Франция десе – Париж, Ұлыбритания десе – Лондон, Түркия десе – ең алдымен сырлы да сиқырлы Стамбул елестейтіндей, Қазақстан десе, көз алдыңа Арқаның төсінде орналасқан ажарлы қала – Астана келеді. Ерке Есілдің жағасын бойлай орналасқан келбетті де, сәулетті қала естеріңізде болса, 1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен «Әлем қаласы» атанған болатын. Биыл 25 жылдық мерейтойын тойлап жатқан ел мерейі, айшықты елордамыздың қалай жері жұтаң, ауа райы қолайсыз Ақмоладан айтулы Астанаға айналғанына бір шолу жасап өтсек.
Бозоқ. Әмірші тұрағы. Қарауыл мұнарасы
«Бүгінгі елордамыздың батысынан 5 шақырым жерде орналасқан қыпшақтардың ежелгі байтағы Бозоқ қалашығы қазақтың бас қаласы – Астананың түпқазығы деуге лайық. Бұл тұжырымды академик Кемел Ақышев осыдан бірнеше жыл бұрын айтқан болатын. X-XІ ғасырларда тұрғызылған қала сол кездің өзінде Дешті Қыпшақтың көшпелі тайпаларынан шыққан әміршінің тұрағы, ордасы болғанына дәлел ретінде ғалым қалашық орнынан табылған үш кесене мен биік қарауыл мұнараны сондай-ақ тұрмыстық заттар мен қару-жарақтар, арабтың күміс теңгелері мен қытайдың мыс айналарын алға тартты. Есіл мен Нұра секілді қос өзенді жағалай орналасқандықтан бұл жерден оңтүстік пен солтүстікті байланыстыратын керуен жолдары өтіп, соның арқасында Бозоқ қаласында сауда мен қолөнер қарыштап дамыса керек. Ол аз десек, бұл шаһар рухани және дәстүрлі мәдениеттің орталығы болыпты.
Бір үйір жылқы. Үш жігіт. Үш жүздің қара шаңырағы
Ертеде, шамасы ер түріктің астанасы болып тұрған кезі болса керек, Түркістанда бір бүлік шығып, соңы қантөгіске ұласады. Аман қалған он мыңдай халық бас сауғалай қашып, Батысты бетке алады. Жолай сайын даланы кесіп өтіп, әлдебір өзен аңғарына жете бергенде, сол маңайды оттап жүрген бір үйір жылқыдан көз жазып қалады. Жоқ іздеуге сайдың тасындай іріктелген үш жігіт аттанып, қалған жұрт көшті әрі қарай жалғастыра береді. Содан не керек, әлгі жігіттер жылқыларды іздеп табам дегенше, біршама ілгері кетіп қалған көшті қуып жете алмайды да, содан олар осы шетсіз-шексіз байтақ даланы мекен етіп қалып қойған деседі. Сол жер осы – Есіл бойы екен. Ал әлгі үш ағайынды қазақтың негізін құраған Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз екен. Кейін үшеуі көбейіп «Ұлы», «Орта», «Кіші» орда атанып, үрім-бұтақтары жан-жаққа тараған екен». Бұл - 1790 жылы орыс ғалымы әрі әскери инженері Иван Григорьевич Андреев (1744-1824) қазақ халқының шығу тек-төркіні жөнінде «Ресей өлкесіндегі Колыван және Тобыл губернияларының шекарасына іргелес Орта жүздегі қырғыз-қайсақтардың сипаттамасы» атты тарихи-этнографиялық зерттеуінен алынған әпсана. Алайда осы аңыз үшінші мыңжылдық тоғысында шындыққа ұласып, «ағайынды үш жігіттің» ұрпақтары баяғы бір үйір жылқы жоғалып кеткен Есіл өзенінің жағасында қайта оралып, осы жерге төл астанасын негіздеп, шаңырақ құрып отыр.
Еуропаның көз құртына айналған...
