Батырлар бейнесі мұражайға табыс етілді
Ұлы Отан соғысында шыбын жанын шүберекке түйіп, елін жаудан азат еткен батырларымыздың есімін ұрпақ жадында мәңгілікке қалдыру үшін облыстық тарихи-өлкетану мұражайының «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы» атты жаңа экспозициялық залына Атырау облысынан соғысқа аттанған батырлардың жеке портреттері қойылды.
Бүгінгі таңда Ұлы Отан соғысына қатысқан және сол сұрапыл соғыста қаза тапқан қыршын жауынгерлердің жеке құжаттары мен заттары қойылған арнайы зал күніге жәдігерлермен толықтырылып келеді. Ел басына күн туған замандағы намысты ұл-қыздардың ерлік істерін насихаттау, оларды есте сақтау мен жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге үйретуге деген ниетпен кеше Атырау облыстық еңбек және соғыс ардагерлері кеңесі де өз үлестерін қосып, облыстан соғысқа аттанған Кеңес Одағы батырларының жеке портреттерін мұражайға табыс етті.
Облыстық еңбек және соғыс ардагерлері кеңесінің төрағасы Қауысбай Шортабаев бастаған бір топ ардагер Атырау облысы бойынша соғысқа аттанған Кеңес Одағының Батырлары: Қайырғали Смағұлов, Боран Нысанбаев, Мұса Баймұханов, Г.Канцев, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова мен «Данқ» орденінің толық иегерлері Ғ.Әліпов, Г.Шамин, Ш.Еркіновтердің жеке портреттері мен Атырау халқының тылдағы еңбегі мен майданға көмегі жайлы құжаттарды мұражайға табыс етті. Атыраулықтар осы шара аясында Отаным деп жүрегі соққан елінің қаһарман ұл-қыздарының соғыс жылдарындағы ерліктерін тағы бір мәрте еске алып, олардың есімін мақтанышпен атады. Бұл шараның қазіргі және келешек ұрпақ үшін маңызы зор екенін айтқан ардагерлер мұражайдағы тарихи жәдігерлердің өткен шақты еске түсіріп, бүгінгі Тәуелсіздіктің қаншалықты қиындықпен келгенін олардың санасына жаңғыртуда алар орны ерекше деп ойларын түйіндеді.