Баға Бурабайға қарай бастырмайды

Абай ОМАРОВ (коллаж)

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының қызметкерлері биыл туристерді тағы бір тосын сыймен таңдандырмақ. Көп ұзамай көлді айнала төселген жаяу жүргіншілер жолының әрбір жүз қадамына мәрмәр тастар қойылады. Оған белгілі ақын-жазушылар мен сал-серілердің қанатты сөздері қашалып жазылмақ. «Бұл – Абылай хандық құрған қасиетті мекеннің табиғатына тамсанып, тарихына терең бойлауға септігін тигізеді» дейді мамандар.
«Сал-серілердің бір шумақ өлеңдерін жазамыз. Үшеуі дайын тұр: Біржан сал, Ақан сері, Сегіз серінікі. Оның тақырыбы мынадай: ынтымақ, табиғатты қорғау, ұлттық құндылықтар. Жалпы, елу шақты тас болады», – дейді «Бурабай» МҰТП директоры Әліби Ғазиз.
Ендеше, мұны адамның көкіреккөзін оятып, қоршаған ортаға деген сезімін селт еткізер заманауи соқпаққа теңеуге әбден болады. Бұл – Бурабайды отандық туризм кластерінің көшбасшысына ай­нал­дыру мақсатында қолға алынып жатқан игі ша­ра­лардың бірі. Бірақ мамандар осы мақсатқа жету үшін демалыс мәдениетін білмейтіндермен де кү­рес­ті күшейтпекші. Ол үшін биыл тіпті Астананың бас­тамасын да қолға алу ойда бар көрінеді. Яғни жағажайда сағыз қалдықтарын тастап, соқпақ жолда былш-былш түкіретіндерге шара қолданылуы мүмкін. Өйткені осы орман дүниесіне жасалатын орасан зиянның иесі де – сол серуен құрушылардың өздері. Оның бірі өрт болса, екіншісі – қоқыс тастау. «Әсіресе тілсіз жаудың зардабы оңай емес» дейді мұндағылар. Былтыр Бурабай орманында 70-ке тарта әртүрлі өрт болған. Сондықтан тілсіз жаумен күреске мұнда үш өрт сөндіру депосы мен бір тікұшақ сақадай сай.
Туристік кластердің ең сәтті аймағы саналатын Бурабай баурайында Елбасы жарлығымен арнайы экономикалық аймақ құрылған болатын. Шортанды көлінің жағалауында әлемдік деңгейдегі бірегей туристік ойын-сауық кешені құрылуда. Ауқымды жоба жеті кезеңге бөлініп, 2021 жылға дейін іске асырылады. Заманауи үлгідегі қонақүйлер, тұрғын үй кешендері мен ойын-сауық, сауда орталықтары, сондай-ақ мейрамханалар, спорт базалары мен гольф клубтары салынады. Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарлама аясында «Бурабай-Сити» орталығы бой көтеріп келеді.
Он гектар аумақты алып жатқан жерде еуропалық стандарт бойынша бесжұл­дызды қонақүй салынуда. Қазақстанда тең­десі жоқ туристік орталықтың құрылысы келесі жылы аяқталады деп жоспарланған. Бұл – осы өңірге отандық және шетелдік ту­ристерді көптеп тарту үшін қолға алынып отыр­ған шара. Айтпақшы, өткен жылы түр­киялық компаниялар бес қонақүйдің құ­рылысын бастаған. Мұнымен қатар сая­хат­шыларды көптеп тарту мақсатында был­тыр 12 демалыс кешені ашылса, биыл тағы 8-і іске қосылмақ.
«Біз шетелден келген қонақтарымызды, бесжұлдызды қонақүйлерімізбен емес, табиғаттың тұтасты­ғы­мен, экожүйемізбен таңғалдыруымыз ке­рек. Ұлт­тық паркіміздің жоспары бойынша он­дай шаруалар атқарылып жатыр», – дейді парк дирек­торы.