Қазақтың Сарыарқасында жатқан сайын даласы тек Ресей ғана емес, сонау ерте заманның өзінде тіпті Еуропаның да көз құртына айналғанын көруге болады. Оған бір дәлел - 1252-1255 жж. Франция королі Людвиг ІХ-ның қазақ өлкесіне Рубрук Виллем атты фламант саяхатшысын құпия тапсырмамен аттандыруы. Шығысқа баратын жолды барлап, маңызды елді-мекендерді көруге келген еліне оралған соң корольге Ертіс, Нұра, Есіл, Кеңгір, Сарысу, Қорғалжын, Балқаш өзендерін сипаттап берсе керек. Және содан көп ұзамай, 1271-95 жылдары Қытайға барған жолында Марко Поло да қазақ жерін кесіп өткен. Ақмола жерінің орта ғасырлардағы тарихи дамуы міне, осындай.
Алғашқы пойыз. «Қазақауылмаш». Вагон жасау зауыты
Ал, арыға бармай осы өткен ХХ ғасырға шолу жасасақ, 1914 жылы қалада үш кірпіш, төрт май өңдеу, екі тері илеу, екі сабын қайнату, екі тон тігу, қасапхана, 20 шеберхана болыпты. Мәдени-ағарту орындарынан үш жалпы білім беретін училище, мектеп, медрессе, екі кітапхана болды. Қала тұрғындарының саны 15 мыңға жеткен. 1928-1930 жылдары жай округ орталығы болған қала біртіндеп ауданның, 1939 жылы Ақмола облысының әкімшілігі атанады. Ең алғаш мұнда пойыз 1929 жылдың қарашасында келген. Бурабай-Ақмола, Ақмола-Қарталы, Ақмола-Павлодар темір жолдарының іске қосылуы бұл шаһарды еліміздің солтүстік және орталық өңіріндегі ірі транспорт торабына айналдырады. Сонымен бірге мұнда ауылшаруашылық өнімдерін өңдеудің дәстүрлі тәсілдері жетілдіріліп, жеңіл өнеркәсіп орындары көбейеді. 1940 жылы мұнда «Тігінші» артелі, 1941 жылы «Металшы» артелі ашылып, кейіннен газ тетіктерін шығаратын ірі өндіріске айналды. Соғыс жылдарында Ресейден Ақмолаға «Мелитополь» станок жасау зауыты көшіріп әкелініп, «Қазақауылмаш» кәсіпорны іске қосылды. Солайша біртіндеп, өнеркәсіптің басқа да жаңа салалары пайда болды. Қалада сәулетті құрылыстар салына бастады. Ұлы Отан Соғыс жылдарында Ақмола қаласы мен облысында өндірілген өнімнің көлемі орташа көрсеткіштен екі есеге жуық артық болды. Соғыстан кейін алғашқы жылдары шаруашылықтың жаңа түрлері игеріліп, «Қазақауылмаштың» қуаты арттырылды. Вагон жасау зауыты пайдалануға берілді.
Хрущев. Тың өлке. 250 млн. тонна астық
Еліміздегі тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Ақмола облысымен бірге қаласы да елеулі өзгерістерге ұшырады. 1960 жылдың 26 желтоқсанында Тың өлкесі құрылып, оның орталығы оның орталығына айналған қаланың атауы көп ұзамай Целиноград болып өзгереді. Бір қызығы, осы тұста Целиноградтың біршама уақыт астана болғаны да бар. Бірақ Қазақ елінің емес, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының! Осы тұста еліміздің тұтастығына қауіп төнеді. Яғни, тыңайған өлкені игеруге әкелінген әлдебір жұрттың автономиялық құрылымы өмірге келуі тиіс еді. Қала атауын Целиноград деп өзгертудегі мақсат та осы болатын. Хрущев тың өлкесін РКФСР-дың заңдық құзырына беруге ұсыныс жасайды. Алайда ол ойы жүзеге аспай, тың өлкесі Қазақ КСР құрамында қалады және кейін тың игеру науқаны аяқталған соң, күні өткен аумақтық құрылым ретінде жойылады. Ақыры Целиноград астанаға айналды: Целиноград – Ақмола – Астана болып дәйекті бірнеше рет қайта аталып отырып, тәуелсіз де егемен Қазақстанның кіндік қаласына айналды. Жалпы, тың және тыңайған жерлерді игерудің ширек ғасырында Қазақстан 250 млн тонна астық сатқан.
