Еліміздің барлық мектептерінде жаңа оқу жылының басталғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Бүгінгі таңда жас өрендерге сапалы білім беру басты мақсаттың бірі саналады. Әрине, біздің елімізде бұл бағыттағы проблемалар түбегейлі шешілді деп айта алмаймыз. Әлі де күрделі проблемалар баршылық. Олар біртіндеп шешіліп келеді. Дегенмен осы салада қызмет етіп жүрген кейбір мамандардың салғырттығы да байқалады. Сондай кемшіліктерді Қызылорда облыстық прокуратурасының қызметкерлері анықтады.
Облыстық прокуратураның заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінде аталмыш тақырыптағы мәселелер жан-жақты талқыға түсті. Облыс прокурорының аға көмекшісі Ә.Зейнолла өз баяндамасында аталған тақырыпқа кеңінен тоқталды. Нақтыласақ, өңірдегі кейбір білім беру ұйымдарының 2014-2015 жаңа оқу жылына дайын еместігі, балалардың білім алу құқықтарына, кей жағдайларда денсаулығы мен өміріне нұқсан келтіру тәуекелінің жоғары екендігі байқалған. Облыс аумағында 291 орта мектептің 25-і апатты жағдайда. Бұл апаттық жағдайдағы мектептерде 3 мыңнан астам бала білім алуда. Білім беру ұйымдары ғимараттарының 50 пайызы санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарына сәйкес келмесе, 7 орта мектеп спорт залдармен жабдықталмаған.
Биылғы жылы білім беру ұйымдарының ғимараттарына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен қомақты қаржылар бөлінгенімен тиімді пайдаланылмай отыр. Мысалы, Қызылорда қаласының аумағындағы 15 мектептің жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі 30 тамыз болып белгіленсе, Жаңақорған ауданындағы №169 мектеп бойынша 20 қыркүйекке белгіленген. Одан бөлек, көп жылдан бері құрылысы аяқталмаған 6 мектеп бүгінгі күнге дейін пайдалануға берілмеген.
Керісінше өз құзырына, яғни облыстық құрылыс басқармасына тікелей жүктелген міндетін тиісінше орындаудың орнына Шиелі ауданындағы 2013 жылдан бері заңсыз қабылданған №159 мектептің құрылысы бойынша жауапкершіліктен құтылу мақсатында облыстық прокуратураға шара қолдану туралы 3-абзацтан тұратын хатты жолдаған. Жергілікті атқарушы органдар білім беру саласына бақылау жүргізудің орнына, өз қызметтерін пайдаланып теріс қылықтар жасауда. Нақтыласақ, Сырдария ауданы әкімінің бұрыңғы орынбасары өзінің қызмет бабын пайдаланып, осы аудандағы №35 мектепте жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары барысында пайдакүнемдік мақсатта жылу батареяларын өз игілігіне алған.
Жекелеген білім беру ұйымдарының басшылары өз міндеттерін тиісінше орындамауынан және бақылауды жүргізбеуінен мектептер ағымдағы жылы сатып алынған оқу құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмеген. Қызылорда қаласындағы мектептерге 112 млн теңгеге сатып алынған, Сырдария ауданындағы мектептерге 17 млн теңгеге сатып алынған оқу құрал-жабдықтары бүгінгі күнге дейін жеткізілмеген. Осыған орай оқушылардың қалыпты жағдайда білім алуын және оқу процесінің үзіліссіз жүргізілуін қамтамасыз ету үшін кезек күттірмейтін шешімдер қабылдау қажет етіліп отыр. Облыста білім беру сапасы да тиісті дәрежеде болмай отыр. Себебі жалпы орта білім беру деңгейі республика бойынша басқа облыстармен салыстырғанда соңғы орындарда.
Ағымдағы жылы облыс бойынша барлығы 1380 бала мемлекеттік грант иегері болып танылған, яғни мектеп бітірушілердің 27,6 пайызын құрайды. Жалпы білім беретін мекемелер үшін сыныптарды 25 оқушыдан асырмау қажеттігі заңнамамен белгіленгенімен, Қызылорда қаласының жекелеген мектептердегі сыныптарда 40 баладан білім алуда. Әрине, бұл жағдайлар білім беру сапасына кері әсерін тигізетін факторлардың қатарында болып табылады.