Сөз жоқ, өңірдегі тұтас табиғат әлеміне 2000 жылдан бері «Бурабай» мем­лекеттік ұлттық табиғи саябағы бас-көз болып отыр. Басты міндет – сұңғыла қарағайлар, биші аққайыңдар жарыса біткен ну орман мен жан-жануарларды сақтау. Саябақта өсімдіктің 757 түрі өсе­ді. Оның 95-і сирек кездесетін және жо­й­ылып кету қаупі барлар қатарына жа­тады. Бурабайға келуші қонақтарға көр­сетілетін қызмет түрі де жыл санап түрленіп ке­леді. Әсіресе экотуризмді дамытуға күш са­лынуда. Қазір Бурабайда 1000-ға жуық бұғы, осыншама елік, 300-ге жуық қа­бан тіршілік етеді. Ал сілеусін, арқар – си­рек кездесетін аңдар қатарында. Осы жан-жануарлар әлемін қорғап, ауқымын кеңейту мақсатында Бурабай қыстағында табиғат мұражайы құрылған. Мұнда аю, түз тағысы – қасқыр, тау еркесі – арқарды, құс­тың бірнеше түрін, атап айтқанда, тыр­на, түйеқұс, тотықұсты, қырдың қызыл түл­кісін, қодас, тіпті Ойсылқараны та­ма­ша­лау­ға болады. Яғни осы өлкеде мекендейтін аң­дарды көру үшін тау мен тасты аралап, орман ішін шарлап шаршамайсыз.
Хан Абылай мен Кенесарының, Ақан сері, Біржан сал, үкілі Ыбырай сияқты дүл­діл сал-серілердің мекені болған Көкше өңі­рін ер қанаты – атсыз елестету мүмкін емес. Мұнда келген туристер таза ауада ат­пен де серуендей алады. Ол үшін ақылы ат­бегілер арнайы жол бағдарын дайындап қойған.
«Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» деп ақындар жырға қосқан өлке өзінің сым­батты тауларымен ғана емес, көз тартар көл­дерімен де көрікті. Сеңдей сапыры­лыс­қан сексен көл – соның дәлелі. Саябақ ау­ма­ғында Бурабай, Шортанды, Қатаркөл, Үл­кен және Кіші Шабақты, Майбалық т.б. ірі­лі-ұсақты 14 көл бар. Мұндағы көлдердің суы, негізінен, тұщы. Демалушыларға қыз­мет көрсететін орындардың басым бөлігі де осы көлдердің айналасына топтасқан. Су­ға сүңгіп, күнге қыздырынамын деген қа­уымға сегіз жағажай қызмет көрсетеді. Сая­бақтың таңғажайып табиғатына қарап, көп­шілік бұл алқапқа әлдеқашан «Қа­зақ­стан Швейцариясы» деген теңеу беріп қой­ған. Қасиетті Көкше жерінің көрікті ме­кені  – Бурабайды білмейтін қазақ жоқ шы­­­ғар. Жыл он екі ай бұл аймақта са­уық­қой жұрттың аяғы саябырсымайды. Өлкеге қа­зақ топырағынан басқа көршілес Ре­сейдің шекаралас өңірлерінен де ат басын бұ­ратындар қарасы көбейіп келеді. Бу­ра­байға күніне 5 мыңға жуық саяхатшы ат ба­сын тірейді екен. Ал курортты аймақтың тәу­лігіне он мыңнан астам туристі қа­былдауға қауқары бар көрінеді.
