Азайды соңғы кезде байғұс бөкен...
«… Азайды соңғы кезде байғұс бөкен,
Мың-мыңдап баяғыда жүреді екен.
Бұл күнде келе жатқан жолаушыға,
Кез келеді анда-санда саяқ некен...
«Ақсақ киікті» жазған Сәкен ақын бөкеннің басына үйірілген бүгінгі бұлтты көрсе, өлеңін қалай өрбітері неғайбіл. Бір білеріміз – ол кездің аңшысы қанағатшыл болатын. Азығы үшін бірді-екілі бөкен атып, аяусыздыққа бармайтын. Ал қазіргінің ашкөзі (аңшы деуге ауыз бармайды) дала еркесіне ата жауындай өштікпен қарайды. 1960 жылдары 2 миллионнан асқан жануардың санын реттеу қажеттігі туды. Сол кезде арнайы құрылған киік аулайтын мекемелер дүкен сөрелеріне жеңсік етті көптеп шығарғаны аға буынның есінде. Тіпті осыдан жиырма жыл бұрын қазақ даласын 1 млн 400 мың бас бөкен мекендеген-тұғын. Қазіргі қалғаны – 90 мың, яғни он үш есе (!) кеміп кеткен.
Оның 53 мыңы Бетпақдала жазығын мекен етсе, бес мыңға жуығы Үстірт популяциясына кіреді. Үстірттің киігі 50 пайызға азайған. Өйткені қыстауға өзбек еліне кетіп, көктемде біразы кері қайтпай қалады, обалы сол жердегі қаскөйлердің мойнында. Қалған 31 мың бас ақбөкен Еділ мен Жайық өзендері аралығында жайылады.
Жұп тұяқты жануардың басты жауы – адам. Жүйрік көлік мініп, мерген мылтығын иыққа ілген «мықтылар» аспан асты елінде пантокрин деп аталатын дәрі жасалатын құнды мүйізі үшін ақбөкенді баудай түсіріп жатыр. Өткен жылы республикада осылайша 350-ден аса жануар қаскөйлер қарауылына іліккен. Мықты деуіміз тегін емес. Киікті көбіне «көйлегі көк, тамағы тоқтар» аулайды. Шынтуайтында, қарапайым ауыл адамының оған мүмкіндігі де, қызығушылығы да жоқ. Жапан түздің тағысына табанын ауыртқанша, қорасындағы қойды қолай көреді. Рас, киік атқандарға салынатын айыппұл мөлшері аз емес. Тіпті айрықша залал келтіргендерді торға тоғыту жағы да қарастырылған. Бірақ іс жүзінде мүйіз тапсырып, миллиондап ақша табатындарға ол соманы төлей салу түк те емес. Жануардың жазығына қалғаны үшін жазаланып, түрмеде отырғандар жоқтың қасы.
Браконьерді бұлтартпайтын айғақпен ұстау аз. Әрі қарай оның кінәсін дәлелдеу қиын.
Дегенмен ештен кеш жақсы. Ақбөкен 2006 жылы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілді. Сол жылы киікті қорғауға тұңғыш рет 200 млн теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда бұл мақсатқа жылма-жыл қаралатын қаржы 300 миллионға жуық. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2010 жылғы 10 қарашадағы №704 бұйрығымен ел аумағында ақбөкендерді аулауға 2020 жылға дейін тыйым салынды. Алынған шаралардың алғашқы нәтижелері жаман емес. Әйтсе де жағдай күрт түзеліп кетеді деуге әлі ерте. Бөкеннің Еділ-Жайық популяциясының басым бөлігін мекендейтін Батыс Қазақстан облысында биылғы киік санағы мамандарды тағы да ойландырып тастады.
