Аула сыпырушылардың жағдайын кім ойлайды?
Аула сыпырушы... Бұл – біздің қоғамда әлі дұрыс бағаланбай келе жатқан кәсіп түрлерінің бірі. Оған көпшілік бармайды. Бірақ оларсыз да күніміз қараң. Мәселен, аулаңыз бір күн тазаланбай қалса, қандай күйде болатынын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Сырттан келетін қонақтардан ұялатыныңыз өз алдына, есік алдына шығып демалудың өзі ыңғайсыз. Солай бола тұра, аула сыпырушының еңбегі бізде құнсыз.
250 мыңнан астам тұрғыны бар Орал қаласында 105 пәтер иелерінің кооперативтері (ПИК) құрылған. Бұларда 1600-ге жуық аула сыпырушы жыл мезгілімен санаспай еңбек етуде. Алайда мардымсыз жалақы мен лас жұмыс бұл кәсіпті кісі қызығарлық етіп көрсетпейді. Орал қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы Станислав Филипповтың айтуынша, аула сыпырушылар жұмыста көп тұрақтамайды. Себебі оның атқарар шаруасы шаш-етектен болғанымен, табысы тым аз, бар болғаны 15 000 теңге мөлшерінде. «Одан зейнетақы қорына жарна мен табыс салығын ұстағанда қалатыны – 12 мың теңгедей. Мұнша ақша төлеп, «өйт», «бүйт» деп талап қоюдың өзі қисынсыз, көбіне қосымша жұмыс ретінде жүктейміз», – дейді С.Филиппов.
Аула сыпырушыға, әсіресе, қыс мезгілі ерекше қиын. Тау-тау боп үйілген қарды тазалау кімге оңай дейсіз? Осындайда ауыр жұмысты бірнеше кісінің бірігіп атқаруына рұқсат етіледі. Сөйтіп, бір отбасы мүшелері үш-төрт үйдің ауласын бірігіп тазалайды. «Оларды іштей аяғанымызбен, қолымыздан ештеңе келмейді. ПИК-терде тек аула сыпырушылардың ғана емес, сонымен қатар, сантехник, слесарь секілді аса қажетті мамандардың да жалақылары тым төмен. Олардың жалақыларын жоғарылату үшін пәтердің әр шаршы метріне төленетін төлемақы құнын көтеру керек. Ал бұл жағдай тұрғындардың наразылығын туғызатыны сөзсіз. Қосымша қаржы көзі болмағандықтан, аула сыпырушыларға әзірге азғантай жалақыны місе тұтуға тура келіп тұр», – деп ағынан жарылды қауымдастық төрағасы.
Зоя ОЛЕСЕНКО, «Дорожник» ПИК-тің төрайымы:
– Біздегі 25 үйге 16 аула сыпырушы бекітілген. Олардың басым бөлігі зейнеткерлер, қалғандары бұл жұмысты қосымша атқарады. Жалақы аз болғандықтан, сегіз сағаттық жұмыс күнін талап ете алмаймыз. Дегенмен аула сыпырушыларымыз бізді ұятқа қалдырып көрген жоқ. Күн сайын ертелетіп, өздеріне бекітілген аумақты жинап, тап-тұйнақтай қылып қояды. Өкінішке қарай, осындай ауыр жұмыс біздің елімізде мамандық ретінде есептелмейді. Ешқандай көмек немесе ерекше бір жеңілдік те қарастырылмаған. Мысалы, зиянды өндірістегі жұмысшыларға айран, сүт секілді шаң-тозаңның зардабын жоятын тағамдар беріледі. Ал біз ондай жағдай жасамақ түгіл, азғантай жалақысының өзін әрең береміз. Келешекте ҚР «Тұрғын үй туралы» Заңына өзгеріс енгізілетін жағдай туса, аула сыпырушының мәртебесі де ұмыт қалмас деп үміттенеміз...
Бағия МҮСІПОВА, 56 жаста, аула сыпырушы:
– Ауылда тұрғанда сауыншы да болдым, ер-азаматтармен қатар трактор да жүргіздім. Жасымыз ұлғайған соң қалаға көштік. Мұнда да қарап отыра алмай, аула сыпырушылық жұмысқа кірістім. Әуелі облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының ауласын тазаладым. Кейін уақытының еркіндігіне қызығып, ПИК-терге ауысып кеттім. Қазір «Дорожник» ПИК-інен үш үй және «Шаңырақ-Медик» ПИК-інен үш үйдің ауласын сыпырамын. Бұған қосымша тұрғындармен келісіп, кейбір үйлердің кіреберісін жинаймын. Осы жұмыстардың бәрін күн сайын сағат 9.00-бен 15.00-ге дейінгі аралықта жасап боламын. Бірнеше ауланы қатар тазалағандықтан, жалақым жаман емес. Жұмысым, әрине, ауыр, бірақ, ауылда жүріп, бұдан да қиын шаруалар атқарғандықтан, бұл жұмысты аса қатты ауырлай қоймаймын. Бір сөзбен айтқанда, шыдауға болады.
Бұл кәсіп барлық жерде «еңбегі адал, еті һарамның» кебін киіп жүр ме деген оймен ғаламторды ақтарғанбыз. Еуропа мен АҚШ-та аула сыпырушыға екінші сортты адам ретінде қарамайды екен. Германияда оның айлығы 700-900 евро (біздіңше, шамамен 150 мың теңгеден аса), Австрияда 1900 евро (400 мың теңгеге жуық). Тіпті орта есеппен 17 000 рубль (80 мың теңгеден аса) алатын ресейлік аула сыпырушының көрген күні біздікінен көшілгері. Еуропадағы жоғары тазалық мәдениеті және аула сыпырушының қоғамдағы өзіндік рөлі оның жұмысын айрықша жеңілдетеді. Бір мысал, шетелде ит-мысықты серуендететін арнайы орынға жетіп үлгермей, «түзге» отырып қойған төрт аяқты достарының дәретін иелері арнайы қалақшамен пакеттеріне салып алады. Бізде ол бас қатыратын мәселе емес. Қандендерін жетектеп, мысықтарын қолтықтарына қысқан қалалықтар «еркетотайларының» қалаған жерге дәретке отыруына рұқсат ете береді. Қала берді, жасы да, жасамысы да аулада шемішке шағып, ішімдік ішкенді әбестік санамайды. Маңайын бүлдіргенін ұят көрмейді. Өйткені ол үйреншікті әдетке айналып кеткен. Аула сыпырушының «еңбегі – еш, маңдай тері – тұз» болмауы үшін алдымен қоғам түзелуі керек. Қоғам түзелсе, аула санитарының мәртебесі де көтеріледі.