Автокреслоның айқайы медициналық қобдишаға ұласты
Естеріңізге сала кетсек, 11 қаңтардан бастап көліктегі медициналық қобдишаның жаңа құрамы туралы бұйрық күшіне енді. Алайда, көлікте болуы тиіс жаңа медициналық қобдиша сатылымда атымен жоқ. Өйткені, ондай қобдишаны дайындауы тиіс Шымкенттегі дәрі-дәрмек шығаратын зауыт үлгере алмай жатқан көрінеді.
Енді көлігіңізде дәл осы құрамдағы медициналық қобдиша болмаса, жол потрульдік полиция қызметкері айыппұл салуы ғажап емес. Полиция қызметкерлерінің бәрі бірдей ескертумен шектеледі дегенге сену қиын. Әрине, егер айыппұл салып жатса, оларды кінәлай алмайсыз. Өйткені, бұйрық күшіне енді. Ал оны орындау әрбір жүргізушінің міндеті.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің хабарлауынша, жаңа медициналық қобдиша екі-үш айсыз дайын болмайтын көрінеді. Сонда жоқ затқа қатысты бұйрық күшіне енген бе? Алдымен жаңа медициналық қобдишаны дайындап алып, сонан соң бұйрық шығаруға болмай ма? Жоқ нәрсеге қатысты заң шығару бізде ғана шығар?! Тұрақ жоқ, алайда оған қатысты заң шығады (халықтың наразылығынан кейін күшін жойды). Медициналық қобдишасы жоқ, алайда оған қатысты бұйрық бар. Автокресло жоқ, бірақ оған қатысты заң бар (қоғамда талай қайшылыққа тап болып, дау туындатып тұрған заң).
Әр жүргізушінің көкейінде «Медициналық қобдишаның құрмын өзгерту не үшін қажет болды?» деген сауалдың тұрғаны анық. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі фармацевтикалық қызметті көрсету басқармасының басшысы Гауһар Райымқұлованың айтуына қарағанда, автокөлікте дәрі-дәрмекті сақтау қиын. Себебі дәрілік заттардың көбі белгілі бір температуралық режимде сақталуы тиіс. «Сондықтан да бұл жолғы медициналық қобдишада дәрілік заттар емес, орау-таңуға арналған құралдар енгізілді» дейді министрлік өкілі.
Ережеге сәйкес жаңа медициналық қобдиша құрамында: Сутегі тотығының 3% ерітіндісі, зарарсыздандырылған дәке, медициналық сулықтар, таңу пакеті, медициналық гигроскопиялық мақта, қан тоқтататын резеңке, медициналық жапсырма эластикалық түтікшелі бинт және медициналық қолғаптар мен ұшы доғал қайшы болу қажет.
Жаңа медициналық қобдишаның екі-үш айсыз дайын болмайтынын айтқан ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі фармацевтикалық қызметті көрсету басқармасының басшысы «көліктің дәрілік қобдишасына қажетті жаңа құрамды жеке-жеке сатып алуға болады. Тек ол медициналық өнімдер тіркелген болуы шарт. Ал оның құрамын әзірге ешкім тәптіштеп тексермейді» - дейді. Тек министрлік өкілінің бұл сөзін көліктегі медициналық қобдишаны талап етуші орган қызметкерлері ескерсе игі. Оны уақыт көрсете жатар.
ІІМ өкілдері болса, «полиция қызметкерлері қазірше медициналық қобдишаның бар жоғын ғана тексереді, оның құрамын тексермейді» дейді
Министрлік мәліметіне қарағанда, медициналық қобдишаның бағасы шамамен 2500 теңге болады.