32 өлшем бойынша таңдау
1994 жылы 6 маусымда қалаға ежелгі аты қайтарылды. 1996 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Үкіметі «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» тарихи қаулы қабылданды. Бір жылдан кейін, 1997 жылы 20 қазанда еліміздің сол тұстағы Президенті Н.Ә.Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» жарлыққа қол қойды. Сәл кейінірек 8 қарашада Мемлекеттік биліктің негізгі нышандық белгілерінің бірі Республиканың туы, елтаңбасы және байрағы жаңа астанаға әкелінді. Ал енді тәуелсіз мемлекетіміздің астанасы не үшін Ақмола қаласы таңдап алынды дегенде ҚР Тұңғыш Президенті болған Н.Ә.Назарбаев 32 негізгі өлшемін көрсетіп берген. Олар: әлеуметтік-экономикалық, геосаяси, көлік инфрақұрылымы, инженерлік-коммуникациялық, құрылыс, еңбек ресурстары және басқа да қолайлы мүмкіндіктер еді. Басында тек болжам ғана болған осы 32 артықшылық кейін бірақ нақты өмір ақиқатына айналып, күн санап көз алдымызда салынған Астана Қазақстанның атағын алты құрлыққа паш етті.
Алып шынар. Үлкен шар. Әлемдегі жалғыз мұхитарал
Осылайша ХІХ ғасырда шағын ауыл ретінде ғана құрылған қала уақыт өте келе өсіп, бүгінде Орта Азиядағы ең ірі мегаполистердің біріне айналды. ХХІ ғасырда салынған соң астанамыздың сәні мен сәулетін де барынша заманға сай әрі ешбір құрылыс нысанына ұқсамайтын ерекше етуге тырысты. Расында бүгінде шатыр және сфералық пішіндегі әлемдегі ең ірі ғимараттар Астана қаласында орналасқан. Олардың ішінде ең үлкен ғимарат - Хан Шатыр сауда-ойын-сауық орталығы болса, ең үлкен шар тәріздес ғимарат — «Нұр Әлем» немесе ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу аумағында орналасқан Болашақ мұражайы екен. Бұл екі ғимарат та қаланың көркіне көрік қосып тұр. Ал Астанадағы Океанариум — мұхиттан үш мың километрден астам қашықтықта орналасқан әлемдегі жалғыз мұхитарал. Әлемде алғаш рет диаметрі 22 метрлік, салмағы 300 тоннадан тұратын «Байтерек» монументінің жөні тіпті бөлек. Есіл өзенінің сол жағалауында бой көтерген осы бір зәулім ғимараттың биіктігі 97 м, диаметрі 27м. Негізгі есікке бастайтын әшекейлі темір бетон саты жер бетінен 4,8 м жоғары орналасқан. Қазақ ертегілерінде жиі кездесетін самұрық құс ұя салатын таңғажайып ағаштан негіз алатын - «Бәйтерек» нысаны үш бөліктен тұрады; жер асты бөлігі – ұлттың тамыр жаюы, ал одан кейінгілері өркендеу кезеңдерінің нышандарын білдіреді. Елорданың бас жоспары аясында салынған нысанның сызба-жобасын әлемдік сәулет өнерінің шеберлері жасап, Ресей академиясының сәулетшілері, белгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава және «Ақорда» қазақстандық жобалау-құрылыс компаниясы орнатқан.
ТҮЙІН: Қазір Астана - Қазақстанның елордасы ғана емес, әлемдегі ең заманауи қалалардың бірі. Архитектуралық сән-салтанаты өз алдына, бұл қалада 30 жылға жуық уақыт ішінде түрлі сала бойынша тарихи оқиғалар орын алған. Мәселен, Қазақстанда жасанды жүректі ауыстыру операциясы ең алғаш осы Астана қаласында өткен. 2017 жылдың соңында, Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың басшысы Юрий Пяның басшылығымен өткен отада жүрек функциясының ауыр жеткіліксіздігінен зардап шеккен 60 жастағы пациентке терминалдық кезеңде жасанды жүректі имплантациялау жүргізілді. Және елорда болмай тұрып небары қалада 275 мың адам өмір сүрсе, бүгінде оның тұрғындарының саны 1 миллионнан асқан.
Мәриям ӘБСАТТАР