Бекіренің басына түскен үш қайғы
Ресми мәліметтерге қарағанда, балық қоры, әсіресе бекіре тұқымдас балық қорына қатысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Тек соңғы 10 жылда Қазақстанда бекіре тұқымдас балық саны 2002 жылғы 61 млн данадан 2012 жылы 1,3 миллионға азайған. Яғни соңғы 10 жылда бекіре тұқымдас балық қоры 46 есеге азайған. Балықтың бағалы тұқымдарын сақтау бойынша мемлекеттік және құқық қорғау органдары тарапынан қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз аулау жалғасып келеді. Соңғы екі жылда 991 қылмыстық іс қозғалып, тек 446-сы ғана сотқа жеткен.
Балықтың бас қайғысы – браконьер
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» демекші, бекіре тұқымдас балықтың құрып бара жатуына жергілікті браконьерлерімізбен қоса, өзге Каспий жағалауы елдерінің ұры-қарылары да үлес қосып отыр. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының территориясына өтіп, топ болып заңсыз балық аулап, мемлекетімізге көп мөлшерде зиян келтіріп жатқан Ресей, Әзірбайжан, Иран азаматтары жиі ұшырайды. Жыл сайын Қазақстан аумағынан заңсыз балық аулау кезінде қолға түсіп, үстілерінен қылмыстық іс қозғалып жатса да, шетелдік браконьерлер айылын жияр емес. Ал Табиғат қорғау инспекциясы мамандарының айтуынша, шетелдік браконьерлермен күресуге олар қауқарсыз. Өйткені шетелдік браконьерлер соңғы үлгідегі электронды қондырғылармен жабдықталған қуатты катерлермен ауға шығады. Сондықтан да олардың қылмыс үстінде ұсталатындарынан, қолға түспей қашып құтылатындары көп. Ал біздің инспекторлардың қайықтары қарабайыр. Тіпті олардың теңіз бетін ұдайы бақылап отыруға да мүмкіндігі жоқ. Себебі моторлы қайыққа құятын жанармай тапшы.
Мамандардың мәліметіне қарағанда, жыл сайын Каспий теңізінен, шамамен 12-15 тонна бекіре тұқымдас балықтар заңсыз ауланады екен.
Екінші қайғы – экология
Соңғы жылдары Каспийде бекіре балықтары мен итбалықтың қырылуы жалғасуда. Эколог мамандардың айтуына қарағанда, балықтар мен итбалықтың қырылуы Каспий аймағы экологиясының нашарлауымен тікелей байланысты. Мамандардың мәліметінше, әдетте балықтар мен итбалықтар жыл сайын сәуір-мамыр айларында қырылып жатады. Деректерге көз жүгіртсек, 2003 жылдың көктемінде балықтар мен итбалықтар ерекше көп қырылған. Жалпы, Каспийде балықтардың жаппай қырылуы одан да ерте басталған көрінеді.
Асылхан АРТЫҚБАЕВ, Қазақстан экологиялық қоғамының мүшесі:
– Каспийдегі балықтар мен итбалықтардың жаппай қырылуы 1993 жылы байқалған. Оның себебі Әзірбайжандағы Кеңес Одағы Қорғаныс министрлігінің химиялық қоймасы болды. Сол 1993 жылы көтеріліс болғанда химиялық қоймадағы зиянды заттар теңізге тасталды. Бұл оқиғадан кейін белгісіз себептермен Каспийдің солтүстігінде бір миллиондай құс қырылып қалған. Мұндай оқиғалар Каспийде болып тұрады, ал қазіргісі менің жеке пікірімше, мұнай бұрғылау салдарынан орын алып отыр.
Экологтардың айтуынша, Каспийдің солтүстік жағалауы Ресей мен Қазақстанның өнеркәсіп қалдықтарын тастайтын қоймаға айналған. Сондай-ақ Атырау облысында 20 кен орнының су астында қалуы теңіздің экологиялық жағдайын мүлдем нашарлатқан. Осының салдарынан жыл сайын балықтар мен итбалықтың қырылу оқиғасы орын алуда.
Үшінші қайғы – уылдырық
Мамандардың тұжырымы бойынша, әлемде бар бекіре тұқымдас балық қорының 90 пайызы – Каспийде. Мұның құны шамамен 500 миллард АҚШ долларын құрайды. Ал әлем бойынша саудаға шығатын қара уылдырықтың 56 пайызы Каспий теңізінен алынады. Оның ішінде бекіре тұқымдас балықтардан. Оның Еуропа елдеріндегі бағасы 10 доллардан асып жығылады. Уылдырық бағасының қымбат болуы да бекіре балығының құрып бара жатуына себеп болып отыр. Уылдырықтан түсетін пайда мол болғандықтан, қылмыскерлер неге де болса бас тігуге бар. Мысалы, биылғы сәуірде басталған маусымдық «Бекіре–2013» жедел алдын алу шаралары барысында Атыраудағы жеке үйлердің бірінен қара уылдырық өңдейтін жасырын цех анықталған. Ол жерден полиция қызметкерлері сатуға дайындалып қойған 16 ыдысқа салынған бекіре балығының уылдырығы мен 400 дана бос құты және кептірілген балық өнімдерін тәркіледі.
Еліміздің батыс аймағындағы орталық базарларда қара уылдырықтың келісі – 140-150 мың, етінің бағасы – 4-5 мың теңге. Ал Еуропа елдерінде бір келі қара уылдырықтың құны 10 мың доллардан асады. Сондықтан да болар, заңсыз уылдырық сатушылардың бірі қолға түсіп қамалып жатса, екіншісі сол істі қайта жалғастырып жатады. Осылайша, қара базарда уылдырық сатып, пайдаға қарық болып жүргендер бекіре балығының ұрығын құртып барады.
Дерек
Дүниежүзі бойынша уылдырық экспортының басым үлесі Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Қытай, Иран елдеріне тиесілі. 2008 жылы CITES негізінде Каспий бекіре балық уылдырығын экспорттау квотасының көлемі Қазақстан үшін – 3 тонна, Ресей үшін аталған көрсеткіш көлемі – 27 тонна, Парсы елі үшін 37 тонна мөлшерінде болып бекітілген еді.
Түйін
Қазақстан Каспий теңізі аймағы елдерінің – Әзірбайжанды, Түрікменстанды, Иранды, Ресейді – бекіре тұқымдас балық аулауға 10 жыл мерзімге тыйым салуға шақырып отыр. Өйткені бұл бес ел бекіре тұқымдас балықтарды аулаудағы өз үлестерінің мөлшерін белгілеуді 2009 жылдан бері шеше алмай келеді. Аталған мәселе Каспий теңізінен уылдырық экспорттау жолында көптеген қиыншылық туғызып отыр. Мамандардың пайымдауынша, егер Каспий жағалауы елдері 10 жылға балық аулауға тыйым салса, 10-15 жылда балық қоры қайта қалпына келуі мүмкін. Олай болмаған жағдайда, бекіре балығы құрып кетуі ықтимал.