"Балаларға арналған шипажайдың болғанына қуанамын"
"Алаш айнасы" редакциясына хабарласқан бір ата-ана «Алатау» балалар шипажай туралы мәлімет беруімізді сұраған еді. Соған орай, «Алатау» Республикалық балалар клиникалық шипажайының бас дәрігері Қаншайым Мұсаевамен болған шағын сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
– Қаншайым Қайырлиевна балалар шипажайының тарихына аз-кем тоқтала кетсеңіз.
– Негізі бұл шипажай 1937 жылы министрлер кеңесінің қызметкерлері үшін құрылған екен. Осы шипажай маңында сол қызметкерлер үшін үйлер тұрғызылған. Шипажайдың жалпы аумағы 14 гектар. 1990 жылы ол аналар мен балаларға арналған «Алатау» мемлекеттік шипажайы болып өзгерді. Бәрімізге белгілі еліміз егемендік алып, нарықтық қатынастарға көшкенде көптеген мемлекеттік мекемелер жекеменшікке өтіп кетті. Кейін олардың көпшілігі өзінің қызмет көрсету функциясын өзгертті. Бірақ Денсаулық министрлігі осы балалар шипажайының жекенің қолына өтіп кетуіне жол бермеді. Мені осы бір шешім қатты қуантады.
– Шипажайдың негізгі бағыты қандай?
– Шипажайдың негізгі бағыты өкпе-тыныс жолдарының қабынуымен байланысты науқасқа шалдыққан балаларды сауықтыру, емдеу. Сондықтан бізге келетін балалардың 50 пайызға жуығы бронх демікпесімен ауыратындар. Қалғандары әртүрлі созылмалы аурудан кейін есепте тұрған сауықтыруға мұқтаж балалар. «Алатау» шипажайында жыл сайын созылмалы тыныс алу, асқазан-ішек жолдары, несеп жүйесі органдары, қант диабеті сияқты ауруларға шалдыққан 1,5 мыңнан астам бала кешенді ем алады. Осы жылдың ақпан айынан бастап біз онкогематология пациенттерін химиотерапия блоктарының арасынды оңалтуға қабылдай бастадық. Медицинада қалыптасқан норма бойынша, науқасынан толықтай айығу үшін науқас балалар емханада, ауруханада, сосын шипажайда ем қабылдауы қажет. Созылмалы ауруы бар балалардың 30 пайызына жуығында шипажай емінен кейін толық жазылып кету мүмкіншілігі болады. Шипажайға Республиканың барлық аймағынан балалар келіп ем алады. Біз барлық аймақтарға жолдама жібереміз. Жолдаманың тізімі министрліктен бекітіледі. Облыстардағы емханаларда өкпе-тыныс жолдарының қабынуымен байланысты есепте тұратын балалар сол жолдамамен бізге келеді. Ай сайын біздің шипажайға жүз бала келіп ем алады. Үш жастан жеті жасқа дейінгі балалардың аналарына бірге болуға рұқсат етіледі. Негізінен бізде 3 жастан 14 жасқа дейінгі балалар ем алады. Мұнда сауықтыру, емдеу шараларын жасау үшін барлық жағдай жасалған. 2011 жылы қатты дауыл салдарынан шипажайдың бұрынғы ағаштан тұрғызылған ғимараттары пайдалануға жарамсыз болып қалды. Сонан соң Төтенше жағдайлар министрлігінен қаржы бөлініп, шипажайға толықтай күрделі жөндеу жасалды. Қазір өздеріңіз көріп отырғандай, ғимараттарымыз заманауи болып қайта бой көтерді. Қажетті емдік бөлмелердің бәрі бар деуге болады. Алаңқайлар, гүлзарлар, қажетті нәрсенің бәрі де бар. Алты мезгіл тамақ беріледі. Ең бастысы таудың таза ауасы. Таудың ауасы өкпенің ашылуына жақсы әсер етеді. Мұның бәрі де 2010 жылы қабылданған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының нәтижесінде орындалып жатыр деуге толықтай негіз бар. Бұл бағдарламаның халқымызға берері мол, адамдардың денсаулығын жақсартып, өмір жасын ұзартуға септігін тигізері анық. Ең бастысы ашықтыққа қол жеткізіп отырмыз.