Әсіресе орыстың Омбысы мен Челябі, Новосібірі мен Түменінен келетін туристер тым көп. Ертеде хан Абылайдың тағы болған орынды неше мәрте айналып, қоршауға тиын тастау – олар үшін таңсық. Жұмбақтасқа қайықпен жүзіп барып, табан тіреудің өзі – бір ғанибет. Одан қалды Оқжетпестің аңызына таңырқайды. Таби­ғат­тың өзі түзген «Ұйқыдағы батыр», «Бүр­кіт», «Түйе», «Құдыр», «Сфинкс» сияқ­­ты тас мүсіндер де серуеншіл жұрттың на­зарын аударары хақ. Қысқасы, Бурабайдың бөгде жұртқа берер әсері мол. Тіпті бұл өлкенің бір жұтым ауасын аң­сап сонау кәрі құрлықтан да келетіндер же­тіп-артылады. Айталық, Албания, Ан­глия, Норвегия мен Австриядан арнайы келетіндер Бурабайды әлемдік туристік кластер ретінде тани бастады. «Сәйкесінше соңғы жылдары Бурабайдың болмысы бұрынғыдан өзгеріп келеді», – дейді сая­бақ директоры Әліби Ғазиз. Бұған бір жа­ғы­нан мемлекет арнайы курорттық аймақ ретінде басымдық беріп, туризм саласын дамытуға қыруар қаржы құйып отырғаны үлкен септігін тигізуде.
Әліби ҒАЗИЗ, «Бурабай» МҰТП директоры:
– Қазір инфрақұрылымдар бір жү­йеге келіп, Бурабай ауылының ішіндегі инженерлік жүйелерін қалыпқа кел­тіруге үлкен шаралар жасалып жатыр. Бі­рақ бір өкініштісі, бағаның қым­бат­тығы. Оған біз араласа алмаймыз, бар­лығы – бизнестегі, жекеменшіктегі жағ­дай­лар.

Міне, туристердің тынысын тарылтатын да – осы тұс. Қазіргі уақытта курортты бел­дем аумағында 80-нен астам санаторий, 30-ға жуық демалыс үйлері, туристік ба­за­лар, 16 балаларды сауықтыру орталығы жұ­мыс жасайды. Бұл нысандарда жылына 40 мыңнан астам адам демалады. Ша­ма­мен бәрінің бағасы бір деңгейде. Мысалы, бір тәулік тұрақтағаныңыз үшін орта есеп­пен 20-30 мың теңгені санап бересіз. Оның ішіне азын-аулақ сауықтыру шара­ла­ры, үш мезгіл тамақ  кіреді. Кейбірінде ол да жоқ. Ал курортты аймақтың басқа қыз­мет түрлері үшін төлейтін ақы бөлек. Қысқасы, жақсылап демаламын десеңіз, бір күнде 40–50 мың теңгенің басына су құясыз. Есептей келгенде Бурабайдан гөрі Түркияға барып, бас-аяғы 150 мың теңгеге он күн демалып келген әлдеқайда тиімді. Міне, жергілікті жұрттың (оның көбі шенеу­нік­тер) шетелге аңсары ауып тұратыны да сон­дықтан. Ал билік өкілдерінің биз­нес­мендерге бағаны түсір деп айтуға дәр­мені жетпейді. Өйткені олар туризм са­ла­сын дамытуға үлкен үлес қосып отыр. Мы­­салы, қазір осы саладан салық есебі ре­тінде мемлекет қоржынына түсетін қар­жы көлемі – 500 миллион теңге шама­сын­да. Ал мұнша ақшаны бір айда таба ал­май­тын Қазақстанның қалтасы жұқа аза­­­маттары биліктегілер мақтап жүрген «әде­мі сервиске» сыртынан ғана қызыға қа­райды. Амал жоқ, Бурабайда тұратын жергілікті халықтың салып қойған «лашықтарына» барып түнейді. Күні бойы жағажайды жағалап, аптап ыс­тықта тау мен тасты аралап, әбден сілесі құ­рып келген адам оның ішіндегі қызмет са­пасына қайдан көңіл бөлсін?! Оның үс­тіне, бес мың теңге үшін сізге ешкім «жатып жас­тық, иіліп төсек» болмайды. Сондықтан «ла­шық» ішіндегі шағын үстелде шақтап салып алған азғана жол азықты жалмаңдап жеп, тот басқан темір төсекке қисая кетеді. Әйтеуір, далада түнегеннен әлдеқайда жақсы...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста