Еліміздің реформаға «бай» саласы – білім жүйесі.
1987-1993 жылдар аралығы – Қазақстан Республикасы халыққа білім беру министрі (Тәуелсіздік алғанға дейін аталған министрлік ҚазССР Жоғары және орта арнайы білім министрлігі аталған) Шайсұлтан Шаяхметов.
1991 жыл – Тәуелсіз Қазақстан үшін аса сындарлы кезең. Бұл – жаңа үлгідегі мектептер мен арнаулы орта бiлiм беретiн оқу орындары: лицей, гимназия, кәсiптiк-техникалық мектептер, колледждердің тұсауы кесілген елеулі жыл.
1993-1995 жылдар аралығы – Қазақстан Республикасы халыққа білім беру министрі Ережеп Мәмбетқазиев.
1994 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындала бастайды. Он жылдың көлемінде мыңнан аса бала алдыңғы қатарлы шетелдік ЖОО-лардан білім алса, 2005 жылдан бастап «Болашақ» балалар санын 3000-ға жеткізеді.
1995-1997 жылдар аралығы – ҚР халыққа білім беру министрі Мұрат Жұрынов.
1996 жылы сырттан келіп жатқан қандастарымызды қолдау мақсатында арнайы Мемлекеттік бағдарлама қабылданады. Онда қамтылған негізгі мәселелер – атажұртына оралғандарды оқыту және қайта оқыту.
1996 жылы қабылданған «Дарынды балаларға арналған мектептерді дамыту және мемлекеттік қолдау көрсету» Қаулысы Қазақстандағы аса қабілетті жасөспірім балалармен қарқынды түрде жұмыс жүргізудің себепкері болып отыр.
1996 жылы «Жалпы бiлiм беретiн мектептер үшiн оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешендердi дайындау және басып шығару туралы» кешендi бағдарлама жалпы бiлiм беретiн мектептер үшiн жаңа үлгiдегi оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк құралдар жасауды мақсат етедi. Бұл білім беру саласын реформалаудағы маңызды қадам болды.
1997 жылдың сегіз айында – ҚР білім және мәдениет министрі Иманғали Тасмағамбетов.
1997-2000 жылдар аралығы – (1997 жылдан 1999 жылға дейін Қазақстан Республикасының білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрі, 1999 жылы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау, білім және спорт министрі, ал 1999 жылы министрлік атауы өзгереді. Осы тұста айта кетейік, 1999 жылдың қаңтарынан бастап қазан айына дейін кезекті министрлік таратылған соң, ғылым және жоғары білім министрі болып Владимир Школьник тағайындалады. Кейін министрлік қайта құрылады).
Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрі Қырымбек Көшербаев.
1997 жылы оқу жүйесін техникалық базамен жабдықтау міндеті арнайы орта бiлiм жүйесiн ақпараттандырудың мемлекеттiк бағдарламасын қабылдауға мұрындық болады. Міндет – республика мектептерiн мультимедиялық компьютерлiк сыныптармен қамтамасыз ету, компьютерлiк оқу бағдарламаларын, электрондық оқулықтар жасау, бiлiм берудi басқару жүйесiн ақпараттандыру.
1997 жылы «Дарын» мемлекеттiк бағдарламасы аясында дарынды балалардың қабілеттерін арттыру мақсатында «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығы құрылады. Осы бағдарлама шеңберiнде 1997 жылы республиканың сегiз облысында дарынды балалар үшiн арнаулы мектептер мен мектеп-интернаттар бой көтереді.
1999 жылғы 7 маусымда «Бiлiм беру туралы» Заң қабылданған.
2000-2002 жылдар аралығы – Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрі Нұрәлі Бектұрғанов.
Жаңа ғасырдың бас шені еліміздің білім саласына көптеген өзгерістер, жаңа міндеттер мен мақсаттар жүктейді. Бұл кезең Қазақстандағы орта білім беретін мектептер саны айтарлықтай артып, яғни 8160-ге жеткен кезең ретінде тарих қойнауынан орын алады. Оның 2016-ы – қалалық, 6144-і – ауылдық. Сол жылдардағы мәлімет бойынша біздің елде 1 683 700 бала қазақша, ал 1 300 200 адам орыс тілінде білім алады. Сондай-ақ 87 300 адам өзбекше, 21 500 бала ұйғырша оқыған екен.
2002-2003 жылдар аралығы – Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрі Шәмша Беркімбаева.
2003 жыл. «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы» жарық көреді. Мақсаты – қоғамның жаңа талаптарына сәйкес келетін білімді, кәсіби біліктілігі жоғары жастарды тәрбиелеуге қол жеткізетін сапалы, бәсекеге қабілетті білім ордаларын қалыптастыру.
2003-2004 жылдар аралығы – Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрі Жақсылық Құлекеев.
2004 жылы мектеп бітірушілердің білімін бағалап, түсу емтиханын біріктіретін Ұлттық бірыңғай тест жүйесі заңдық күшіне ие болады.
2004 жылы 2004-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың өңірлік бағдарламасы қабылданады. Соның аясында 12 жылдық білім жүйесі енгізіле бастайды. Айта кетейік, 12 жылдық модельге көшу, яғни оқушылардың жеке қабілеттерін дамытуға бағытталған жоғары сатыдағы бейіндік және кәсіптік бағдарлы оқыту жүйесін қалыптастыру – ең күрделі міндеттердің бірі.
Сол кездері Ауылдық жерлердегі білімді дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы өмірге жолдама алады.
2004-2007 жылдар аралығы – ҚР білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімова.
2004 жыл. Қазақстан Республикасында бiлiм берудi дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы қабылданады.
2007 жылы біздің елде «Білім туралы» жаңа заңның редакциясы жарық көреді.
Сәл кейін Білім беруді дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған бағдарламасы мен 2007-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы қабылданады.
2007 жылдан бері ҚР білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев.
Қазақстан үшін аса маңызды «100 мектеп пен 100 аурухана» жобасының да білім саласына тікелей қатысы бар.
2007 жылы «Білім туралы» Заңға сәйкес, «Кредиттік оқыту технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру ережесі» бекітіледі. Кредиттік оқыту технологиясы – білім беру технологиясы, өз бетімен білім алу деңгейін көтеру және дара негізінде шығармашылық білімді меңгеру, оқу процесін және білім көлемін кредит негізінде есепке алуды, білім беруді таңдап алған траекториясын регламенттеу.
2008 жылы Елбасы «Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қояды.
2008 жыл: «Тұңғыш Президенттің 20 интеллектуалды мектептері» жобасы шеңберінде жалпы білім беретін мектептер желісін құру мен олардың жұмыстарын үйлестіру мақсатында «Өркен» АҚ құрылды.
2010 жылдың бас шенінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2010-2014 жылдарға арналған стратегиялық жоспары бекітіледі.
2010 жылы Қазақстан 47 елдің басын қосқан «Болон» процесіне қосылады.
2010 жылы 2020 жылға дейінгі білім беруді дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы қабылданады.