Балалар алаңы қауіп төндіріп тұр
Курчатов қаласының тұрғындары балалар алаңының әбден тозғанын айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өткен ғасырда орнатылған әткеншектер қазір балалардың өміріне қауіпті болып тұр. Көшенің жарығы да көмескі тартқан.
Екі баланың анасы Юля Сальникованың бұл үйде тұрғанына 8 жыл болған. Жаңа ауданға қоныс аударғанда тозып кеткен балалар алаңына мән берген. Көршілерімен бірге әкімдіктен талай рет көмек сұраған. Тұрғындар заман талабына сай келетін әрі балаларының өміріне қауіп төндірмейтін заманауи ойын алаңының болғанын қалайды. Бірақ олардың өтінішіне құлақ асып жатқан әкімшілік жоқ.
Юля Сальникова, Курчатов қаласының тұрғыны:
- Ешқандай өзгеріс жоқ. Бәрі – кеңестік дәуірден қалған ойын алаңдары. Менің ойымша, олар қауіпті. Балалардың қолдарына тікен кіріп кеткен. Құлап жарақат алулары да мүмкін. Біз ұзақ жылдар бойы шағын балалар алаңын орнатып берулерін сұрап келеміз. Біздің аулада бала өте көп.
Осы тектес жағдайлар басқа үй аулаларында да кездеседі. Балаларды өз еркімен жіберуге болмайды. Ал мына үйде кір жаятын орынның қызметін ағаштар атқарады.
Мәрия Үдербаева, Курчатов қаласының тұрғыны:
- Балалар ойнайтын ештеңе жоқ. Кір жаятын жер жоқ. Қанша рет жиналыс өтті. Бірақ өзгеріс жоқ. Бағана орнатып берсеңдер, жіпті өзіміз тартып аламыз дедік.
Любовь Пенигина, Курчатов қаласының тұрғыны:
- Біздің өтінішіміз ортақ. Әкімдік үй аулаларына, балалар алаңдарына, жолдарға назар аударса екен дейміз. Қоқысты дер кезінде шығарсын.
Қала тұрғындарын жолдардың сапасы да алаңдатады. Орталық көшенің өзі ой-шұңқырға толы. Қас қарая қаланы қою қараңғылық басады. Бір айдан бері қалада жарық дұрыс берілмейтін болған. Тұрғы үй коммуналдық шаруашылығы жарықтың сөндірілуіне қордаланған қарыздың себеп болғанын айтады. Бұл мәселе бүгінгі күні күн тәртібінен алынған.
Арлан Үсембаев, Курчатов қаласы ТКШ және автокөлік жолдары бөлімінің жетекшісі:
- Шығысэнерготрейд компаниясының алдында 4 миллион теңгедей қарыз болған. Бірақ қарыз толық өтеліп жарық іске қосылды. Сонымен қатар қазір бізде бір балалар алаңын орнатуға келісім жасалды. Абай көшесіндегі 49-үйге қоямыз. Бір спорт алаңын іске қосу жоспарланып отыр.
Төрт жыл ішінде 10 үйдің ауласында ескі ойын алаңдары жаңартылған. Қалалық әкімдік жақын болашақта тағы осынша заманауи балалар алаңы пайда болатынын жеткізді.
Жолдарға келетін болсақ үстіміздегі жылы ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 110 миллион теңге қаржы бөлінген.