Бір қолмен бесік тербетіп, екінші қолмен... арақ ішеміз
... Үндістандағы Думуркота елді мекенінде алкогольді сусынға сылқия тойып, мас болып қалған 50 піл деревняның тас-талқанын шығарған: үйлерді ойрандап, егістік алқаптарын жайпаған, оларды тоқтатуға тіпті полиция күштері шақырылды. Полицейлер оларды әрең дегенде тоқтатыпты. Ататынын атып, шалатынын шалып...
Пілдерді қоя тұрып, мына оқиғаға қараңыз: 14 ақпан күні Алматы облысының Үштөбе қаласында туған анасы өзінің екі айлық баласын қылқындырып өлтірді. Ол өзінің азаматтық некедегі күйеуімен спирттік ішімдік ішкен, мазасызданып жылаған баланың дауысы араққа ықылық ата тойған әйелдің жүйкесіне тиген соң, ол сәбиін тұншықтырып өлтіріп тастап, көңілді отырысын әрі қарай жалғастыра беріпті...
Бұл нағыз сұмдық оқиға болды. Бүгінгі біздің қыз-келіншектеріміздің жеткен жері осы болса не шара?!.
Елімізде 30 мыңға жуық маскүнем әйел бар
Иә, қазір қазақтың қызы да, әйелі де арақ-шарап ішетін болды. Ол жаңалық болудан қалғалы қашан... Ал бұл тақырыптың тым жиі айтылатыны соншалықты – ол туралы әңгіме ішімдік ішетін әйелдерден де жиіркенішті болатын деңгейге жетті. Алайда әйел маскүнемдігі ұлттық деңгейдегі қасірет екендігін ұмытпауымыз керек.
Қазір Қазақстан әлем бойынша ішімдікті көп ішетін 188 елдің қатарында 34-ші орында тұр. Статистикалық деректерге қарағанда, Орталық Азиядағы ең «ішкіш» ел — Қазақстан. Елімізде жан басына шаққанда әр адам жылына 12 литр алкоголь өнімін пайдаланады. Ал әлемдік көрсеткіштер бойынша азаматтар жылына 6 литрден астам спирт пайдаланған ел деградацияға ұшырайды екен. Елімізде жарты миллионға жуық адам алкогольді ішімдіктің уысына түсіп, уын ішіп жүр. Бұлардың ортасында әйелдер ойып тұрып орын алады. Иә, бір қолымен баласының арбасын сүйреп бара жатып, екінші қолымен сыра іше беретін болдық. Біз мұндай күйге қалай жеттік?
Мамандардың айтуынша, қазір маскүнем күйеуімен алысып, соны емдетемін деп жүрген әйелдердің саны азайған. Бұл – ерлер аз ішетін болды деген сөз емес, әйелдер күресуді қойған, күйеулерімен бірге ішеді деген сөз.
Әлеуметтанушылардың пікірінше, әйелдердің спиртті ішімдікке тым үйір болуы 90-жылдардың басында байқалыпты. Еркек қара бақыр таппай үйде отырып қалғанда әйел базарға шығып, ақша тауып, өзі би, өзі қожа болып, ақыры алдымен «бойын жылыту үшін», кейін «көңіл көтеру үшін», «стрестен құтылу үшін» ішті. Қазір енді ер әйелін наркологиялық диспансерге сүйреп апаратындай жағдайға жеттік. Бұл күндері ер адамдардың дәрігерге «әйелімді маскүнемдіктен емдеп беріңізші» деп жалынатын оқиғалары жиілепті.
Көше-көшеде, қуыс-қуыста бет-ауыздары домбығып ісіп, үсті-басы сасып, көзінің асты көгеріп жүретін әйелдерді көргенде аяйсың әрі жиіркенесің. Кафе-мейрамханаларда темекісін бұрқыратып, сыраға тойып, ықылық атып отыратын уыздай жап-жас қыздардың саны да көбейіп барады. Сыраны алкогольді ішімдік емес деп өзімізді өзіміз алдап қойдық. Қызымыз үйге аузынан иіс шығып келсе, «е-е, сыра ішкен екен ғой» деп, «әйтеуір, арақ емес екеніне» тәубе дейміз. Ол аз болса, алпыстан асып, жетпіске қарай кетіп бара жатқан әжелеріміз бен аталарымыз бір-бірін сүйеп, арақ ішіп жүретін ауылдар бар. Мұндай үйлердің берекесі де, мерекесі де жоқ.
