Балықты Балтықтан тасып жей береміз бе?
Қарағандыдағы кез келген азық-түлік дүкеніне кірсеңіз, сөреде сыңсыған тағамдар арасынан Балтық жағалауынан, алыс-жақын шетелдерден әкелінген балық консервілерін бірден аңғарасыз. Тек Қарағанды ғана емес, өзге қалаларда да солай болуы керек. Тіпті «қырында киік, ойында балық жайлаған» дейтін Балқаш қаласында да Балтық елдерінің қалбырланған балықтары дүкен сөрелерін жаулап алған. Сонда біздің судың балықтары базардан дүкенге, қармақтан қалбырға көшсе, жеуге жарамсыз боп қала ма, әлде Қазақстанда қалбыр шығарылмай ма? Шынтуайтында, Қазақстан қақталған қаңылтыр мен бапталған балық шығару жағынан мұхит жағалауындағы елдермен салыстырмасақ та, көрші маңдағы қоңсы жұрттан кем емес екені анық. Алайда...
Жақында Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Киров өндірістік кооперативінің басшылығы балық шаруашылығымен түбегейлі айналыса бастайтыны туралы ақпарат таратты. Кировтың атын әлі қимай отырған кооперативті қарағандылықтар картоп өсіруде аймақта алдына жан салмай келе жатқан ірі шаруашылық деп танитын. Өздеріне қарасты Қызыл жар, Красная Нива атты шағын суқоймаларға соңғы жылдары тұқы тұқымдас балықтың 700 мың шабағын жіберіп, қолдан өсіріп келе жатқан шаруашылық балықтарды аулауға болатынын жария етіп отыр. Аталмыш кооперативтің балық өсірушілері тұқының өскен тұқымы қазір 2-3 келі басатынын, сондай-ақ табиғи өсім мен ішкі тазалықты тұрақтандыру үшін суқоймаларға ірі шортандар жіберілгенін айтады. Ал үш жылда үш келі тартқан балықты аталмыш кооператив басшылығы көктемгі егіс науқанында өздеріне қарасты егіншілердің асханасына тегін тамақ ретінде үлестіретінін айтады.
Мысал ретінде балық өсірумен енді ғана айналысып жатқан шаруашылықты алғанымыздың өзінен-ақ, бұл шаруашылықтың балықты картоп өсіретін диқандарға тегін тамақ ретінде үлестіргісі кеп отырғанынан-ақ біздің балықтың қадірі қай шамада екенін аңғаруға болады. Шындығында, қырдың қазағының қазанында былқыған марқа еті мен соғымның шетінен кертіп салынған ет жатпаса, балыққа қарын тойғыза алмайтыны анық. Бірақ солайы солай екен деп, тағамдық құрамы пайдалы дәрумендер мен қазақтың ағзасына қажет йод, темір тәріздес көптеген керекті түзілістерден тұратын балықтан неге бас тартамыз?
Мысалды былай қоя тұрып, 2006 жылдың 6 қазаны күні сол кездегі Үкімет қабылдаған «Қазақстан Республикасының 2007-2015 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту концепциясын» оқып көрелік. Бұл құжатқа сенсек (сенбей көріңіз), Қазақстанға әлемнің 43 елінен балық тағамдары тұрақты жеткізіледі екен. Осыдан жеті жыл бұрын шетелден 41,9 мың тонна балық әкеп, ол үшін 23,3 миллион АҚШ долларын шығындаппыз! 2005 жылғы көрсеткіш осындай болғанда, жағдай түзелді делінетін қазіргі халіміз қандай екен?!
Керекті деректі табармыз деген үмітпен Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің ресми сайтына (www.fisherycom.gov.kz) бас сұққанбыз. Ресми сайт болған соң, электронды үкімет құру туралы пәрменді науқанның бел ортасында шығар деп ойлағанымыз анық. Өкінішке қарай, сайттан екі-үш жыл бұрынғы ақпараттар мен балық аулауға тыйым салу мерзімдері туралы жария бұйрықтардан өзге ештеңе таппадық.
Тыйымдар мен толық ақпараттық тыныштық жариялап отырған сайт шетелден балық тасымалдайтын кәсіпкерлер жағында тәрізді. Әйтпесе балық өсіру жайы, балық өнімдері, су айдындары, балық шаруашылықтары туралы ақпарат неге ұсынбайды? Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтына ау салсаңыз да, балық шаруашылығы туралы ақпарат таба алмайсыз...
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда балық шаруашылығы жүргізілетін 1400 өзен-көл бар екен. Ал жоғарыда келтірілген концепция мен ғылыми зерттеулерге сүйенсек, бір адам бір жыл ішінде кем дегенде 14,6 келі балық тағамын тұтынуы қажет-дүр. Егер 14,6 келі көрсеткішті Қазақстан халқының жалпы санына көбейтсек, біз жылына кем дегенде 220 мың тонна балық тағамдарын тұтынуымыз керек екен. Өкінішке қарай, Қазақстандағы суқоймалардан мұнша балық аулау мүмкін емес. Оның сыртында, елімізде қазір балықтың 18 түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Бұған қазақ сахарасындағы айдынды су қорларының жартысына жуығы суды көрші елдерден ағып келетін өзендер арқылы құрайтынын қоссақ, елімізде балық шаруашылығының дамуы тым күрделеніп кеткенін аңғару қиын емес. Бірақ жағдай осылай екен деп, шетелдің балығына тамсанып отыра беруге болмайтын шығар?
Тығырықтан шығатын бір ғана жол: балық шаруашылығын алға бастыру қажет-ақ. Ал балық консервісін шығару үшін қаңылтыр қалбыр жасау екінші кезекте қалатын тәрізді...
Дерек-дәйек
• Қазіргі таңда су айдындарында балық шаруашылығын үздік үлгіде жолға қойған ел – Қытай. Қытайда жылына 43 миллион тонна балық ауланады.
• Қазақстанда 48 262 көл, 40 мыңға тарта өзен бар.
• Елімізде қазір бір адам бір жылда 5,2 келі балық тағамын тұтынады екен.
Балық тағамдарын тұтынудың адам басына шаққандағы жылдық көрсеткіші: Ресейде – 13,1 келі, АҚШ-та – 23 келі, Жапонияда – 65 келі.