Баға Бурабайға қарай бастырмайды
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының қызметкерлері биыл туристерді тағы бір тосын сыймен таңдандырмақ. Көп ұзамай көлді айнала төселген жаяу жүргіншілер жолының әрбір жүз қадамына мәрмәр тастар қойылады. Оған белгілі ақын-жазушылар мен сал-серілердің қанатты сөздері қашалып жазылмақ. «Бұл – Абылай хандық құрған қасиетті мекеннің табиғатына тамсанып, тарихына терең бойлауға септігін тигізеді» дейді мамандар.
«Сал-серілердің бір шумақ өлеңдерін жазамыз. Үшеуі дайын тұр: Біржан сал, Ақан сері, Сегіз серінікі. Оның тақырыбы мынадай: ынтымақ, табиғатты қорғау, ұлттық құндылықтар. Жалпы, елу шақты тас болады», – дейді «Бурабай» МҰТП директоры Әліби Ғазиз.
Ендеше, мұны адамның көкіреккөзін оятып, қоршаған ортаға деген сезімін селт еткізер заманауи соқпаққа теңеуге әбден болады. Бұл – Бурабайды отандық туризм кластерінің көшбасшысына айналдыру мақсатында қолға алынып жатқан игі шаралардың бірі. Бірақ мамандар осы мақсатқа жету үшін демалыс мәдениетін білмейтіндермен де күресті күшейтпекші. Ол үшін биыл тіпті Астананың бастамасын да қолға алу ойда бар көрінеді. Яғни жағажайда сағыз қалдықтарын тастап, соқпақ жолда былш-былш түкіретіндерге шара қолданылуы мүмкін. Өйткені осы орман дүниесіне жасалатын орасан зиянның иесі де – сол серуен құрушылардың өздері. Оның бірі өрт болса, екіншісі – қоқыс тастау. «Әсіресе тілсіз жаудың зардабы оңай емес» дейді мұндағылар. Былтыр Бурабай орманында 70-ке тарта әртүрлі өрт болған. Сондықтан тілсіз жаумен күреске мұнда үш өрт сөндіру депосы мен бір тікұшақ сақадай сай.
Туристік кластердің ең сәтті аймағы саналатын Бурабай баурайында Елбасы жарлығымен арнайы экономикалық аймақ құрылған болатын. Шортанды көлінің жағалауында әлемдік деңгейдегі бірегей туристік ойын-сауық кешені құрылуда. Ауқымды жоба жеті кезеңге бөлініп, 2021 жылға дейін іске асырылады. Заманауи үлгідегі қонақүйлер, тұрғын үй кешендері мен ойын-сауық, сауда орталықтары, сондай-ақ мейрамханалар, спорт базалары мен гольф клубтары салынады. Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарлама аясында «Бурабай-Сити» орталығы бой көтеріп келеді.
Он гектар аумақты алып жатқан жерде еуропалық стандарт бойынша бесжұлдызды қонақүй салынуда. Қазақстанда теңдесі жоқ туристік орталықтың құрылысы келесі жылы аяқталады деп жоспарланған. Бұл – осы өңірге отандық және шетелдік туристерді көптеп тарту үшін қолға алынып отырған шара. Айтпақшы, өткен жылы түркиялық компаниялар бес қонақүйдің құрылысын бастаған. Мұнымен қатар саяхатшыларды көптеп тарту мақсатында былтыр 12 демалыс кешені ашылса, биыл тағы 8-і іске қосылмақ.
«Біз шетелден келген қонақтарымызды, бесжұлдызды қонақүйлерімізбен емес, табиғаттың тұтастығымен, экожүйемізбен таңғалдыруымыз керек. Ұлттық паркіміздің жоспары бойынша ондай шаруалар атқарылып жатыр», – дейді парк директоры.
Сөз жоқ, өңірдегі тұтас табиғат әлеміне 2000 жылдан бері «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы бас-көз болып отыр. Басты міндет – сұңғыла қарағайлар, биші аққайыңдар жарыса біткен ну орман мен жан-жануарларды сақтау. Саябақта өсімдіктің 757 түрі өседі. Оның 95-і сирек кездесетін және жойылып кету қаупі барлар қатарына жатады. Бурабайға келуші қонақтарға көрсетілетін қызмет түрі де жыл санап түрленіп келеді. Әсіресе экотуризмді дамытуға күш салынуда. Қазір Бурабайда 1000-ға жуық бұғы, осыншама елік, 300-ге жуық қабан тіршілік етеді. Ал сілеусін, арқар – сирек кездесетін аңдар қатарында. Осы жан-жануарлар әлемін қорғап, ауқымын кеңейту мақсатында Бурабай қыстағында табиғат мұражайы құрылған. Мұнда аю, түз тағысы – қасқыр, тау еркесі – арқарды, құстың бірнеше түрін, атап айтқанда, тырна, түйеқұс, тотықұсты, қырдың қызыл түлкісін, қодас, тіпті Ойсылқараны тамашалауға болады. Яғни осы өлкеде мекендейтін аңдарды көру үшін тау мен тасты аралап, орман ішін шарлап шаршамайсыз.
Хан Абылай мен Кенесарының, Ақан сері, Біржан сал, үкілі Ыбырай сияқты дүлділ сал-серілердің мекені болған Көкше өңірін ер қанаты – атсыз елестету мүмкін емес. Мұнда келген туристер таза ауада атпен де серуендей алады. Ол үшін ақылы атбегілер арнайы жол бағдарын дайындап қойған.
«Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» деп ақындар жырға қосқан өлке өзінің сымбатты тауларымен ғана емес, көз тартар көлдерімен де көрікті. Сеңдей сапырылысқан сексен көл – соның дәлелі. Саябақ аумағында Бурабай, Шортанды, Қатаркөл, Үлкен және Кіші Шабақты, Майбалық т.б. ірілі-ұсақты 14 көл бар. Мұндағы көлдердің суы, негізінен, тұщы. Демалушыларға қызмет көрсететін орындардың басым бөлігі де осы көлдердің айналасына топтасқан. Суға сүңгіп, күнге қыздырынамын деген қауымға сегіз жағажай қызмет көрсетеді. Саябақтың таңғажайып табиғатына қарап, көпшілік бұл алқапқа әлдеқашан «Қазақстан Швейцариясы» деген теңеу беріп қойған. Қасиетті Көкше жерінің көрікті мекені – Бурабайды білмейтін қазақ жоқ шығар. Жыл он екі ай бұл аймақта сауыққой жұрттың аяғы саябырсымайды. Өлкеге қазақ топырағынан басқа көршілес Ресейдің шекаралас өңірлерінен де ат басын бұратындар қарасы көбейіп келеді. Бурабайға күніне 5 мыңға жуық саяхатшы ат басын тірейді екен. Ал курортты аймақтың тәулігіне он мыңнан астам туристі қабылдауға қауқары бар көрінеді.
Әсіресе орыстың Омбысы мен Челябі, Новосібірі мен Түменінен келетін туристер тым көп. Ертеде хан Абылайдың тағы болған орынды неше мәрте айналып, қоршауға тиын тастау – олар үшін таңсық. Жұмбақтасқа қайықпен жүзіп барып, табан тіреудің өзі – бір ғанибет. Одан қалды Оқжетпестің аңызына таңырқайды. Табиғаттың өзі түзген «Ұйқыдағы батыр», «Бүркіт», «Түйе», «Құдыр», «Сфинкс» сияқты тас мүсіндер де серуеншіл жұрттың назарын аударары хақ. Қысқасы, Бурабайдың бөгде жұртқа берер әсері мол. Тіпті бұл өлкенің бір жұтым ауасын аңсап сонау кәрі құрлықтан да келетіндер жетіп-артылады. Айталық, Албания, Англия, Норвегия мен Австриядан арнайы келетіндер Бурабайды әлемдік туристік кластер ретінде тани бастады. «Сәйкесінше соңғы жылдары Бурабайдың болмысы бұрынғыдан өзгеріп келеді», – дейді саябақ директоры Әліби Ғазиз. Бұған бір жағынан мемлекет арнайы курорттық аймақ ретінде басымдық беріп, туризм саласын дамытуға қыруар қаржы құйып отырғаны үлкен септігін тигізуде.
Әліби ҒАЗИЗ, «Бурабай» МҰТП директоры:
– Қазір инфрақұрылымдар бір жүйеге келіп, Бурабай ауылының ішіндегі инженерлік жүйелерін қалыпқа келтіруге үлкен шаралар жасалып жатыр. Бірақ бір өкініштісі, бағаның қымбаттығы. Оған біз араласа алмаймыз, барлығы – бизнестегі, жекеменшіктегі жағдайлар.
Міне, туристердің тынысын тарылтатын да – осы тұс. Қазіргі уақытта курортты белдем аумағында 80-нен астам санаторий, 30-ға жуық демалыс үйлері, туристік базалар, 16 балаларды сауықтыру орталығы жұмыс жасайды. Бұл нысандарда жылына 40 мыңнан астам адам демалады. Шамамен бәрінің бағасы бір деңгейде. Мысалы, бір тәулік тұрақтағаныңыз үшін орта есеппен 20-30 мың теңгені санап бересіз. Оның ішіне азын-аулақ сауықтыру шаралары, үш мезгіл тамақ кіреді. Кейбірінде ол да жоқ. Ал курортты аймақтың басқа қызмет түрлері үшін төлейтін ақы бөлек. Қысқасы, жақсылап демаламын десеңіз, бір күнде 40–50 мың теңгенің басына су құясыз. Есептей келгенде Бурабайдан гөрі Түркияға барып, бас-аяғы 150 мың теңгеге он күн демалып келген әлдеқайда тиімді. Міне, жергілікті жұрттың (оның көбі шенеуніктер) шетелге аңсары ауып тұратыны да сондықтан. Ал билік өкілдерінің бизнесмендерге бағаны түсір деп айтуға дәрмені жетпейді. Өйткені олар туризм саласын дамытуға үлкен үлес қосып отыр. Мысалы, қазір осы саладан салық есебі ретінде мемлекет қоржынына түсетін қаржы көлемі – 500 миллион теңге шамасында. Ал мұнша ақшаны бір айда таба алмайтын Қазақстанның қалтасы жұқа азаматтары биліктегілер мақтап жүрген «әдемі сервиске» сыртынан ғана қызыға қарайды. Амал жоқ, Бурабайда тұратын жергілікті халықтың салып қойған «лашықтарына» барып түнейді. Күні бойы жағажайды жағалап, аптап ыстықта тау мен тасты аралап, әбден сілесі құрып келген адам оның ішіндегі қызмет сапасына қайдан көңіл бөлсін?! Оның үстіне, бес мың теңге үшін сізге ешкім «жатып жастық, иіліп төсек» болмайды. Сондықтан «лашық» ішіндегі шағын үстелде шақтап салып алған азғана жол азықты жалмаңдап жеп, тот басқан темір төсекке қисая кетеді. Әйтеуір, далада түнегеннен әлдеқайда жақсы...