Міне, Жастар жылының тұсауы кесілді. Бұл – жанамын дейтін талай жүрекке от беретін жыл. Бұл – осынау өмірден өз орнын тапқысы келетін замандастарыма даңғыл жол ашқан айтулы жыл болмақ. Жастар саясатын оңтайландыру бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отырғаны белгілі. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде Жастар ресурстық орталықтары ашылуда. Бүгінгі таңда Алматы қаласында үш осындай орталық жұмыс істейді. Әр орталықта бес қызметкерден бар. Биыл тағы бір Жастар ресурстық орталығы ашылады. Бұл да бізге келіп қосылар үлкен күш.
Біз жастардың азаматтық бастамаларын, рухани-адамгершілік, зияткерлік, шығармашылық және дене күш-қуатының әлеуетін дамыту жолында жұмыс істеп жатырмыз. Біз жастарға психологиялық көмек те бере аламыз, жұмыс табуына мұрындық боламыз, жаңашыл идеялары мен жобалары болса, оны ары қарай дамытып әкетуіне жол сілтейміз. Соның ішінде қаланың шеткі аудандарында тұратын ауыл жастарын, маргинал жастарды қолдау жолында жоспарлы түрде жұмыс істеп келеміз. Жастар туралы мәліметтерімізді үнемі жаңартып отырамыз. Жалпы, біздің орталық жастардың қоғамнан тысқары қалмай, керісінше етене араласуын қамтамасыз етіп отырады.
Жұмыссыз ретінде тіркелген, қолында дипломы бар, бірақ өзін ол салада таба алмаған, енді басқа бір мамандықты игергісі келетін қыз-жігіттер болса, соларға бағыт-бағдар беріп, олардың қалауы бойынша ағылшын, компьютер курстарында, тігіншілікке тегін оқуына жағдай жасаймыз. Курсты бітірген соң оларға арнайы сертификат беріледі. Бәлкім, араларында өзінің тігін цехын ашып, кәсібін дөңгелетіп әкететін жастар болуы да мүмкін ғой. Біз жастар мен жұмыс беретін компаниялар арасын жалғап, бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұйымдастырып отырамыз. Сосын өзіміздің есебімізде тұрған жастардың жұмыс тапқан, таппағанын да қадағалап отырамыз. Оларды «Даму», «Атамекен», «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өкілдерімен «дөңгелек үстел» басында жүздестіріп, өздерін толғандырып жүрген сауалдарына жауап алуына жағдай жасаймыз.
Елбасы кешегі «Тәуелсіздік ұрпақтары» жиынында «Жас маман» бағдарламасын әзірлеуді жүктеді. Сондай-ақ, ауылға барған жастардың жәрдемақысын көбейтуді тапсырды. Міне, жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, демалыс және басқа да мәселелерін жүйелі түрде шешуге бұрынғыдан да пәрмен берілетіні анық. Ал біз де өз тарапымыздан бұл іс-шаралардың дер шағында атқарылуына қолдау көрсетуге әзірміз.
Баян ӘЛТАЙ,
Жастар ресурстық орталығының үйлестірушісі