Баласы мен келіні әке-шешесінің маскүнемдігі кесірінен бір-бірінен ұялып, ұрсысып, жан-жаққа тарап кеткен балалары «әке үйі» дегенде кежегесі кейін тартып тұратын жағдайлар да кездеседі.
Маскүнемдік — ауыр дерт. Әлем елдері бұл дертті тоқтатудың түрлі амалдарын ойлап тапқанымен, маскүнемдік ауыздыққа ырық берер емес. Әсіресе соңғы жылдары әйелдер маскүнемдігі белең алып бара жатқан көрінеді. Елімізде ішімдікке салынған 30 мыңға жуық әйел бар екен. Мүмкін, бұл аса көп те емес шығар. Алайда статистиканың нақты көрсеткіш емес екені, ішкен адамның барлығының «мені емдеңіз» деп дәрігерлердің алдына бара бермейтінін ескеру керек.
Қазақ әйелі «мен ішіп кеттім» деп дәрігердің алдына бармайды. Себебі ұялады. Ел-жұртқа қарабет боламын деп ойлайды. Әрі жұмысқа тұрғанда оның құжаттары «мінсіз» болуы үшін «сырын» жұртқа жаймауға тырысады. Ал әбден ағзаға дендеп еніп, ішімдікпен өзі күресе алмайтын жағдайға жеткенде дәрігердің алдына баруға тура келеді.
Балзада МҰРЗАТІЛЕУОВА, Ақтөбе облыстық наркологиялық диспансердің меңгерушісі:
— Қазіргі уақытта диспансерде 10 159 адам диспансерлік тіркеуде тұр. Соның 7859-ы — ішімдікпен достасқандар. Осының ішінде 1111-і — ішімдікке салынған әйелдер. Әрине, салыстырмалы түрде алғанда маскүнем әйелдердің саны ерлерден анағұрлым аз. Бірақ аз екен, ештеңе етпес деуге болмайды. Бір әйел маскүнемдікке салынса, дабыл қағуымыз керек. Себебі әйел — отбасының ұйытқысы. ӘЙЕЛ АЗСА, ҰЛТ АЗАДЫ. Жақында бір әйел маскүнемдікке салынған жасы 50-ден асқан үлкен ананы алып келді. «Емдеңіздерші» деп жалынды. Тағы бірде, бір әйел бет-аузы әбден домбығып ісіп, қаңғыбас болып кеткен бір әйелді ертіп келді: «Кезінде ініміз қайтыс болғанда, оның келіншегі жас болған соң өмірін әрі қарай жалғастырсын, тағы да отбасын құрып, жақсы болып кетсін деп рұқсатымызды берген болатынбыз. Келініміз басқа адамға тұрмысқа шықты. Біраз уақыттан кейін оның күйеуінен ажырасып, ішкілікке салынып кеткенін естідік. Мынау – менің келінім. Қаңғып, арақ ішіп жүрген жерінен тауып әкеліп тұрмын. Қандай адам болса да, менің бауырымның жалғыз сүйген әйелі ғой. Осыны емдеңіздерші, адам болып, қатарға қосылып кетсе, інім де ана дүниеде тыныш жатар еді», – деп кетті. Кейде әйелдер алдыма келіп, «менің емделгім келеді» деп еңірегенде етегі жасқа толады. Қырық күнде осындай қырық түрлі тағдырмен бетпе-бет келіп жатамыз.
Маскүнем әйел ұлттың түбіне жетпей ме?
Дәрігердің айтуынша, қазір статистика көрсетіп отырғандай, 35-тен асқан азаматтар арасында ішімдікке әуестік деңгейі жоғары болып отыр. Жасы үлкен азаматтар арасында да ішкілікке құмарлар баршылық. Соңғы үш жылда алкогольді қабылдаған жасөспірімдер саны екі есе көбейген. Бұлардың дені — әке-шешесі маскүнемдікке салынған балалар.
