Бала асырап алғандарға 75 АЕК көлемінде жәрдемақы төленеді
Сенат депутаттары «ҚР бірқатар заң актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөнінде толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.
Мәжілістің мәдени-әлеуметтік даму жөніндегі комитеті хабарлғандай, қабылданған түзетулер 2014 жылдың 1-сәуірінен бастап әлеуметтік сипаттағы төлемдерді 12 пайызға, 2015 жылы 1-сәуірден бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны 25 пайызға өсіруге, сондай-ақ, бір жастан асқан баланы асырап алғандарға 75 АЕК көлемінде бір реттік төлем төлеуге мүмкіндік береді.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың мәлімдеуінше, 2015 жылы елімізде бала асырап алушыларға берілетін бір реттік төлемнің мөлшері 75 айлық есептік көрсеткішке (1АЕК-1852 теңгеге) дейін өспек. «Мұндай бір реттік төлем жетім балаларды асырап алушы қазақстандық азаматтарға 2015 жылдан бастап беріледі. Оған қажетті қаржы 2014-2016 жылдарға бекітілген республикалық бюджетте қарастырылған» - деп мәлімдеді министр. Оның айтуынша 2015-2016 жылдарға бөлінген мұндай төлемдердің жалпы сомасы 810 миллион теңгені құрайды.
Естеріңізге салсақ, елімізде бала асырап алушылар ай сайын бір балаға 10 АЕК жәрдемақы алады. Ал, жетімдерді патронаттық тәрбиеге алғандарға мемлекеттен ай сайын берілетін жәрдемақыдан бөлек арнайы білімі бар адамдар үшін 60-70 мың теңге, жоқтарына 30-40 мың теңге көлемінде еңбекақы төленеді.
2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы бойынша негізгі зейнетақы 12%, зейнетақысы 2014 жылдың 1-сәуіріне дейін зейнетке шыққан азаматтарлың зейнетақысын 14% дейін өсіру көзделген.
Ұсынылып отырған шаралар нәтижесінде базалық зейнетақы 10450 теңгеге, еңбек өтіліне қарай төленетін зейнетақы 46 661 теңгеге жетпек.
Сонымен қатар, «1-сәуірден бастап мүгедектер мен асыраушысын айырылғандарға төленетін мемлекеттік жәрдемақы 12 пайызға, 2015 жылдың 1-шілдесінен бастап 25 пайызға артады. Жалпы алғанда, жәрдемақы 2013 жылмен салыстырғанда 50 пайызға көбейеді.