Білім беру сапасына кері әсерін тигізетін келесі факторлардың бірі – мамандығы сәйкес келмейтін және сотты болған ұстаздардың оқушыларға тәлім-тәрбие мен білім беруі. Мысалы, мектеп пен колледждерде сабақ беретін жеті тұлғаның соттылықтары жойылмаса да, мұғалімдікке қабылданып, оқушыларға сабақ беріп келсе, сыбайлас жемқорлық санатындағы қылмыс жасағаны үшін сотты болған тұлға колледж директоры қызметін атқарып келген. Ал Сырдария ауданы Шаған ауылындағы №37 мектеп директорының соттылығы болса да, бүгінгі күні қызметін жүзеге асыруда. Білім беру ұйымдарының қызметкерлерімен сыбайлас жемқорлық, алаяқтық, заңсыз есірткімен айналысу, тіпті зорлау қылмыстарын жасау деректері орын алған. Мысалы, Сырдария ауданындағы №139 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі зорлау қылмысын жасап, кінәлі деп танылса, заңсыз есірткімен айналысқаны үшін осы ауданның №137 орта мектебінің мұғалімі 5 жылға сотты болды.
Соңғы 2 жылда сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылыққа жол бергені үшін 21 білім беру ұйымдарының басшылары тәртіптік жауаптылыққа тартылса, осы санатта 22 қылмыстық істер қозғалған. Бұл қылмыстарды жасаған тұлғалар оқушы балаларға теріс бағытта тәрбие беріп, олардың психикасының бұзылуына жол бергендігі жоққа шығарылмайды. Қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың орын алуына – білім беру ұйымдарындағы ахуалдың дұрыс еместігі, мектеп директорларының көп жылдан бері бір орында басшылық жасауы, қаржыларды игеру, сағат жүктемесінің бөлінісі мен мұғалімдерді жұмысқа қабылдау барысында үйлестіруші орган тарапынан бақылаудың жоқтығы себеп болған.
Облыстық білім беру басқармасы тарапынан құқық бұзушылықтарға жол берген білім беру ұйымдарының басшыларын жауаптылыққа тарту барысында құқық бұзушылықтың сипаты мен елеулігі негізге мүлдем алынбай, объективті және негізді жазалар қолданылмайтынын атап өткен жөн. Мысалы, бірнеше мұғалімдердің конституциялық құқықтарының бұзылуына, яғни өрескел заңбұзушылыққа жол берген Сырдария ауданындағы аграрлы-техникалық колледжінің басшысы болған азаматқа сөгіс түріндегі жаза қолданумен шектелсе, басшының орынбасары қызметін атқарған азаматшаға өзінің міндеттерін тиісінше орындамады деген негіздермен қудалауға салып, оның қызметінен төмендетілуіне дейін барған. Ал жекелеген жағдайларда тек прокуратураның қадағалау актісін күтіп отырған.
Білім беру ұйымдарының басшылары тарапынан жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын қажетті деңгейде ұйымдастырмаумен қатар, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық профилактикасы бойынша тиісті жұмыстар атқарылмауда. Жалпы облыс бойынша ішкі істер органдарының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшелерінің есебінде 287 жасөспірім және 308 қолайсыз отбасылар тұрып, девиантты мінез-құлықты мектеп-интернатына 13 жасөспірім жолданған. Есепте тұрған 287 жасөспірімдердің басым бөлігі - Қызылорда қаласындағы мектептер мен колледждің оқушылары.
Балаларды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерін дәлелді себептерсіз орындамаған 21 ата-ана да жауаптылықтан тыс қалған жоқ. Облыстық наркология диспансері қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілген рейдтер кезінде алкоголь ішімдігін ішіп жүрген 34 кәмелетке толмаған жасөспірімдер анықталған. 2014 жылдың 1-жартыжылдыгында ішкі істер органдарымен құқық бұзушылыққа жол берген 1653 жасөспірімдер анықталып, нәтижесімен 1574 жасөспірімдерге және өз міндеттерін орындамайтын 79 ата-аналарға әкімшілік шаралар беріліп, оның ішінде 171 кәмелетке толмағандар бейімдеу орталығына жатқызылса, 81 кәмелетке толмағандардың қатысуымен 59 қылмыстар жасалған.
Құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың орын алуына түнгі мезгілде ата-аналар тарапынан балаларының жүріс-тұрысына бақылауды орнатпауы, көшеде, ойын-сауық орталықтарында жүрулерімен қатар, ішкі істер органдары мен білім беру ұйымдары тарапынан тиісті профилактикалық жұмыстардың жүргізілмеуі себеп болған.
Білім берудегі кемшіліктерді кім түзейді?
Последние статьи автора