Қайрат ҚАДЕШЕВ, БҚО орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясының бастығы:
– 12 мың басқа жуық киік сәуірдің аяғында облыс аумағындағы үйреншікті жерлеріне келген еді. Бірақ көп кешікпей түгелімен Ресей Федерациясының аумағына өтіп кетті. Бұл үрдіс соңғы үш жыл қатарынан қайталануда. Негізгі себеп – су көздерінің тартылуы мен жайылымның тарылуы болуы мүмкін. Киік – шыдамсыз жануар. Шыбын-шіркейдің көптігі де бұған ықпал етуі мүмкін. Өз тарапымыздан ресейліктерге хат жолдап, бөкендерге қамқорлық жасауды өтінген едік. Таяуда Саратов облысынан ақпарат алдық. Алты мың бас киік төлдеген, аман-сау. Күні бүгін 300-ге тарта жануар облысқа қайтып оралды.
Адамнан бір, аурудан екі теперіш көрген
Екі аяқтының озбырлығына осылайша тыйым салуға болар. Алайда соңғы бір-екі жылда киіктердің белгісіз дерттен қырылып қалу фактілері жиілеп кетті. Кеше ғана Қостанай облысының Жангелдин ауданы аумағынан 120 бас киіктің өлігі табылғаны мәлім болды. Сәуірдің 27-сі күні «Союз ТМА-22» ғарыш кемесінің қону аппаратын қабылдаған Қостанай топырағына улы заттарды әуе кемесі әкелуі мүмкін деген жорамал да жоқ емес. Жангелдин аудандық әкімдігіне қарасты ауылшаруашылық бөлімінің бастығы Руслан Құлетовтың айтуынша, кеме қонған жерде жайылған жануарлар уланудан өлген. «Киіктер сол жердегі химиялық заттармен ластанған шөпті жеген. Содан кейін осындай оқиға орын алды», – дейді бөлім бастығы. Қазір отандық мамандар киік өлімінің неден болғанын зерттеуде.
Бөкендердің белгісіз жағдайда ажал құшуы бір бұл емес. 2010 жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында 12 мың бас киік кенеттен өліп қалды. Арнайы құрылған комиссия оның себебін пастереллез (топалаң) дертімен байланыстырды. Десе де, көпшілік көңілінде әлі күнге дейін күдік сейіле қоймағаны шындық. Эколог мамандар бөкендер ажалына облыс аумағында орналасқан Ресейдің Капустин яр полигонында жүргізілген сынақтар әсер етуі мүмкін екендігін жоққа шығармайды.
Кәкен КӨБЕЙСІНОВ, «Нарын» қоғамдық қозғалысының жетекшісі:
– Мұндай оқиға тек бір бұл емес. Қазақстанның әр түкпірінде бұрын да қылаң берген көрініс. Мысалы, 1984 жылы – 250 мың бас, 1981 жылы – 180 мың бас, 1988 жылы 500 мың басқа жуық киік қырылды. Жануарлардың өлу себебін анықтаған комиссия сол уақыттарда бар кінәні баяғы пастереллезден іздеген еді. Менің ойымша, Батыс Қазақстандағы киік өліміне Азғыр және Капустин яр полигондарындағы сынақтардың әсері болуы әбден мүмкін. Азғырда жерасты ядролық жарылыстары жасалса, Капустин ярда қазір де жаңа қару түрлері сыналады. Бұл полигондардың ашылғанына 70 жылға жуықтады. Осы мерзім ішінде ауа, топырақ пен судың әбден ластанғаны ақиқат. Алдағы уақытта киік өлімін болдырмас үшін мәселеге кешенді тұрғыдан келген орынды.
Бөкеннің жаппай төлдеуі мамырдың бірінші жартысында өтеді. Бұл кезде күн салқындап, жауын-шашын көп болады да, оны қазақ халқы «Құралайдың салқыны» деп атайды. Киік көбіне егізден, кейде үш лақ та туады. Ақбөкендер өсімдіктердің 80-нен астам түрімен қоректенеді. Әдетте табынды текелері емес, ұрғашы киік бастап жүреді. Жаңа туған лақтар жарты сағаттан кейін енесін еміп, екі-үш сағатта аяқтанып кетеді. Киіктердің тағы бір ерекшелігі – ешқашан жетім қалған лақтарын далаға тастамайды. Далада келе жатқан кез келген киік жолынан маңырап шыққан құралайды кездестіре қалса, жанына барып емізіп, өзімен ертіп әкетеді.