Алматы облысының Райымбек ауданында шағын ғана Жылысай деген ауыл бар.
Бүгінде Жылысай ауылының ақсақалдар алқасын Болат Таубалдыұлы басқарып отыр. Ауыл ақсақалдары жастар тәрбиесіне әсіресе жеткіншектердің түрлі келеңсіз әрекеттерге бет бұрмауына, дұрыс тәлім-тәрбие алу мәселесі жөнінде келелі кеңестер өткізіп тұрады. Сонымен бірге ауыл тұрғындары арасындағы дау-дамайлардың әділ шешімін табуға жәрдемдесу жөнінен көрсетер көмегі аз емес. Ақсақалдар алқасының жұмысы мұнымен ғана бітпейді. Елбасымыздың Жолдауларына қолдау көрсету, жүрген жерлерінде халыққа Президенттің атқарып жатқан игі істерін айта жүру, мемлекет көлемінде шешімін тауып жатқан күрделі мәселелерді таныту да – осы ұйымның құзырында.
Болат ТАУБАЛДЫҰЛЫ, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы:
—Жас ұрпақты ұлтжанды, отансүйгіш етіп тәрбиелеу, ата-баба дәстүрін ұғындыру – қарттарымыздың қашаннан қанына сіңген әдеті. Осы ретте ауыл ақсақалдары алқасы жергілікті құқық қорғау органдарымен, мектеп ұжымымен жиі бас қосып, жастар тәрбиесі төңірегінде жиналыстар өткізіп тұрамыз. Шағын елді мекен болғанымызбен, бұл ауылдың да өз еркесі мен серкесі, мақтаныш етер ұл-қызы мен бұзығы қатар жүретіні рас. Алайда әлгіндей басқосуларды жиі өткізуіміздің арқасында ауылда жастар қылмысы азайып, ұрлық-қарлық біршама төмендеді. Оның үстіне, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға ұдайы көмек береміз. Бұл да қылмыстың азаюына мейлінше септігін тигізетіні анық. Себебі – нанын таба алмаған адам ұрлыққа, тонауға, тіпті кісі өлтіруге дейін баруы ғажап емес. Ал біз осының алдын алуға тырысамыз. Жұмыссыз отбасының ең болмаса бір мүшесіне жұмыс тауып беруге күш салудамыз. Қазір ауылда Мойнақ су электр стансысы іске қосылып жатыр. Ауылымызда электр стансысының салынуы елді мекеннің инфрақұрылымын жақсартып, халықтың тұрмыс деңгейін көтереді. Ақсақалдар ықпал етіп жастардың біразын сол жерге орналастырдық. Бұл аз да болса қылмыстың, заңбұзушылықтың алдын алуға септігін тигізері даусыз. Мектептерде ата-аналар кеңесі құрылып, оған төрағалар сайланған. Жоспары мектеп басшылығымен келісіліп жасалған. Мұнымен бірге ауылдық ата-аналар кеңесі де жұмыс жасайды. Ауыл мектептерінде ұлттық тәрбие беру орталықтары, әжелер, аталар алқасы жас ұрпаққа қалыптасқан заманауи білім берумен қатар, өткен заман мәдениетін, салт-дәстүрін оқушылар бойына сіңіріп, қалыптастыруда ақсақалдар жұмысының маңызы өте зор. Әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі, әженің ұрпаққа өнегесі туралы шаралар ұдайы күн тәртібінде ұсталып келеді. Ұрпаққа құқықтық тәрбие беріп, ізгілікке баулу да – тұрақты нысанада.
Онымен қоса ауыл ақсақалдары Жеңістің 65 жылдығына байланысты ауылдағы соғыс пен тыл ардагерлерінің аты-жөнін тасқа қашап жазып, ескерткіш тақта орнатқан екен. Сондай-ақ демеушілер іздеп, ауылда мешіттің бой көтеруіне де ықпалын тигізіп отырған көрінеді. Ол-ол ма, тіпті ауыл жолының жөнделуіне, су құбырларының тартылуына ауыл ақсақалдары ерекше үлес қосып отыр. «Өткен жылы бізге жаңадан су құбырлары тартылып, ауыл толығымен сумен қамтамасыз етілді. Ауыл жолдарының да жөнделуі біртіндеп ретке келуде», – дейді Болат аға.
Сонымен қатар Болат Таубалдыұлы майданда қайтыс болған әкесінің атынан мектеп оқушыларына арнайы стипендия тағайындауды дәстүрге айналдырған. Жылда соңғы қоңырау кезінде мектепте үздік оқыған 10 оқушыға ақшалай көмек көрсетіледі екен. Дәл мұндай игілікті үрдіс еліміздің өзге де ауылдарында жүзеге асып жатса, қандай жарасымды болар еді...
Міне, «Ауылын көр де, ақсақалын таны» деген даналық сөз осындайда айтылса керек. Бүгінде ауылдық ақсақалдар алқасының қоғамдық өмірге тигізіп отырған пайдасы зор. Ауылда өтіп жатқан жақсылы-жаманды оқиғаларды сарапқа сала жүретін кемел ақыл иелері бас қосып, ақылдасып, кеңесуі – құптарлық іс. Бұл жерде гәп Ақсақалдар алқасында емес, көргені мен түйгені көп ақсақалдарды еліміздің болашақ тізгінін ұстайтын жастарды тәрбиелеу ісіне белсенді қатыстыруда жатса керек. Қалай десек те, «Дария кеуде тау мүсін, қарттарымыз аман-сау жүрсін» деп тілейік!