Әу баста әжетханалар ақылы бола бастағанда мұндайды көрмеген көпшілік жағасын ұстаған. Кеңестік дәуірде майда-шүйде болып саналатын бұл қызмет түрінің тегін екеніне әбден үйреніп қалғандықтан таң көрінгені де рас. Нарықтың алпауыт көмейі талай тегін дүниені «жұтып жіберіп» тиыннан теңге құралатынын мықтап үйретті. «Есектің артын жуса да мал табу керектігін» ұғындырғандай да. Расында ұсақ-түйек болып көрінгенімен нағыз табысты бизнес көзі дейді білетіндер. Оңтүстіктегі белгіленген баға 20 теңгеден аспайтын бұрын. Бүгінде 30 теңгеге қымбаттады. Осындай майда қадамдап-ақ, күніне мыңдаған табыс түсіріп, май шайқап отырғандар жетерлік. Расында бүгінде дәретхана бизнесінің дәурені жүріп тұр десек артық айтқандық емес. Өздерінің бизнесін айтуға ұялатындары «дәретхана қағазын шығарамыз» деп жақаурататыны рас. Ұялатын түгі де жоқ. Осы әжетханаларының арқасында мыңғырған мал айдаған миллионерлер баршылық бүгінде.
Дәурен Төребеков те әу баста әжетхана бизнесімен айналысып көрмек болғанында көп ойланған. Бұл идеяны шетелге барып келген бір танысы айтқан болатын. «Көпшілік күлер естісе» деп әу баста ат-тонын ала қашқанымен басқа істейтін кәсібі де жоқ болатын. Институттың табақтай дипломы сандық түбінде сарғайып жатқалы қашан. Сөйтіп амал жоқ, белді буып, білекті сыбанып кірісіп те кетті. Әуелгіде қаланың шет жағындағы кішігірім базардан құжатын түгендеп жүріп әжетхана тұрғызды. Сылақ, әрлеу жұмыстарының бәрін де өз қолымен жасады. Кісі еңбегін пайдалану қайда. Оған артық ақшасы жоқ. Соның өзіне ауылдағы бар малын сатып келгендегі ақшасы да түгесілуге айналған. Жыл сайын өсім беретін малды сатқанында «не үшін, не істемексің» деп сұрағандар көп болды. Қолын шошайтып күліп жүрмесін деп өзінің жоспарын жайып салудан тартынғаны бар. Сонымен әжептеуір әрленген әжетханасы көпшілікке қызмет көрсете бастады. Ол кезде кіру құны 10 теңге ғана болатын. Соның өзінде әжептеуір пайда түседі екен. Айналдырған бір-екі айдың ішінде шыққан шығынын өндіріп алды. Ары қарай тасы өрге домалай бастады. Пәтер жалдаудан құтылып, үй сатып алды. Баяғы дымға жарымай жүретін күндерімен осылай қошатасқан-тын. Бизнесін ары қарай өркендету үшін тағы бір базардан жер алып әжетхана соқты. Екеуінен түсетін табыс толағай болмаса да кедеймін деп жылануға жібермейтіндей-ақ. Анау-мынау бизнесменмін деп жүргендердің табысын он орап аларлықтай. Негізі осы кәсіп түрімен айналысатындар базар орталығынан ашуды жөн көреді дейді кейіпкеріміз. Өйткені халық көп баратын орын болғандықтан табыс та қомақтылау.
Егер дәл осы кәсіп саласынан бағымды сынап көрем деушілер болса, осы нысан аз ақша тұрмайды. Кемі 10 мың АҚШ доллары көлемінде. Ірі қалаларда одан да қымбат. Бірақ шығарған шығынды бірнеше айда-ақ өтеп алуға болады екен. Аты ұяттау болғанымен де табысы мол кәсіп. Қарныңыз ашса аз-маз азықпен амалдайсыз, ал әжет қысса амал жоқ өтейтін жер іздеп кететініңіз анық енді. Дәуреннің ендігі ойлап жүргені көше бойларына не болмаса жер асты өткелдерінде әжетхана ашу болып отыр. Өйткені көшеде дәрет қысса шынында да «барар жер, басар тау» қалмайды. Расында бүгінде көшелерде, не болмаса тұрғын үйлердің қалқасында әжетхана деген атымен жоқ. №1 қажетті нысанды салуды ешкім ойға алмайтындай. Іші ауырғандардың бәрі базардың айналасынан шықпауы керек пе сонда? Қызық, ә. Ойда-жоқта көшедегі жеке бір кеңсеге кіре қояйын десеңіз күзетшілері ит қосып қуары анық. Сондықтан да егер рұқсат берсе көшелердің қалтарыс тұсынан әжетхана ашсам деген ойы да жоқ емес. Кәсібінің көзі болғаннан кейін ол сапасына көп мән береді. Нанын адалдап табуды мақсат тұтады. Иісі мүңкіген, тазалықтан жұрдай орын болғанын қаламайды. Артық шығын болса да еден жуушы алып, әжетхананың тап-таза болуын үнемі қаперден шығарған емес. Кіріп шыққандар қарғап емес, алғыс айтып кетсе дейді. Енді теңге төлеп отырғаннан кейін сапалы қызмет көрсету міндеті. Табыс табам деген адамға тиынның өзінен-ақ теңге құрау қиын емес екендігіне дәлел осы...