– Сіздерде комерциялық бөлімдер де бар ма?
– Иә, комерциялық бөлім бар. Бізге жолдамамен бір жылда бір рет қана жатуға болады. Сондықтан баласын екінші рет әкеліп жатқызғысы келген ата-аналар өз есебінен ақы төлеп, ем қабылдауына болады. Біздегі баға да қымбат емес. Өйткені, менің ойымша, балаларға арналған дүниенің бәрі де қарапайым адамдар үшін қолжетімді болуы тиіс. Мысалы, ақылы бөлімде үлкен кісіге бір орынның бағасы 4750, ал балалар үшін – 4500 теңге. Оның ішіне күнделікті алты мезгіл тамақ пен жатын орын кіреді. Емге де әркімнің таңдауына қарай шамамен 15-20 мың теңге қажет болады. Меніңше бұл қымбат емес.
– Cөзіңізге қарағанда, еш кемшілік жоқ сияқты...
– Кемшілк жоқ деп айтуға болады. Өйткені мұны кемшілік дегеннен, тілек деген дұрыс шығар. Әңгіме басында шипажайда күрделі жөндеу жасалғанын айттым ғой. Сол кезде бізге автаномды жылу жүйесін орнатқан. Бірақ қазірге ол жұмыс істеген жоқ. Өйткені оған газ қажет. Дәл іргемізден газ құбыры өткен. Сол трубадан біздің жылу жүйемізге газ қосып беруді өтінгенбіз. Алматы қаласы әкімдігі Министірліктің атынан өтінішімізді қабыл алып, «ҚазТрансГаз» кәсіпорынына хат жолдаған. Олар келіп көріп кетті. Алдағы жылу маусымына дейін сол кемшілік жойылар деп үміттеніп отырмыз. Қазіргі уақытта біздің шипажай орталық жылу жүйесіне қосылған. Оның бір қиындығы қалаған кезіңде қоса алмайсың. Кейде ерте салқын түседі. Әрине, хатпен шығып, өтініш білдірсең олар да қосады. Алайда оған да біршама уақыт жоғалтасың. Сонан соң ол қаржылық жағынан да тиімсіз.
– Қажетті медициналық қондырғылардың бәрі бар ма?
– Шүкір. Өзімізге қажетті қондырғылардың бәрі дерлік бар. Қоғамдық ұйымдар да қолдау көрсетіп жатады. Мысалы Халықаралық балалар күніне орай «Аяла» қоғамдық қоры мен Халық банкі біздің шипажайға ойын алаңдарын салып берді. Бұл жобаның құны 2 202 000 теңгені құрайды. Сондай-ақ «Аяла» қорының тұрақты серіктесі - Қазақстан Халық банкі «Тыныс ал, балақай», «Ұлт денсаулығы босану үйінен басталады», «Өмірге дем салайық» сияқты жобалар және тағы басқа да «Аяла» қорының медициналық және гуманитарлық жобаларын іске асыруға көмек көрсетті.
– Маман мәселесі қалай?
– Маман жағынан мәселе жоқ. Қажетті маманның бәрі бар. Бәрі де ұзақ жылдар бойы балалармен жұмыс істеп келе жатқан кәсіби қызметкерлер. Бізде жұмыстан кетушілер жоқ. Өйткені біздегі жүктеме емханадағы, ауруханадағы дәрігерлердің жұмысынан біршама жеңіл. Жалақылары да жаман емес. Сондықтан бізге келген маман тұрақтап қалады. Қызметкерлерді қалаға дайін апарып, таңертең сол бір жерден осында алып келуге өзіміздің автобусымыз бар. Тұрақтылығы нашар тек қана шаруашылық бөлімінің қызметкерлері, өйткені жалақысы аз және шипажайымыз қаладан алыстау орналасқан. Өзіміздің кішігірім жатақханамыз өңдеуден өткізілсе жағдай дұрысталар еді.
– Әңгімеңізге рахмет!