудан студент нөл балл алып, аралық бақылаудан 98 балл алса да, ол емтиханға жіберілмейді. Демек, «не допуск». Мұны қарапайым тұрғыда былай есептесек, 98 балды екіге бөлесіз (49 балл), оны 0,6-ға көбейтесіз, сонда 29,4 балл шығады. Ал Білім және ғылым министрлігінің шешімімен бұл балл кемінде 30-дан төмен болмауы керек. Демек, емтиханға кіре алмаған оқушы жазғы семестрге қалады деген сөз. Мұнда тағы да ақша төлеп тапсыруға мәжбүрсің.
– Дәл қазіргі жағдайда жазға қалып қойған студенттер өте көп. 28 студентіміз грантынан айырылып қалу қаупі үстінде. Тіпті бір студенттің екі немесе үш сабақтан құлап жатқаны да жоқ емес. Олардың төлейтін ақысын есептейтін болсақ, 100 мыңға бір-ақ шығады, – дейді мұғалім ағамыз.
Сонда студенттер мұндай соманы қайдан алады? Дәл мынадай дағдарыс кезінде ата-ананың да бірден тауып бере салуы қиын. Бір қызығы, студенттердің кредит төлеуі арқылы мұғалімдерге айлық жазылады екен. Яғни білім алушылардың кредитке төлеген ақысының 50 пайызы емтихан алған ұстазға беріледі. Әңгіменің барлығы осы жерден басталады. Мұғалім тек қана құлқынның қамын ойлап, кредиттен пайыздық мөлшерді алу үшін студенттерді жаппай құлатпасына кім кепіл? Біз мұны тектен-текке айтып отырған жоқпыз. Мәселен, өткен жылы ҚазҰТУ-дың бір мұғалімі өте жақсы оқитын студенттерді ғана емтиханнан өткізіп, ал қалғандарының барлығын пытырлатып құлата берген. Сонда есептесек, бір сабақтан төрт кредит болса, сегіз мыңнан санағанда – 32 мың. Сонда оның 50 пайызы 16 мың болады. Бір сабақтан 300-400 бала емтихан тапсырса, соның жоқ дегенде 100-ін құлатқанның өзінде 160 мың теңге пайда табады екен. Дәл осы жағдайдың биыл қайталанбасына кім кепіл?
Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымының докторы:
– Кейбір ЖОО кредиттік технологияны білім берудің емес, пайда табу, ақша жасаудың механизміне бұрып алған. Шын мәнінде, студентке білім беріп, олардың өздеріне қандай мұғалімді таңдайтынына еркіндік жасай алып отырмыз ба? Мен белгілі деген ЖОО-ларды білемін, тіпті кейбірінде студенттерге бес жыл бойы ғылым докторлары сабақ бермеген оқу орындары бар. Сондықтан әр сабақтың ақысын ойлағанша, студенттерге шынайы білім берудің тетіктерін қарастырған жөн.
Осы неге біз шетелдің көшірмесін Қазақстанға әкелуден жалықпаймыз? Еуропаның ақылы оқу орындарындағы кейбір жүйелерді Қазақстанға тықпалай бергеннен не ұтамыз? Жалпы, біздің халықтың әлеуметтік жағдайын батыстікімен салыстыруға келе ме? Министрлік басшылығы осы жағын неге ойламайды? Әйтпесе, студенттерге обал. Онсыз да қаражаттан қағылып жүретін студенттерден тағы да қаржы талап ете беретін болсақ, мұның арты не болмақ?.. Оның үстіне жылда оқу ақысы өсіп отырады. Енді емтиханнан құласаң, тағы да ақы төлейсің. Осы біз «Ақша! Ақша!» деп жан-жақтан қысып, ауылдағы әке тұрмақ, баланың да салын суға кетіріп, өмірден түңілдіріп жүрген жоқпыз ба?..
Тынышкүл ӘМРЕЕВА, ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары:
– Дағдарыс жағдайында оқымайтын, екі алғандарды құлатпасын деген заң жоқ. Студент екі алды ма, демек оның оқу үлгерімі нашар деген сөз. Ал емтиханнан жаппай құлату дегенге келсек, біріншіден, барлық ЖОО-ның өздерінің регламенті бар. Кімге не төлейді, оған ешкімнің ешқандай қатысы жоқ. Әр оқытушы мен оқушы сол ЖОО-мен алдын ала келісімшартқа отырады. Ол келісімшарттың ішінде неше түрлі талаптар мен өзгерістер бар. Барлығынікі бірдей емес. Мүмкін, оқытушыларға төлейтін жалақылары турасында өздерінің «положениелері» (қағидалары) бар шығар. Бірақ мен жаппай құлату бар дегенге сенбеймін. Өзім 17 жыл мұғалім болып, ондайды көрген емеспін.