Маскүнемнің балалары көбіне ауру, кеміс, ақыл-есі кем болып туады екен. Мына статистикаға қараңыз: ішкілікті аз да болса ішетін әйелдердің өмірге әкелетін сәбилерінің 80-90 пайызы әлсіз болады, олар болашақта психикалық қиындықтарға ұшырайды, сөйлеу мүшелерінде кемістік байқалып, терісінде түрлі аурулар болады екен. 40-50 пайызының жыныстық мүшелерінде кемістік байқалып, аяқ-қолының саусақтары қисық болып жаратылады. Ал 20-30 пайызында балалар жүрек ауруына шалдығып, көру қабілеті төмен, 10 пайызының бүйрегі толық жасамайтын күйінде өмірге келеді. Сыра ішетін әйелдің ішіндегі баланың миына зақым келеді екен. Сыра демекші, қазір «өмірімде арақ ішіп көрген жоқпын» деп мақтанып, күніге кем дегенде бір-екі саптыаяқ сыра сіміруді әдетке айналдырған әйелдер бар. Алайда жарты литр сыраның 50 грамм арақпен тең екенін біле бермейміз. ХІХ ғасырда ағылшындар қуаты жоғары ішімдіктермен күресу үшін оларды жеңілдеу деп саналатын сырамен ауыстыруды мақсат еткен. Алайда халықтың сырамен тез дос болып, жағдайдың бұрынғыдан да ушығып кеткендігі соншалық – қазір оны шығарған елдің өзі сырамен күресіп әуре болып отыр.
— Сыраны көп ішкен адамның бүйрегі, бауыры, жүйке жүйесі, асқазаны, өт жолдары ауырады. Бауыры, бүйрегі ісініп, адамның іші қампиып кетеді. Одан соң жүрегі ауырады. Сыраның құрамындағы көмірқышқыл газы қан тамырларына күш түсіреді. Қан тамырларына күш түскесін жүректің қызмет етуі нашарлап, еті босап, ісініп, сырты үлбіреп кетеді. Мұны дәрігерлер «жүректің сыра синдромы», кейде «жүректің капрон шұлыққа айналуы» деп атайды. Сыраны көп ішетін әйелдердің әйел сиқы қалмайды, дене тұрқы ерлердікіндей болып өзгеріп, кейбір әйелдерде тіпті мұрт шығатын болады. Арақ-шарап ішетін қыз-келіншектер арасында кеуде безі қатерлі ісігімен ауыратын әйелдер жиі кездеседі, — дейді мамандар.
Әйелдер ерлерге қарағанда арақтың ырқына тез көнеді. Ерлер бес-алты жыл ішкеннен кейін араққа салынып кететін болса, әйелдерге екі-үш жыл жеткілікті екен. Себебі ер адамның ағзасында спиртті ішімдіктің зардаптарынан сақтандыратын ферменттер асқазан мен бауырда болса, әйелдерде тек қана бауырда ғана болады екен. Әйелдердің тез маскүнем болатыны, бірақ өте қиын емделетіні содан болса керек. Наркологтердің айтуынша, бұрын 3-4 жыл бойы алкогольді ішімдік ішкен адамдарға созылмалы маскүнемдік диагнозы қойылатын болса, қазір адамдардың бір жылдың ішінде араққа тәуелді болып қалу жағдайлары жиі кездеседі екен.
«Арақ – барлық кесапаттың, қайғы-қасіреттің бастауы, барлық жамандықтың кілті» дейді діни кітаптарда. Бұл «кілтті» әйелдің қолына беріп қойғанымыз ұлтқа жамандықтың есігін ашып бергеніміз болса керек.
Соңғы бес жылда елімізде адамдар алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйінде жасаған қылмыстар саны екі есеге артып кеткен — 13 мыңнан астам қылмыс жасалыпты! Спиртті ішімдік ішкендердің қолынан үш мыңнан астам адам қаза тапқан. Ішіп алып, көлік руліне отырған жүргізушілердің кесірінен 500-ге жуық адамның өмірі қиылып, 2500 адам жарақат алған. Тағы мыңдаған ана ішкіліктің салдарынан аналық құқынан айырылып, он мыңдаған баланы жетімдер үйіне тапсырды.
Ал облыста өткен жылы ішімдік салдарынан 960 қылмыс орын алыпты. Биыл жыл басынан бері 79 қылмыс жасалып үлгерген.
Елдегі маскүнемдік дертінің ушығып тұрғанын меңзеген Мәжіліс депутаты Ерген Дошаев онымен күресудің ең тиімді тәсілі — экономикалық шараларды күшейту екендігін айтады. Яғни арақ өнімдеріне акциз ставкаларын көтеру қажет деген пікірін айтып жүр. Алайда мұнымен мәселе толық шешілсе, қане?!.
P.S.
... Иә, сонымен жоғарыда айтқан пілдер тақырыбына оралайық. Араққа сылқия тойған 50 піл деревняның тас-талқанын шығарған дедік. Ал мас адам мен мас жануардың ешқандай айырмашылығы жоқ екендігін ескерсек, маскүнем әйелдің көбеюі жалғыз ғана «деревняның» емес, тұтас ұлттың тас-талқанын шығаруы мүмкін...