Желіде Кербұлақ аудандық сот төрағасының мемлекеттік нөмірсіз жүрген видеосы тарады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Адырна" порталына сілтеме жасап.
Видео белсенді желі қолданушысы Құрмет Талапқазының парақшасында жарияланды.
Видео авторы Мұратбек есімді азаматтың айтуынша Кербұлақ аудандық сотының төрағасы (Марат Жукенов - ред.) мемлекеттік нөмірсіз жолға шыққан. Мән-жайды сұрау мақсатында жанына барғанында, сот мырза қашып кеткен.
Автор сот төрағасының артынан қуалап, үйіне дейін барды. Оқиға орнына полиция қызметкерлерін шақырып, заң бұзушыға қатысты тиісті шара қолдануын сұрады.
"180 мен басты. Үйіне дейін қуып келдім. Менде барлық видеосы бар. Қашып кеткеніне қарағанда ішіп алған секілді. Тиісті шара қолдансаңыздар. Заң бәріне ортақ" деді видео авторы.
Желіде тараған видеоға көпшілік түрліше пікір білдіруде. Бірі істі аяғына дейін қудалаған Мұратбек есімді азаматтың ісін сынап, "несі бар" десе, енді бірі "заң бәріне бірдей", "дұрыс жасады" деп жарыса жазуда.